№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жарақанның берген жетеуі

Жарақанның берген жетеуі

Ұлттың ұлы мұраты – білімді, саналы, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу. Адамгершілікті ту еткен, рухани құндылықтарды бойына сіңірген ел болашағының бағдаршамын тәрбиелеу барлық ата-анаға артылар аманат. Десе де, әкенің тағылымын, ананың аялы алақаны мен мейірім шапағатын көріп өскен бүлдіршін бұл жолдан айнымайды. Олай деуімізге түрткі болған Қасымбековтердің шаңырағы.

Айгүлдің өзі де көпбалалы отбасынан шыққан. Келін болып ақ орамал таққан жері де үлкен әулет. Осы шаңырақтың керегесін кеңітіп, босағасын бақытқа кенелтуді мұрат еткен ол  кішкентайы Қайсарын жақында ғана қырқынан шығарды. Қайсар бұл отанның көптен күткен қуанышы. Осыған дейін бес қыз бір ұл өсіп жатқан шаңырақта  тағы бір қамшы ұстар дүниеге келді.
– Сіздерді ел үлгілі шаңырақ дейді. Мұндай отбасы атанудың сыры неде? – дедім білгім келіп. Алтын алқалы ана да жастықтың сыр сандығын ашып, ашыла сөйледі: 
– Балалық бал дәуреніміз ауылда өтті. Ауыл тіршілігі белгілі ғой. Ертемен тұрып күбі пісіп, май шайқап, жүн түтіп, кілем тоқимыз. Киіз де бастық. Қайнаған ауыл тірлігі бізді шыңдады. Көңге нан жабатынбыз. Сүт те, ас ауқатымыз да ошақта пісетін. Көп жылдар өтпесе де қазір ертегідей еске аламыз. Өйткені заман өте жылдам қарқынмен дамуда. Ал заманның ең басты талабы білімді, зиялы ұрпақ қалыптастыру. Бүгінде бұрынғыдай тірлік жоқ. Десе де, бәсекеге қабілетті бала тәрбиелеу басты орында тұр. Біз әкесімен бар күш жігерімізді балаларымыздың тәрбиелі, білімді болуына жұмсаудамыз, – деді мейірімге толы жүздері одан сайын әдемілене түсіп.
– Ұл-қыздарыммен әрдайым ашық сөйлесемін. Білмегенін сұраудың ұят емес екенін айтамын. Олардың осы заманның көзі ашық, көкірегі ояу білімпаз жастары болуына бар күшімізді салудамыз. Баланың ең бірінші ұстазы ата-анасы. Ата-анасының арасындағы берік байланысты, сыйластықты көріп, махаббатына бөленіп өскен баладан жаман бала шықпайды деп сенеміз, – деп сөзін нақтылай түсті.
Отбасының үлкен перзенті Жансая Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универитетінің 3-курс студенті болса, Жанеркесі Ақтөбедегі Марат Оспанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік медициналық универсиетінің 1-курсын аяқтады. Нұрсезім, Нұртілеу, Ақботасы  №125 С.Сапарбеков атындағы орта мектептің үздік оқушылары. Ал Раянасы екі жаста. 
Тарихымызда Тұмар, Зарина сынды ел қорғаған батыр аналарымыз өткен. Одан беріде Шоқанның әжесі Айғаным, Абайдың әжесі Зере жан-жақты, түйдек-түйдек ойын еркін айтатын ел анасы болған. Олар тек қазан-ошақтың қамымен ғана жүрсе, осындай ұлтының ұстыны болған ұлдар дүниеге келер ма еді. Адамдықтың парызын перзентінің көкірегіне құйып, іс-әрекетін қадағалап отырған. Қазақ баласының санасына қарнының қамын емес, халқының қамын ойлауды о бастан-ақ сіңіре білген. Осы қасиеттерді бала санасына ертеден құя білген халқымыз он бестегі ұлынан ел бастайтын, сөз саптайтын би шешендер шыққан. Әрине бала тәрбиесі жайлы сөз қозғағанда анасының да көргендігі қоса айтылады. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететін аналарымыз кешегі әжелеріміздің жалғасындай. Ана атану маңдайға жазылған бақыт, десек те маңызды міндеттері де жетерлік. Соның ішінде баланың тәрбиесі құрсақтан басталған.
Шыр етіп дүние есігін ашқан сәттен сәбидің болашағын ойлаған аналарымыз оларды көпшіл болып өсуіне де мән берген. Бауырмалдық пен жанашырлық қасиеттер көп балалы отбасылардан айқын көрінеді. Жалғыз бала өзімшіл болуы мүмкін, ал көпбалалы отбасыларды мұндайға жол берілмейді.
Біз мұны көпбалалы шаңыраққа барғанда да байқадық. Менікі, сенікі демей алаңсыз ойнап отырған балаларды, үлкендерінің анасына қолқанат болып кішкентайдың жөргегін ауыстырып, үйін жинап, ыдысын да жуып айнадай етіп ұстап отырғанынан-ақ «қыздың жиған жүгіндей» деген теңеуді тапқандай болдық.
Үйдің ырысы, берекесі болып отырған жаңа босанған жас ана да перзентінің бақыты үшін әлемнің бар жақсысын көрсетуге бар, жауапкершілік жүгін білер, Жаратқанның аманатын адал аспен, тұщымды тәрбиені тереңнен беріп отыр.  
Айгүл Абдуллаева №56 орта мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі болып жұмыс істесе, жары Қайрат Қасымбеков ішкі істер органында қызмет етіп, бүгінде зейнет демалысында.  Сыйластықпен қоса сабырлықты негіз ғып отбасының іргесін берік қалаған жандар балаларының болашағынан үмітті.
Иә, шаңырағынан шаттық лебі ескен, жарастық орнаған отбасы балалырының бақытты бал дәурені шырқалған әндей жағымды. Ананың әлдиі мен әкенің әсерлі әңгімесін тыңдап өскен ұрпақ Отанын сүйер, ұлтын ұлықтар азамат болып қалыптасары хақ. Біз Қасымбековтер шаңырағынан осыны байқадық.
                                         
Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА
25 тамыз 2020 ж. 451 0