№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » "Шегінбейтін жау жоқ, шешілмейтін дау жоқ"

"Шегінбейтін жау жоқ, шешілмейтін дау жоқ"


Аудандық сотының төрағасы Әлия Түбекбаеваның аудан тұрғындарына Үндеуі
Өмір болған соң адам небір қуанышты немесе кейде көңіліңе кірбің түсіретін сәттермен бетпе-бет келіп жатады.
Осындай сын сәттерде абыроймен, еңсесін тік көтеріп, қиындыққа төзгендер ғана келер күннің шуақты сәттеріне куә болатыны анық.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев еліміздің барлық аумағында төтенше жағдай енгізу жайлы Жарлық берді.
Президент пәрменімен төтенше жағдай кезіңінде қоғамдық тәртіптің сақталуы ерекше бақылауға алынып, мемлекеттік, стратегиялықжәне басқа да маңызды насандардың күзетілуі күшейтілді.
Ірі сауда орындарының жұмыс істеуіне шектеу қойылды. Ойын-сауық орталықтарының, мейрамханалардың, мәдени ошақтардың, басқа да көпшілік орындарының қызметі тоқтатыла тұрып, бұқаралық, отбасылық шараларды өткізуге тыйым салынды.Індет орын алған аймақтарда карантин енгізіліп, санитариялық-эпидемияға қарсы ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылуда.
Жарлықта арнайы көзделген тұлғаларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағына көліктің барлық түрлерімен кіруге, сондай-ақ оның аумағынан шығуға шектеулер белгіленді.
Иә, ағайын, сіз бен біз бүкіл әлемді дүрбелеңге салған індет салдарынан туындап отырған осындай шектеулерді қабылдап, төтенше жағдай кезеңіне белгіленген талаптарды мүлтіксіз орындауымыз қажет. Бұл біздің өзімізді сақтандыруымызбен қатар қоғамға, жалпы жұртшылыққа деген құрметіміз болмақ.
Алайда, бізді республика соттары тарапынан төтенше жағдай енгізілген уақыттан бастап жүргізіліп жатқан түсіндірме жұмыстарына қарамастан соттарға түсіп жатқан талап арыздардың, істердің санының азаймауы алаңдатуда. Осы жағдай белгілі болғаннан бастап ел арасындағы дауласушылықтың деңгейін төмендету, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында азаматтарға бір-бірімен татуласып, ортақ шешімге келудің маңыздылығын түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.Шынында дәл қазіргі кезең соттасатын уақыт емес, талап арыздармен сотқа осы кезеңді еңсергеннен кейін де жүгіну мүмкіндігі болады. Қазақ мұндай қисынсыздықты «жау жағадан алғанда бөрі етектен тартады» деп сынаған. Коронавирус – діттегенін алып жыққанша көзге көрінбейтін жау, ендеше, біздің ортақ жаумен емес, өз-өзімізбен алысуымызға жол болсын? Сот өндірісіне түсіп жатқан арыздар легінің толастамауы бізге осындай сөз айтқызып отыр.
Осы орайда, біз сотқа жүгінуші азаматтарға татуластыру рәсімдерінің, оның ішінде медиация, адвокаттардың жәрдемдесуімен партисипативтік рәсім тәртібімен татуласу, сондай-ақ екі тараптың өзара татуласуы арқылы бітімгершілікке келуі азаматтық дауларда таптырмайтын шешім болып табылатынына назар аударғымыз келеді.
Мысалы, отбасылық даулар бойынша көп жағдайда ерлі-зайыптылар келісімге келмесе, міндетті түрде сотқа жүгінеді.Сүттей ұйып отырған отбасындағы ерлі-зайыптылар үшін және олардың балалары үшін дау соңында табан тоздыру, әрине, жан жаралайтын жағдай, өскелең жас ұрпақтың санасында бақытты балалық шақтың жағымсыз естелігі болып қалатын қарекет. Бұл сонымен қатар бір емес, екі әулеттің көңілдеріне кірбің түсіріп, қарым-қатынастарының бұзылуына әкеп соғатын соралық. Сотта екі тараптың бір-біріне деген құрметі азайып, олар бұрынғы туысқандардан енді дауласушы тарапқа айналып, істің қай жақтың пайдасына шешілетіні туралы өзара бәсекелестікті тудырады.
Біздің айтпағымыз, соттың дауласушы екі жақтың екеуіне де пайдалы шешім шығаруы мүмкін емес. Себебі тараптардың бірі ұтылып, шешім бір тараптың мүддесін ғана қанағаттандырады.
Осы орайда дауларды жоғарыда біз атаған татуластыру рәсімдері негізінде реттеп, өзара татуласуға қол жеткізген тұлғалар әрқайсысы өзі үшін тиімді шешімге қол жеткізіп, олардың арасындағы туысқандық, достық, сыйластық, қызметтік қарым-қатынастардың сақталуына кепілдік алады.
Атамыз қазақ «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деп адамдарды мейрімділікке, татулыққа, кешірімшілдікке үндеген. «Дәлдеп атып жауды өлтір, дәлдеп айтып дауды өлтір» деп шектен шыққанды ширатып алатынын айтқан. «Мал шөпке тоқтайды, адам сөзге тоқтайды» деп ел ішіндегі ақылы асқан қариялардың уәжіне тоқтауды дәріптеген. Осы аталар жолын ұстансақ, олардың анық сөзіне құлақ қойсақ, шегінбейтін жау жоқ, шешілмейтін дау жоқ. Егер әр қазақтың отбасында татулық болса, онда төрімізге береке дарып, жүзімізде бақыт жанып, ағзамызда саулық сайран салар еді. Ондай қамалы мықты адам тәніне ешқандай вирус кірмейді. Оты шалқыған отбасынан шыққан ұрпақ ұлтын ойлайтын азамат болып өседі. Әрбір ата-ананың арманы сол емес пе?
Тәуке ханның тұсында «Жеті жарғы» деген атпен белгілі болған құқық нормаларының жинағында екі дауласқан жақ билердің істі қарауына дейін өзара келісіп, дауды шешуге қимыл-әрекет жасайтыны белгіленіп, оны «бітім», «береке», «салауат» деп атағаны тарихтан белгілі. Бітім екі жақтың келісімі арқылы, сөз жүзінде даудың аяқталуы болса, береке-айырбас немесе сатып алу туралы сөз жүзінде шарт жасасу, ал салауат немесе кешірім, дауласқан екі жақтың бір біріне талап қоюдан бас тартуы, яғни, кешірім беруі болып табылады.
Міне, біз осындай текті аталардың ұрпағымыз.
Сондықтан, дүниені дүрбелеңге салған індет кезеңінде, еліміздің барлық аумағында төтенше жағдай жарияланған сын сәттерде дауласуды доғарып, аталарымыздың сара жолымен бітімге, берекеге, салауатқа келіп, рухани баюға мүмкіндік алайық,ағайын.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Әлия Түбекбаева
Жаңақорған аудандық сотының төрағасы
02 сәуір 2020 ж. 720 0