№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Әскерге бардың ба, жас азамат!

Әскерге бардың ба, жас азамат!


Жасыратыны жоқ, көп жігіт әскерге бару десе, ат-тонын ала қашады. Қорқа ма, әлде қауіпсіздігін ойлай ма?! Әлде жастардың патриоттық сана-сезімі әлсіреді ме? Мүмкін ата-анасынан ба? Қысқасы, осындай сауалдар төңірегінде зерттеу жасауға тура келді.


Әлемде елдің әлеуетін саралайтын статистика көп. Соның бірі әскери әлеуетін бағдарлау. Биыл Қазақстан әскери салада «Global Firepower» рейтингісі бойынша 106 елдің ішінен 80- орыннан көрінді. Оның негізгі себебі – әскерден жалтарушылардың көбейгенінен. Биылдың өзін­де 28 мың азамат отбасылық жағдайын себеп етіп, міндетін өтеуден бас тартты. Елу мыңы «жарамсыз» деп табылды. Енді әскери борышын өтеуден бас тартқан ерлердің орнына қыздардың баруы қалды. Онсыз да әскер қатарында нәзік жандылардың саны артып келеді. Бұл – біздің жігіттердің көлеңкесінен қорқып, үйіне тығылып жүргенінің айқын дәлеліндей...
Әскерге міндетті борышкерлердің статисти­касын сараптасақ, 60 пайызы енжарлық немесе қорқақтықтан бас тартса, 30 пайызы жарамсыздық себебінен әскерге бармайды. Тек 10 пайызы ғана өздігінен әскерге баруға сұранады. Дәл осы тұста статистиканың 60 пайызынан орын алып тұрған қорқақтыққа не себеп? Осыны білу үшін Жаңақорған ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөліміне бардық.
– ҚР Конституциясының 36-бабында «Қазақс­тан Республикасын қорғау – оның әрбір азама­тының қасиетті парызы және міндеті» деп айтыл­ған. Яғни ол жерде отбасылық жағдайға, қорқақтығына байланысты бармай-ақ қойса болады деген сөз жоқ. Әрбір азаматтың қасиетті парызы екенін ұғу керек. Бұл – Отан алдындағы, отбасы алдындағы парыз. Әскер – соғыс майданы емес, шыңдалу ортасы. Ел басына күн туған шақта туған жерді қорғай білуге баулитын орта. Жігіттік жігері жоқтығынан әскерден қашқандар Отанына адал қызмет ете алмайтыны анық, – деді бөлім басшысы, подполковник Рамазан Назаров.
Сала басшысының сөзі орынды. Бұл турасында асыл дініміз исламда бес нәрсені қызғыштай қорғау міндеттеледі: отаныңды, дініңді, ұятыңды, жаныңды, дүниеңді. Осы құндылықтарды қорғау жолында қайтыс болғандар орны биік.
Хадисте ардақты Алла елшісі (с.а.с): «Екі көз ақыретте тозаққа күймейді: біріншісі – күнәсына өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз, екіншісі – Отанды қорғап шекара күзеткен көз», деген екен. Міне, осыдан-ақ Отанды қорғаудың маңызын түсінуге болады.
Енді әскерден жарамсыздықпен жалтар­ғандарға тоқталсақ. Әкемнің айтуынша, бұрындары «әскерге өтпей қалды» деген сөз ер-жігіт үшін өліммен тең болған. «Ер-жігіт деген атаққа лайық болмадым» деп қынжылатын. Ал қазір екінің бірі – жарамсыз. Бұл сөзге ұялу былай тұрсын, қуаныштан жүректері жарыла жаздайды. Ешқандай намыс, ұят көрмейді. Рухани тұрғыда әлсізденіп қана қоймай, физикалық тұрғыда қуаты кеміген. Мұндайлар әскерде жүгіруге, мылтық ұстауға да қауқарсыз.
Еркек атаулыны жаппай кіналаудан аулақпыз. Борышын өтеуге құштарлары да бар. Бірақ өте аз.

ӘСКЕРИ БӘСЕКЕ БӘСІ

Дүниежүзіндегі елдердің әскери әлеуеті, әскерилер саны мен қорғаныс қару-жарағы есеп­теледі.
Ең бастысы, әуеде, жерде және теңізде әскери операцияларды орындау деңгейі басшылыққа алынады. Бұл көрсеткіш бойынша көш басында АҚШ тұр. Құрама штаттар елінде 145 млн. адам қолына қару-жарақ ұстап, соғысқа шыға алады. 69 млн. жауынгері бар Ресей ең көп танкісі бар мемлекетке баланса, үздік үштіктен 749 млн. адам жылына азаматтық борышын өтейтін Қытай тұр. Сондай-ақ қуатты әскері бар елдердің қатарына Үндістан, Ұлыбритания, Франция, Германия, Түркия, Оңтүстік Корея жайғасқан.
«Global Firepower» сараптау бойынша әскери әлеуметті жоғары елдерде әскери қызметкерлер және олардың физикалық дайындығы, заманауи қару-жарақтарды меңгеруі есепке алынған. Осыдан-ақ, ер-жігіттердің потенциалы шешуші күшке ие екенін білесіз.
Әрбір жігіт сарбаз атанып, қолға қару ұстап, Отанды қорғауға жастайынан дағдылануы тиіс. Сонда халықтың сенімі артып, атамекеннің бағзы бабалар аманат еткен қасиетті топырағын абыроймен басатынымыз анық. Бұл туралы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Армия – өз орнын ешқашан тастап кетпейтін мәңгілік қарауыл» деген сөз бар. Мен сіздерге жоғары атақ бере отырып, бұдан әрі де әскери борыштарыңызды лайықты атқаратындарыңызға, Отанымызға мінсіз қызмет ететіндеріңізге сенемін. Елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтық тәртібі мен конституциялық құрылымын қорғау үшін бар күш-жігерлеріңізді, білімдеріңіз бен тәжірибелеріңізді жұмсайтындарыңызға сенімдімін», – деп әскери қызметкерлерге, елдің ертеңгі шырағын маздатар ұландарымызға сенім артқан болатын. Олай болса, әр азамат Отанына қызмет етуді бірінші орынға қоюы тиіс.

Ауданның ахуалы қалай?

Егемен елдің әскери келбетін таразыладық. Енді ауданға оралсақ. Ауданда 4560 әскерге баруы тиіс 18-29 жас арасындағы жігіттер болса, оның ішінен бір ауысымда 100 азамат шығару қиынның қиыны екен. Ауылдарда тұрақты жұмыссыз жүрген, оқуы, жұмысы, отбасы жоқтардың өзі түрлі сылтаулар айтып, әскерден жалтарады. Тіптен, шақыру комииссиясынан өтпей, жауапсыздық танытатындар да жетіп артылады. Аудан жастарының әскери түсінігіне, енжарлығы мен салғырттығына қымсынған ауданның қорғаныс істері бөлімінің басшысы Рамазан Оңласынұлы:
– Шыны керек, әскерге бару жұмысы қатаң түрде орындалып отыр. Өйткені ерікті түрде борышын өтеуге ынталылар өте аз. Аудан әкімі Ғалым Әміреев үнемі көктемгі, күзгі әскерге шақыруды бақылауына алып, жұмысты талап етеді. Маусымдық жұмысқа белсенді атсалысатын Ғалымжан Сопбеков, Жомарт Шәуенов және Сардар Садықовқа алғыс білдіремін, – деді.
Ал, аудандық қорғаныс істері бөлімінің маманы, майор Әлихан Палманов:
– Сунақата ауылдық округінің жастары да жауапсыздық танытып келеді. Қандөз, Көктөбе, Қаратөбе сынды ауылдың азаматтары жұмыс іздеп, Ресейге кеткен. Әскерге азамат шақыру бойынша Түгіскен ауылы алда келеді, – деді.
2017-2018 жылдары азаматтар жасақтаудан төмен көрсеткішті артта қалдырып, биылғы жылдың I жартыжылдығында 93 азамат жіберудің орнына 100 сарбаз жіберіп, облыс бойынша көш бастапты. Дәл осындай нәтижеге жұмыс жасауға барлық ауылдық округ әкімдері мен ауданның ер-жігіттерын шақырған сала басшысы әскерге шақыру қайта жүріп жатқандығын хабарлады.
Сондай-ақ әскерде үздік статус алған сарбаздар Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұлан қатарына қосылып, елдің кез-келген аймағындағы қорғаныс істері бөлімінде, әскерилер казармасында жұмыс жасауға мүмкіндік бар екенін жеткізді. Бүгінге дейін 66597 Қызылорда, 40275 Сарыөзек, 21450 Гвардейск, 78639 Жетіген және 07029 Алматы қаласындағы әскери бөлімдерден тұрақты жұмыспен қаматамасыз етуге әскери мамандарға сұраныс түскен. Айбынды әскердегі міндетін үздік атқарған сарбаздар отбасылы болған жағдайда тұрақты жаймен қамтамасыз етіліп, адам басына жалақыдан бөлек 15 мың теңгеден беріледі. Мұндай мүмкіндікке әскерде қызмет еткен, дені сау азаматтар қол жеткізе алады. Әскери борышын абыроймен атқарып, үздік қызметі үшін көптен дараланған жанның бірі қосүйеңкілік Дінмұхаммед Нұрғалиұлы:
– Әскерге барғаным үшін қуанамын. Әскерге бару арқылы бағым жанды десем де болады. Айбынды армия қатарында борышымды өтеп, үздік қырымнан табылғаным үшін келісімшарт арқылы Қызылорда қаласындағы №66597 әскери бөліміне қызметке орналастым. Ай сайын жалақы алып жұмыс жасаудамын. Отбасылы болсам, баспанамен қосымша әр адам басына берілетін қаражатпен қамтамасыз етілетінім рас. Бұдан асқан қандай қолдау керек? Менің ойымша, осындай мүмкіндіктер берілген егемен елдің әрбір бұрышын, тау-тасына дейін қорғай білуге міндеттіміз, – деді.

МЕН ӘКЕММЕН МАҚТАНАМ

Мен әкемді мақтан етемін. Ол – нағыз азамат. Ол азаматтық борышын абыроймен өтеген. Төрде тұрған портретін көріп, әскердегі қызықты күндерді баяндайтын әкемнің борышы Украинада өткен. Ата-әжемнің жалғыз ұлы болса да, «Отан алдындағы борышты өтеу міндет» деген ұғымды ғана санаға сыйдырған.
Бұрындары әскерден келген азамат арнайы формасымен көшелерді аралап шығатын. Оны көпшілік «нағыз жігіт» деп санаса, ауыл балалары «солдат келді», «солдат келді» деп жауынгердің жүріс-тұрысына тамсанып, өскенде сондай боламын деп армандайтын. Алайда бүгінгі күні сондай әскери киініп ерекше рухпен жүретін жігіттер жоқтың қасы. Бар болса да бір жылда біреуі ғана келіп жатады. Өйткені қазір әскерге барушылар азайған. Тиісінше, жалтарушылар көбейді.
Тәуменді тарихтан білетінімізде, ел басына күн туған шақта халықты сайлаулы тұрған әскері құтқарған. Өз басын қатерге тігіп, Отан үшін от кешкендерді батыр деп танимыз. «Алпамыс, Қобыланды, Қарасай, Наурызбай» сынды өткен ғасырдың батырларын былай қойып, кешегі Ұлы Отан соғысында «Алға» деп ұрандатып, неміске қарсы тап берген Бауыржан атамыздың ұрпағымыз ғой. Оны қойшы, 1986 жылы «Қайрат деген атым бар, атам десең атыңдар» деп тәуелсіздік үшін жанын пида еткен қазақтың ұрпағы неге майдаланып бара жатыр?
Ауыр айтты демеңіз, алайда өз Отанын қорғаудан қашатын босбелбеу, құр мақтан енжар еркек кімге керек? Кез-келген әйел заты еркектен бірінші батылдықты, қайсарлықты күтеді. Ондай қасиеті болмаса ер-азамат кімге қорған болмақ? Қысқасы, азаматтық абзал борышын өтеуден қашатын жігіт атаулыларды естігенде, патриоттық рухыңа сын екен. Тіпті, осындайда «өзім жігіт болып туылғанда елдің егемендігі үшін еңбек қылар едім» деген ой-жігеріңді қажиды.
Әрине бес саусақ бірдей емес. Кешегі Бауыржандай батырдың нағыз ұрпақтары бар арамызда. Отансүйгіш, қандай жағдай болса да міндетін атқарудан жалтармай, өз басын өлімге тігіп, өзгені құтқарып жүргендерді естігенде қалайша еміренбессің? Қазаққа ғана тән генофеннен берілген қасиеттің жоғалмағанына қалайша қуанбасқа?

P.S.: Бәлкім батырлар институтын құрып, бабалардың әскери тактикаларын үйретуіміз керек шығар. Сонда жігерсіз жастар рухтанып, Отан алдындағы борышын орындар. Қалай болғанда да, жас өрен, әскерге баруы міндетті!

Ханзада ДОШАН

27 тамыз 2019 ж. 2 074 0