Соңғы жаңалықтар

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

№89 (8800) 9

09 қараша 2024 ж.

№88 (8799) 5

05 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Жаңақорғандық физика пәнінің мұғалімі

Жаңақорғандық физика пәнінің мұғалімі

  Бала кезден санасында қалып кеткен естелік мынау: ауылдың үстімен ағараңдаған үйлерді артқа тастап ақ есекке арба жеккен әкелі-балалы түн ортасында ауылдан жеті шақырым қашықтықтағы «Көктал», «Шоқтал» тоғайын бетке алып кетіп бара жатар еді. Жаздыгүні әр маусым қайталанатын тірлік осы. Бұлар ғана емес ауылдағылардың барлығына осындай міндет артылған. Мемлекет малына азық дайындау деген тапсырмамен әр түтін екі тонна шөп шауып, өткізуі керек.

   Күндіз теміржолдағы қызметінен босамайтын әкесі әр түн ай жарығында пішен орып, оны арбаға тиеп, таң шапағы қызара белден бері қарай құлап үлгеруі тиіс. Жанынан бір елі қалмайтын жеткіншегі Мырзажаны бұл күндерді қалай ұмытсын?
№27 бекет болып белгіленген алақандай мекеннің үстімен арқырап ары-бері өтетін пойыздар бұл ауылға азғантай сәт қана аялдайды. Сонда да соған тырмысып үлгіріп мініп, үлкен өмірге аттанып жатар ауылдың талай жәудіркөзі бүгінде есімі елге белгілі тұлғаларға айналды.
  Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – ардагер ұстаз, «Қазақ ССР Білім беру ісінің озық қызметкері» Мырзан Жақыпов ағамыз өзінің бүгінгідей өмір биігінде өсіп-өнген атамекеннің тағылымы айрықша екенін ешуақытта естен шығарған емес.

  Әкесі Қырашбай соғыс уағында теміржолшы ретінде броньмен тылда қалдырылды. Осы салада ширек ғасыр аянбай тер төгіп, ел игілігіне қызмет жасады. Өзі көзі ашық, иманға бай, мейірбан жан осы өңірдегі дін өкілдерінен мұсылманша білімге де ықыластана ден қойды. Ұл-қыздарын да адал еңбекке тәрбиеледі.
  Ауылдағы біраз отбасы теміржолдың айналасындағы шаруадан босамайтын. Есік алдына огород салып, қауын-қарбыз өсіретін ішінара диқаншылықпен айналысатындар піскен өнімінен ел ішіндегі әр шаңыраққа тоғыз қауыннан таратып шығатын дәстүрі де есінде. Әрқайсысы 9 қауыннан бергенде жаз бойы бала-шағаның қауыннан аузы босамасы анық. Бірақ бірнәрсені бүлдірмесе бала бола ма, бір күні өздерінің ауылындағы Нұрмағанбет қалпенің (Тынымбайдың әкесі) огородына ұрлыққа түскенін ұмытпайды. Ұят-ай, ұрлық үстінде ұсталып қалды. Қараң-құраң піспеген қауындарды жұлып жатқан жерінде аталары атпен келіп қалғанда зәр имандары қалмап еді. «Балаларым-ай, бұл әлі көкпеңбек, піспеген ғой. Обал қылдыңдар ғой. Піскесін осыны сендер жейсіңдер ғой» дегенде қатты қысылып, жерге кірердей болған. Жылап жіберді. Содан кейін біреудің зәредей затына қол тигізіп көрген емес. Жетелі сөздің салмағы жеген таяқтан да ауыр келетінін сонда бір түйді.
  Анасы он саусағынан өнері тамған жан еді. Қыздарын жанына алып, айына бір түкті кілем тоқып тастайтын. Осы бейнетімен үлкен отбасын асырауда жарына көмектесіп көп демеу болды. Дайын болған қалы кілемді қапқа салып Түркістанның базарына апарып пұлдайтын да, соның ақшасына үйдегі үлкен-кішіге шақтап киім-кешек сатып алып, босап қалған қанар қабын қайта толтырып оралатын осы Мырзажаны еді.
  Ол бастауыш мектепті Аққұмда оқып, одан әрі аудан орталығындағы №51 мектепте білімін жалғады. Орта мектептен соң облыс орталығындағы педагогикалық институтқа оқуға тілек білдірген. Ауылда өзі өнеге тұтатын алдыңғы толқын қатарында Тынымбай ағасы осы оқу орнында оқып жүрген болатын. Пойыздан түсіп, мініп жататын кезде жолдары да түйісіп қалатын.
Бірде оқуын тәмамдап ауылға келе жатқан ағасына:
– Тәте, енді үйленетін қызыңыз дайын ба? – деп төтесінен сұрақ қойғаны бар.
– Мырзанжан, – деді сонда жазушы ағасы. Ойдағы өмірлік серігімнің әуелі қаңқасын құрап жатырмын, сосын іздеуге шыққан дұрыс болады-ау. Өзі бұл талабында еш адаспады. Өзінің жанын түсінетін, туыс-туғанын өзінен артық бағалап, сыйлап өткен асыл жанды жар етті.
  Мырзажан жасында химик болуды армандаған екен. Өзінен үлкен – Айжан апасы бұған физиканы таңдауға ақыл қосты.
Айжан апай өзі елге танымал математик еді. Бауырының техникаға құмарлығын байқап химиядан гөрі физикаға бет бұрғанын дұрыс көрген екен. Отбасындағы он баладан ғылымға жақын бауырларын ерте бастан танып, бағдарлап отырған да осы апалары еді.
Негізі бұл әулетке математикаға деген ерек қабілет дарыған. Аналары да есепке жүйрік болған кісі екен. Мырзажан оқуын бітіріп келген соң аудан орталығындағы №3 мектеп интернатына мұғалім болып орналасты. Бір жылдан соң әскер қатарында Прибалтикада ракета бомбасын сараптау қызметінде оператор болып тәжірибе жинақтайды. Елге оралған соң №163 орта мектебіне орналаспы, осы мектептің 25 жыл оқу ісі жөніндегі меңгерушісі болып қызмет атқарды.
  Төл мамандығы – физика пәні мұғалімі ретінде оқу процесіне ендірген жаңашылдықтары мұның есімін облысқа, одан әрі республикаға әйгілі етті.
  Отыз екі жастағы ұстаздың физика кабинетін қолдан жасақтап, жаңа үлгіде сабақ өтуі әріптестеріне үлкен тағылым мектебі болды.
Ол кезде әлі жаңа технологияның келмеген кезі, тақтаның ортасын тесіп, проектор орнатып пульт арқылы басқарумен жерді айналған ракета макетін қозғалысқа келтіріп, физикалық құбылыстарды практика жүзінде дәлелдеген өнертапқыш мұғалімнің тәжірибесі талайды таң қылғаны рас. ЗаврайОНО Мақсұт Ибрагимов жас талапты үнемі қолдап, қоштап, көмегін аямады. Мұғалімдердің республикалық слетіне облыс атынан қатысып, сол жерде көзге түсіп, қазақ телевизиясынан тікелей эфирде «Мектеп және өмір» деген хабарда сұхбат берді.
  Жас талапкерлердің физика пәніне деген қызығушылығын тереңдетуге барынша ден қойған ұстаз еңбегі ақталып, көптеген шәкірттері бүгінде техника саласында абыройлы еңбек етуде.
  Мырзан ағаны қынжылтатын жай, мектеп партасында физиканы оқыған баланың бұзылған үтікті жөндей алмайтыны, розеткамен жұмыс істеуге құлықсыздығы. Яғни, оқушы құр сабаққа қатысқаны болмаса физикадан ешнәрсе ұқпай, уақытын бос өткізіп жүр. Ол осы бағытта сол кездің өзінде оқытудың жаңаша тәсілдеріне тереңдеп зер салды. Мұғалім оқушының миына құйып беруі емес, баланың өзінше ізденуіне бағыт-бағдар беру арқылы жетелеп отырса жеткіншек көңілінде өзі көңіл қойып, ойымен зерделеген сапалы білім орнығады. Ол одан әрі оны дамыта отырып, тұлға болып қалыптасады деп түйді. Оның сол уақыттағы осы талаптары жаңа заманда Кембридждік оқыту әдісі арқылы толық қуатталып, Қазақстан мектептерінде жаппай қолға алына бастады.
Тоқсаныншы жылдардың өзінде Шаталовтың, Амоношвилидің, оқыту методикасын жетік меңгеріп, өз іс-тәжірибесіне негіз қалаған жаңашыл мұғалімнің еңбегі жоғары бағаланып Білім Министрлігінің Мақтау марапаттарына ие болды. Ол ауданымызда «Қазақ ССР халық ағарту қызметінің озық қызметкері» құрметті атағын да еншілеген бірегей тұлғалардың бірі.
Жары – Нәзігүл де аудан ағарту саласында абыройлы еңбек еткен жан. Ата-ана өз перзенттері де жолын қуып, ұстаз болады деп үміттенді. Қызы Ақмарал әке жолын қуып, ұстаз атанды. Білікті маман қазірде Тараз қаласындағы қазақ орта мектебінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары. Одан кейінгі ұлдары – Алмат пен Жеңіс түрлі салада еңбек етуде.
Немерелерінен – Әселі ерекше талантымен топ жарды. Ол Абылайхан атындағы халықаралық университетін бітірді. Бес тілді еркін меңгерген. Қазірде Қазақ-Ұлыбритания жоғары оқу орнында оқытушы.
Мырзан Жақыпов одан әрі өзі оқу саласын басқарған аудан орталығындағы №125 орта мектебінде, зейнетке шыққан соң да тәлімгерлік еткен №110 мектеп-лицейінде де жаңашылдығынан танбады. Педагогикалық ұжымнан да осыны талап етті.
Жаратылыстану пәндерін өз деңгейінде оқытуда кабинетті жабдықтау, теорияны тәжірибе жүзінде түйіндеу маңызды. Өздері кешегі кеңестік кезеңдегі алған білім жүйесінде көп артықшылықтар болғанын мойындауға тиіспіз дейді ол. Ол кездері оқушы орта мектепті бітірген аттестатпен қоса белгілі мамандық алып шығатын. Мәселен өзі 3-ші разрядты шофер және тракторист мамандығын алып шықты. Қазір ойлап отырса оның физикаға қызығушылығын оятқан да осы қабілет-қарымы екен.
Бүгінде жасы жетпісті алқымдаған ел ағасы әлі де тұғырдан түскен жоқ. Осы күн биігінен қарағанда өзі ата-анаға қарыздар. Әке баласына қырық жылға жететін қазына байлық қалдыра алмаған болуы мүмкін, бірақ өміріне жететін өнегені өз тағдырынан, маңдайдан сорғалаған маржан терімен суғарылған тап-таза тағылымынан тарқатып тастап кете алды. Ол өз ұрпағына кімге болсын жақсылық жасаңдар деп үйретті. Жақсылықтың үлкен-кішісі жоқ. Қолұшын созып, көмектесу де, қаржы-қаражаттан қарасып, қарайласу да, тіпті болмаға да тілмен демеп, жақсы сөзбен жәрдемдесуде жақсылық деп үйретті. Осыны жадына мықтап түйген перзенттері әке атына көлеңке түсірген емес.
Мемлекет экономикасының мықты локомотиві болып саналатын теміржол саласында абыройлы қызмет атқарып, қажырлы еңбегі үшін кеңестік кезеңнің жоғарғы наградасы «Ленин» орденін кеудесіне таққан ардақты жанның есімі ұмытылмай, туған жер халқының жадында жаңғыруы үшін ұрпақтары жатпай-тұрмай ізденіп, әке атына көше беру мәселесін ел басшылығы алдына қойған еді. Ол толығымен қолдау тапты. Бұл да аяулы жандар алдындағы қасиетті борыштың бір өтеуіндей.
Жұмысымды толық атқарып, зейнетке шықтым, енді жанды қинар жайым жоқ, деп жайбарақат өмір сүре алмайтын біздің кейіпкеріміз – Мырзан ағамыздың қоғамда болып жатқан келеңсіз жағдайлар жанын жай, таптырмайды. Әділетсіздікке жаны төзбейді. Әсіресе білім саласында жаңылыс қадам жасауға мүлде болмайды деп түйеді ол. Бірдің қателігінен мыңдаған ұрпақ обалына қалмасақ екен деген мазасыз ойлар қамалағанда қаламына жүгініп қоғамға ой тастайтыны бар.
Ұлы ойшылдардың мынадай айтқаны бар екен: «Адамдардың өз пікірлерінен бас тартып, өзгенің пікіріне илануын талап ету, ғылым мен өнерден мақұрым адамдарды білімді адамдарға басшы етіп тағайындау мемлекетті құрдымға жетелейтін төте жол». Тәуелсіздігін тіктеп, «Мәңгілік елге» айналуды мақсат еткен мемлекетімізде өз пікірін ашық айтып, ақиқаттың салтанат құруы жолында саналы тірлігін сарп етіп жүретін ұстаздардың ұстазы Жақыпов Мырзан сынды ағалар бізге сол үшін қымбат.

Баян ҮСЕЙІНОВА
10 қараша 2019 ж. 681 0