№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Джинсы шалбар да дертті етеді

Джинсы шалбар да дертті етеді

Киімдердің ішінде де денсаулыққа зияндылары болады. Әрине, егер орнымен пайдаланылмаса.

Мысалы, қазір жаппай сәнге айналған джинсы шалбар. Бір кездері АҚШ-та жұмыс киімі ретінде шығарылған ол жұртшылыққа ұнап, бірте-бірте жаппай тұтынымдағы киімге айналған, сосын түрлі фасондары шығарыла бастаған. Қазір оның жүздеген түрлері бар. Соның ішінде әсіресе жастардың тән сымбатын ашып көрсететін фасондары жоғары сұранысқа ие. Дегенмен оларды үнемі киіп жүруге болмайды, оның денсаулыққа зиян жақтары бар. Жұрттың мұны біле жүргені абзал.
Біріншіден, денемен дене болып жабысып тұратын джинсы жамбас-бөксе буындарына зиян, оның қозғалысын шектеп, олардың созылуына соқтырады. Өз кезегінде ол омыртқаға жүк түсуіне себеп, одан омыртқа-сегізкөз остеохондрозы туындайды.
Екіншіден, тар джинсы аяқтың тамырлары мен жүйке ұштарын қысады, оған артық салмақ түсіреді. Одан адам аяғы қызып тұрғандай сезіледі, аяқ тез шаршайды, ол вена қан тамырларының кеңеюіне (вврикоз) апарып соғады.
Әсіресе белі төмен жасалған джинсы осындай әсер береді. Ол белдің, бүйректің, несеп-жыныс жүйесінің суықтауына себеп. Өз кезегінде ол қыздардың ауыр бүйрек ауруына, бедеулікке ұшырауына себеп болуы әбден мүмкін.
Кей мамандардың пайымынша, белі төмен жасалған джинсы киетіндерде бөксеге май көп жиналады. Себебі ағза өзін суықтан қорғау үшін май жинауға мәжбүр болады.
Ал тар әрі белі жоғары, белдігі белмен қоса қарын аумағын қысып тұратын джинсы асқазан, бауыр, ұйқы безінің жұмысын бұзады. Мұндай жағдай адам отырған кезде күшейе түседі.
Тар джинсыдың еркектерге де зияны жетерлік. Жұмыртқа безінде ұрық түзілуі ондағы температураның дене температурасынан бірнеше градус төмен жағдайында іске асатыны белгілі. Ал тар джинсы ол жердің қызуын арттыру арқылы ұрық түзілуіне кедергі келтіреді, тіпті бедеулікке соқтыруы да мүм­кін.
Джинсыдың әйел жыныс органдарына да зияны бар. Яғни ол сыртқы жыныс органдарының қалыптан жоғары жылуына себеп болады. Жоғарғы температура мен желдетудің жоқтығы вагинит сияқты инфекциялық дертке себеп болуы ықтимал.
Ашық түсті, әдемі реңді джинсы шығару кезінде кей кәсіпорындар оған сапасыз, зиянды бояу қолданатыны да бар. Денемен тығыз байланыс-үйкелістегі джинсы теріге осы бояудың зиянды әсерін тигізеді. Дерматит сияқты түрлі аллергиялық дерттер туындап, асқынуы мүмкін.
Кей психологтардың пікірінше, джинсы адамды өзіне тәуелді етуімен де қауіпті. Яғни «фигурасын» керемет етіп көрсететін бұл шалбарды адам үнемі киіп жүруге әуес, соны іздеп, қалап тұрады, басқа шалбарды менсінбейді.
Қысқасы, джинсыдың осындай қауіпті жақтары аз емес. Естеріңізде жүрсін дейміз!

Р. ҚАЛТАЙ.
«Замана» газеті
28 маусым 2019 ж. 1 286 0