Бекем болайық, ағайын!
Сынақ – адамның рухын бекемдеп, бәсекеге қабілеттілігін шыңдап, иманын арттырады. Адамзаттың тарихына зер салсаңыз талай-талай қиындықты еңсергенін көресіз. Расында топан су басты, мұздың құрсауында қалды, жанартау оянып, күлдің астына көмелді. Оған түрлі дауасы табылмаған індеттерді қосыңыз. Алланың сынынан сүрінбей өтіп, ұрпақ жалғап, ХХІ ғасырдың 20 жылдығына табан тіредік. Шүкір! Бірақ жаһанданған заманда кез-келген кеселдің зардабы ауыр. Қазір барыс-келіс, алыс-беріс өте жылдам уақытта орындалатын болды. Оның залалын Қытайда өршіген тәжтажалдың жылдам тарауынан көріп отырмыз. Ғылым мен техниканың дамып, жаңа белеске шыққан кезеңінде коронавирустың дауасы да табылар.
Хош! Індеттің кілтін ғалымдар мен эпидемиолог-дәрігерлер табар. Біз тарихты бағамдап, өтпелі кезеңдерде орын алған оқиғалар жайлы және одан алар сабақ жөнінде тоқталсақ.
639 жылы Таяу Шығыста оба індеті тарап, Шам даласындағы халық жаппай қырыла бастайды. Олардың ішінде әйгілі сахабалар, әскер жетекшілері Әбу Убайд, Шурахбил ибн Хасан, Язид ибн Абу Суфян және т.б бақилық болды.
Мұсылмандардың халифы Омар ибн Хаттаб (р.а) Медине қаласынан Шамды бағытқа алады. Оны Серх елді мекенінен Сирияда жауапты болған белді адамдар күтіп алып, жағдайды баяндайды.
Халиф сахабалармен ақылдасады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сенімді серігі болған Абдуррахман ибн Ауф: «Бір жерде оба шыққанын естісеңдер, ол жерге бармаңдар. Егер сен тұрып жатқан жерде оба шықса, ол жерден кетпе» деген хадисті алға тартады.
Осы сөзге тоқтаған Омар инб Хаттаб (р.а) кері қайтады.
Сонда сахабалар: «Омар, Аллаһтың тағдырынан қашып барамысың?», – дегенінде: «Аллаһтың тағдырынан – Аллаһтың тағдырына қашып барамын» деп жауап береді.
Қытайда коронавирус ошағы анықталып, алыс-жақын елдер сақтық шараларына қамданады. Осындай ұрымтал сәтте әр ел қандастарын әкетуге күш салды. Солардың ішінде бізде бармыз. Жапония Үкіметі де осының қамына кірісіп, жастарына елдеріңе қайтпайсыңдар ма деген сұрақ қойыпты. Жапон жастары: «Жоқ, қайтпаймыз, елде бұл індеттің таралуына себепкер болмаймыз!» депті. Қандай, иә?! Ұстанымдарына сүйсінесіз, бас иесіз. Нағыз мұсылманға тән қасиет емес пе?!
Міне, мұсылман деп жүрегі соққан әрбір адам үшін тәлім өрнегі осындай. Елде төтенше жағдай жарияланып, Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында карантин енгізілген кезде осыны басшылыққа алу абзал...
Әлемдерді Жаратушы Иеміз барлық аурумен бірге оның кілтін жаратады, әрі адамға береді. Оған мына хадис дәлел: «Аллаһ бір ауру жіберсе, сөзсіз артынан емдеу жолын да көрсетеді. Тек бір аурудың емі жоқ. Ол – кәрілік».
Жалпы ұлттың тарихи жады мен тағылымынан оба, қараөкпе, шешек індетімен бетбе-бет келгені белгілі. Сондай қысылтаяң кезде қоныстар мен қалаларда қара ту көтеріліп, эпидемиядан белгі беріп, қара індеттің жайылып кетуінен сақтандырып отырды.
Көненің көзін болған қариялар «таңертең есігі ашылмаған үйдің адамдары түгел кеселден қырылып қалатын» дегенді естеген едім. Шүкір, талай сын сағатынан аман-есен өттік. Бұл да артта қалар...
Ұлттық кодта жиналып, сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа берілетін осындай қасиеттерді жаңғыртып, сабырлық пен ұстамдылықты басшылыққа алып, бір-бірімізге демеу болатын кез туды.
Әсіресе нарық шарықтап, әлеуметтік азық-түлік түрлері қолдан қымбаттатылып жібермесе болғаны. Жаңақорған кентіндегі «Заңғар», «Береке», «Ғани» сауда орнының басшыларының бойында иманы кемел, бес парызды берік ұстанған қажылар. Олар ұлт ұйысатын уақытта жеке бастың қамың күйіттемей, өзге сауда орындарына үлгі көрсетіп, азық-түлік бағасы қымбаттамауына үлес қосатынына сенемін.
Үкіметтің субсидиясымен байыған қалталылар да елге қарасатын кезі келді. Ең болмағанда, қарамағындағы қызметкерді жұмыссыз қалдырмаса игі. Әшейінде көрсеткен көмегін көпке жариялап, мақтанып жүретін азаматтар шынайы қайырымдылық танытып, сауапқа кеңелсе екен.
Қадірлі ағайын, ХХ ғасырда ұлтымыз онсыз да оба, аштық, репрессия, дүниежүзілік соғыстар, т.б. тауқыметтен көз ашпай, екі есеге қысқарғанын білеміз ғой!
Бекем болайық, бір-бірімізді қолдай білейік, Қазақ Елі!
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ