Індеттің алдын алуға болама?
Әлем елдерінде басты мәселеге айналған бұл індет желтоқсан айында Қытай мемлекетінің Ухань қаласынан таралды. Бүгінде Таиланд, Оңтүстік Корея, Жапония, АҚШ, Канада, Вьетнам, Сингапур, Тайваньда анықталған бірді-екілі науқас жабық түрде ем қабылдап жатыр.
Ғалымдар оған жаңа коронавирус деген анықтама беріп отыр. Жұмбақ вирус теңіз өнімдерімен байланысты ма деген болжам бар. Оны жұқтырғандардың көбі Хубей провинциясының Ухань қаласындағы теңіз өнімдерін сататын базарға барғандар арасында көп кездесуде.
Ғалымдар оған жаңа коронавирус деген анықтама беріп отыр. Жұмбақ вирус теңіз өнімдерімен байланысты ма деген болжам бар. Оны жұқтырғандардың көбі Хубей провинциясының Ухань қаласындағы теңіз өнімдерін сататын базарға барғандар арасында көп кездесуде.
Қытайдың медицина мамандары әуелде коронавирустың жануарлардан – адамға берілетінін ғана мәлімдесе, қазір оның адамнан – адамға жұғатынын мойындауға мәжбүр.
Бұл вирусқа тән симптомдар – тұмаурату, бас ауруы, жөтел және дененің қалшылдауы. Сонымен қатар, АҚШ-тың Ауруларды бақылау және олардың алдын-алу орталығының мәлімдеуінше, коронавирустың едәуір қауіпті түрін жұқтырғандар демігеді, қалтырайды, ал ауруы асқынған жағдайда пациенттер пневмонияға шалдығуы мүмкін.
Қазіргі таңда жұмбақ вирусты анықтау жолында сынақтар жүргізіліп жатқанымен бұл инфекцияға тосқауыл қоятын вакцинаның сынамасына айдан артық тіпті жылға жуық уақыт қажет. Сондықтан дәл қазір дертке қарсы тиянақты шара болмай тұр. Ғалымдардың сөзінше, жаңа вирус адамнан-адамға жақын байланыста болғанда, тыныс алу жолымен беріледі екен.
Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан коронавирусқа қарсы жүргізіліп жатқан шараларға тоқталсақ. Қазіргі таңда таяу шығыс елдеріндегі «Коронавирустық инфекцияның» күрделенуіне байланысты аймақта бірқатар іс-шара атқарылуда екен.
Атап айтар болсақ, инфекцияға қарсы шараларды ұйымдастыру және алдын алу мақсатында облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамовтың төрағалығымен штаб құрылып, отырыс өткізілді.
24 қаңтар күні облыстық денсаулық сақтау басқармасы аясында облыстық және қалалық ТКҚСҚБ басқармасы және медициналық ұйымдардың бірінші басшыларының қатысуымен облыстық семинар өтсе, 27 қаңтарда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында «Коронавирустық инфекцияға» күдікті науқасты қабылдау алгоритмі бойынша қызметкерлер арасында семинар-тренинг өткізілді.
Сонымен қатар, барлық медициналық ұйымдардың қабылдау бөлімі және емдеу бөлімшелеріне келушілерге «Коронавирустық инфекцияның» алдын алу бойынша түсініктеме парақшалар таратылуда.
Сондай-ақ, барлық стационарларда азайтылмайтын дәрі-дәрмек қоры, дезерітінділер және медициналық бағыттағы жабдықтар толығымен қамтамасыз етілсе, облыс бойынша науқастарды қабылдауға қосымша 190 төсек орыны дайын.
Әлемді дүрліктірген жағдай жөнінде жергілікті сала мамандарын сөзге тарттық. Жаңақорған аудандық тауарлармен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Шынар Айдарова былай дейді:
– Коронавирустың белгілері тұмау мен пневманияға ұқсас болғандықтан емдеу орындарына әрбір келген науқасты бақылауға алу жайлы қатынас хаттар жібердік. 24 қаңтарда облыстық денсаулық сақтау мамандарымен аудандық емханада селекторлық режимде семинар өтті. Бүгінде денсаулық сақтау саласының қызметкерлері білім бөлімімен бірлесіп кенттегі және ауылдық округ мектептерінде алдын алу, сақтық шаралары жайлы парақшалар таратып, түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Өзіміздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызда масканы қалай кию, әр үш сағатта оны ауыстырып отыру қажет деген секілді пайдалы ақпараттармен бөлісіп отырамыз. Ауданнан тікелей Қытайға әуе және темір жол рейстері болмағандықтан, індеттің бізге тікелей келу қаупі жоқ. Тағы бір айтарым, Қытайдың Ухань қаласында қазақтандық студенттің арасында біздің ауданнан жастар жоқ.
Маманның сөзінен соң көңіліміздегі күдік сейілгендей. Алайда күнкөріс қарекеті, сауда-саттық жайымен Қытай асып, барып-келіп жүрген 5-6 азаматтың екі апта бақылауға алынғанын білдік.
Енді коронавирустың тұмаудан ерекшелігі жөнінде аудандық емхананың дәрігер эпидемиологы Асқан Отарбеков не дейді?
– Емделушілер арасында күдікті деп танылған науқастар сүзгі арқылы өтеді. Сүзгі ол жұқпалы ауруларды басқа сырқатпен келгендерден оқшаулау бөлмесі. Коронавирустың алғашқы белгілері тұмауға ұқсас болғандықтан күдікті науқастардың барлығы оқшауланып дәрігер бақылауына алынуда. Бетін әрі қылсын бұл індетпен тіркелгендер жоқ. Бүгінде вирусқа қарсы препараттар қоры жинақталды. Дене қызуы, жөтел болғанда үйде ем қабылдамау қажеттігін ескертіп отырмыз. Мектептерде, балабақшаларда және адамдар көп шоғырланған орындарда үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуді тоқтатпаймыз.
Дәрігердің айтуынша, аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінде 35 орын дайын және жұқпалы ауруларды қабылдайтын 20 орын жасақталған. Сондай-ақ 1 ақпанға дейін науқастармен тығыз байланыста болатын дәрігерлер мен фельдшерлер арнайы оқытылады.
Сақтық шараларын қатаң ұстап, өз денсаулығымызға салғырттық танытпауды ұмытпайық.
Майра ҒАНИЕВА