Сапасыз киімге жолығып, сан соғып қалмаңыз.
Бүгінде барлық дерлік сапалы, фирмалық бұйымның көшірмесі бар. Сапасызға жолығып, сан соғып қалу қаупі басым. Бір саудагелер көшірме екенін ашық айтып, соған сай баға қойса, енді біреулері қалта қомпайтудың қамымен алдап сатудан тайынбайды. Шығын шығарып сатып алған киімнің көпке бармай не бір жуылған соң-ақ жарамсыз болып қалуын қаламайсыз ғой, иә? Ендеше, киім сапасын ажыратудың амалдарын біліп алыңыз.
Уысқа салып, умаждап көріңіз
Киімнің бір шетінен уыстап ұстап, умаждап байқаңыз. Мата бірден мыж-мыж боп шыға келсе, ол пішін ұстамайды деген сөз. Жаңа күйінде уақытша пішінін сақтауы үшін арнайы заттармен өңдеген деген сөз. Бір жуған соң-ақ пішінін жоғалтып, созылып кетеді.
Матаны созып та сынауға болады
Мата сапасын тексерудің тағы бір жолы – оны созу. Созып, қайта жібергенде бастапқы қалпына келмесе, көпке бармай-ақ олпы-солпы болатыны айдан анық. Тігісін тартып, аралығын тексеріңіз Жоғары сапалы бұйымның тігісі де берік болады. Сондықтан, екі матаның біріккен тұсын екі жаққа қарай тартып көріңіз. Егер тігіс жайылып, жалғанған маталардың арасы ашылып кетсе, сапасында шалалық бар деп біліңіз.
Егер киімде сыдырма орнатылған болса, оған да назар салуды ұмытпаңыз. Біріншіден, ол пластик емес, металдан жасалған болуы тиіс. Металл сыдырма – ең сапалы әрі ұзаққа жарамдысы. Ал, пластмасса сыдырма тез бұзылады әрі сапа төмендігінің көрінісі. Екіншіден, ашық түрде емес, беті матамен бүркеліп тігілгені дұрыс. Сыдырманың ұзындығын сәйкестендіріп байқаңыз Көйлек, белдемше, сырт киім, басқа да сыдырма салынған киімдерді тексерудің тағы бір тәсілі – сыдырма ұзындығын сәйкестендіру. Бір жағы ұзын, екінші жағы қысқа боп шығуы да ғажап емес. Бұрын-соңды көрмесеңіз, біліп жүріңіз, кей сапасыз көшірмелерде мұндай шалағайлық та кездесіп жатады.
Етек-жеңнің қайырылған тұсын тексеріңіз
Киімнің етек-жеңіндегі қайырма молынан болуға тиіс. Сапалы белдемше, шалбарларда 4 см-ге дейін барады. Жейде-көйлектерде 2 см болса жеткілікті. Ал, одан жіңішке немесе тіптен жиектеме қайырмасы жоқ, шеттері жай ғана тігіспен көмкерілген болса, бұл – қолыңыздағы заттың сапасыздығының айғағы.
Затбелгіге назар салыңыз
Киім матасының мақта, жібек, жүн сияқты табиғи материалдан болғаны жақсы. Алайда, 100% табиғи матадан тігілген киім тез созылады не шуиды. Олардың күтімі де қиын. Сондықтан 5-30% мөлшерінде вискоза, полиэстр, нейлон секілді жасанды талшықтардың қосылғаны дұрыс. Осындай материалдан тігілген киім сапалы болып, ұзақ қызмет етеді.
Мата мен тіккен жіптің тсүі бірдей болуға тиіс. Ал, мата гүлді не басқа да өрнек түскен болса ше? Ондай жағдайда сапалы киім өндірушілер бір қарағанда көзге бірден түспейтін түсті таңдайды. Ал, жіп түсі қалай болса солай таңдалса, көзге айқын көрініп тұрса, ол киімді өндірушілер үшін сапа емес, сан маңызды болғаны деп біліңіз.
Түйме де «түйедей» айғақ Сапасыз киім-кешекті дайындарда оның ұсақ-түйек бөлшектеріне мән бермейді. Ал, сынға лайық сапаны жасаушылар үшін бәрі маңызды. Сондықтан, түйме мен оның ілгегі де киім сапасынан сыр ақтаратын айғақтар. Түймесі мықты металдан жасалса, киімге берік тігілсе және ілгектің жиектерінен жалбырап жіп шығып тұрмаса ғана сапалы деп баға беруге болады.
Сырт көрінісін ұнатып сатып алған киіміңіз сапасыз болса, көп ұзамай-ақ көңіліңізді су сепкендей басады. Ал, шын сапалы киім қымбатырақ, бірақ тозбас бұрын біраз қызметін сіңіріп үлгереді. Қайсысын қалайсыз? Екіншісін таңдасаңыз, кеңестерімізді ескере жүріңіз. Сонда түпнұсқаны да, көшірмені де тап басып танисыз.