» » Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін

Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін

– Менің өзім тұратын Жаңақорған кентіндегі С.Сапарбеков көшесінің көше комитеті төрағасы болып келе жатқаныма 18 жыл болады. Осы жылдар бедерінде тұрғындармен қояма-қолтық қарым-қатынастамын. Қазір осы көшедегі жанұялардың әрқайсының бет-ажары, сыр-сипаты, әлеуметтік хал-ахуалы алақандағыдай көңілімде сайрап тұр. Қанша үйде газ бар, су кіргізілген, қаншасын не қажеттілік күтіп тұр, оны шешуде не тірлік атқарылып жатыр, барлығынан хабардар болып отырамын. Бұл кешегі кеңес адамдарының қанына сіңген қасиет – «Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін» деген қағиданың жемісі болса керек.
Мені осы жауапты міндетке ұсынғанда ауылдастарым маған сенім артты. Үнімізді, тілегімізді жоғары орындарға жеткізіп отырады деп бірауыздан сайлады. Көптің сенімі зейнетке шыққаныма қанша жыл болса да жайбарақат демалуыма мұрша берер емес. Жиналыстарға жүйелі қатысып отырамын. Реті келгенде халықтың түйткілді проблемалары туралы мәселе көтеріп, күн тәртібіне ендірілуіне көп күш жұмсап келемін. Басшылықтың назарын бұрып көшеге ауыз су кіргізіп, тас төселуіне, асфальттануына жұмыс жасадық. «Нұр Отан» партиясы, мәслихат, кент әкімдігіне қайта-қайта хат жазып жүріп, көше бойын жарықтандыруға қол жетті. Жол ережелеріне сәйкес белгілер қойылды.
Ендігі міндет – осы игіліктердің жемісін көруде өзіміз де тәртіпті қатаң сақтап, заңбұзушылықтарға жол бермеуіміз керек.
Ықыласты істің баршасы – ынтымақта қазығын тіктеп қанат жаяды екен. Көше тұрындарының ешқайсысы сөзімді жерге тастаған емес. Ерте көктемнен бас қосып, көше тазалығына бір кісідей жұмыламыз. Көшеге тал егіп, өсіп тұрған тал-теректің түптерін әктеп, айналаны артық күл-қоқыстан арылтамыз.
Айтайын дегенім, көп жұмылса бітпейтін іс жоқ. Тазалықты көпекөрнеу бүлдіріп, бір-біріміздің жағамызға жармасқаннан гөрі жалпыға ортақ істе жанашырлық танытып отырсақ деймін.
Тасболат Төребаев,
көше көмитеті төрағасы
16 қараша 2019 ж. 891 0