Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жаңа өндіріс іске қосылды

Жаңа өндіріс іске қосылды

Сүйінші! Жаңақорғанда баламасы жоқ өндіріс ошағы ашылды. Жаңа жоба аудан экономикасын әртараптандыру бағытын іске асырмақ. Бұған дейін көршілес облыстар мен шетелдерден тасымалданған құрылыс материалдары енді өзімізде шығатын болды. Иә, жеке кәсіпкер Мұхтар Тойымбетов басқаратын «Ернар» жеке кәсіпкерлік субьектісі шағын цехты іске қосты. Күніне 3 тонна құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын цех «Құрылыс сапа» деп аталатын брендпен танылуда. Сапасы стандарттарға сай. Ең бастысы, бағасы қол жетімді. Алыстан арбаламай, жақыннан жеткізесің. Бізге өндіріс ошағының иесі Мұхтар Тойымбетовпен сөйлесудің сәті түсті.
– Бұрынғы ПМК-34 мекемесінің өндірістік ғимаратын жалға алып жұмыс жасаудамыз. Ескі ғимарат болғандықтан ішіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Электр желісін жүргізіп, жаңа есіктер салдық. Ең бастысы, жұмысқа қолайлы жағдай жасадық. Бүгінде құрылыс материалдарының үш түрін арнайы маркамен өндірудеміз. Құйылмалы еден (наливной пол), әмбебап сылақ (шпатлевка выравнивающая), тас еден желімін (кафельный клей) шығарудамыз, – дейді кәсіпкер.
2002 жылдан бері өндіріс саласында қызмет атқарып келе жатқан Мұхтар жаңа кәсіп ашуды көздейді. Көптеген жобаларды сүзгіден өткізіп, қазіргі заманға ең қажетті құрылыс мате­риалдарымен қамтамасыз етуді мақ­сат етеді. Бұл ойын іске асару­да еңбектенеді. 2014 жылдан бері биз­нестің қыр-сырымен таныса жүріп тәжірибе жинақтайды. Бүгінде цехқа қажетті гипсті Самархандтан, химия қоспаларын Қытайдан, мрамор ұн­та­ғын Алматыдан, қағаз қабын Шым­­кенттен арнайы тапсырыспен ал­ды­руда. Ал өңдеуші арнайы құрыл­ғыны шетелдік технологияға қарап жер­гілікті мамандарға тапсырыс беріп, арнайы жасатады.
Бұрын аудан тұрғындары мұн­дай материалдарды көршілес қала­лардан жеткізіп отырған. Ал өнім­нің жергілікті жерден шыққаны жаңа­қорғандықтар үшін қолайлы бол­мақ. Өйткені базар бағасынан 40 пайызға дейін арзан алуға болады. Мәселен, тас еден желімінің бағасы базарда 1450 теңге болса, мұнда 950 теңге. Бүгінде 4 жұмысшы тұрақты нәпақасын осы жерден тауып отыр. Алда инновациялық жоба ретінде қаржылай қолдауға ие болып жатса, кәсіпорынды кеңейтіп, жұмысшылар санын арттыруды көздейді.
Жаңақорған аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Қаржыбек Бүркітбаев:
– Ауданда жаңа өндіріс оша­ғын ашып, құрылысқа қажетті мате­риалдарды шығаруды жолға қойған Мұхтар Мұзаппарұлының тың идея­сы көңіл қуантады. Жаңа өндіріс орындары ішкі нарықты отандық тауар­лармен қамтамасыз етуге ай­тарлықтай әсер етеді. Осылайша түр­лі салалар бойынша отандық өнім өнді­ріс көлемінің кеңеюі күтілуде. Бұл импорттың ғана емес, сонымен бірге экспорттық әлеуеттің кеңеюіне ықпал етеді, – деді.
Кез-келген істі бастау әрине қиындық тудырады. Оның үстіне, бұл кәсіп аудан өндірісінде тәжірибеде болмаған. Отандық өндірісті дамытып, ел игілігіне қызмет етуді көздейтін кәсіпкер болашақта цехына жер берілсе, ісін кеңейтіп, өнімділікті арт­тыруға ниетті.
Нарықтағы бәсекелестікке төтеп беріп, брендтік өнім қалыптастыруда жаңа мүмкiндiктердi iздеу, заманауи технологияны пайдалану, капиталды жұмсаудың тың салаларын iздеуді мұрат еткен Мұхтар Тойымбетовтың осы бағыттағы ізденісі қуантты. Бұл – Жаңақорған ауданында өнім өндіру ісі дамитынының бастамасы екеніне сенеміз.
18 тамыз 2020 ж. 1 988 0