Агроөнім: ауданның әлеуеті
...Енді ауданға оралайық. Жауапты мамандардың мәліметінше, шет елге жасалатын экспортта бізден тек қарбыздың ғана тізімі тұр. Бұл да маусымдық науқан. Ал, отандық нарыққа мал шөбі, балық және алма өнімі жөнелтілуде. «Төрт түліктің жем-шөбіне көбіне оңтүстік өңірдің шаруалары сұраныс береді. Бірақ былтыр көршілес өңірлерден сұраныс тым аз болды. Әйтпесе, біздің шаруалардың өнімі сапалы, бағасы да қолжетімді. Балық бизнесі аса дамымаса да, аудан мен Түркістан қаласын қамтып отырмыз» – дейді ауылшаруашылығы саласының мамандары. Біздегі өнімі өте жоғары дақыл ол алма болып тұр. Бізде бір емес, үш бірдей ірі бақ бар, келешекте олардағы жемістердің шаруасы қалай болатыны белгісіз. Әзірге базар жағалайтын өнімге, үлкен қойма, өнім сақтайтын цех керек.

Сыр өзенін бойлай қоныстанған ауылдардың негізгі тіршілік нәрі күріш болып келеді. Алайда, судың тапшылығына орай бұл өнімді азайтып, әртараптандыруға көшуге жұмыс жасалуда. Яғни, бақша өнімдеріне басымдық беріліп, көрші елдерге тәуелділікті азайту керекпіз. Жаңақорғанда бірнеше жылыжай бар, алайда, олар қысы-жазы сауда орындарын өніммен қамтамасыз ете алмайды. Ал, саудагерлер болса өз өнімімізді қолдауға дайын, тек өнім жеткізуден порблема болмаса болды дейді. Әйтпесе, көрші аудандағы тұрақты тұтынушылардан айырылатын болады. Қысқаша қайырғанда, бізде егін шаруасына мүмкіндік мол, тек соны дұрыс пайдалана алсақ болғаны.
Келесі кезекте, төрт түлік тынысы, аймақ бойынша мал санынан көш бастап тұрмыз. Әсіресе, қой мен ешкінің үштен бірі біздің ауданға тиесілі. Алайда, ет бағасы шарықтап, малдан қалған шикізат жарамсыз күйде қалды. Басқасын айтпағанда, қойдың терісі ешкімге керек болмай тұр. «Атамекен» Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының Жаңақорған аудандық филиалының директоры Асылжан Жолдасбековтің ойын білдік.
– Бүгінде біздің ауданның өндірісі жақсы. Аудан тұрғындары өзіміздің жергілікті күрішті тұтынады. Жылыжайды дамытып, кәсіптің көзіне айналдырып отырған шаруалар да бар. Біздің кәсіпкерлік палатадан қолдау тауып, ісін дамытып жатқандар бар. Дей тұрғанымен тері, жүн бағытындағы өндіріс орындары бізде кенжелеп тұр. Осы бағытта арнайы үлкен қалаларда іссапарда болып, тері өңдейтін зауыттардың жұмысымен танысып қайтқанбыз. Біздің аймағымызға да тері өңдейтін өнеркәсіп ауадай қажет. Өйткені, төрт түліктің терісі мен жүні тау-тау болып әржерде жарамсыз болып жатыр. Теріден өте көп зат жасауға болады. Мәселен, киім, аяқ киім немесе тамақ өндірісінде де қолданады. Біздің аудан аграрлы аймақ болғандықтан, бізде мүмкіндік өте көп. Малдың терісінен бөлек, сүтінің өзі орасан табыс көзі болар еді. Бірақ, соны өз деңгейінде кәдеге асыра алмай отырмыз, – дейді.
Төрт-түліктің етін жеп, сүтін ішіп, тіпті өзге аймақтарға саудалап та жатырмыз. Бірақ оның терісі мен жүнін кәдеге асыра алып жатырмыз ба? Жылына мыңдаған бас қой қырқылады. Мал сойылады. Олардың терісі мен жүні ауылдың шетіндегі қоқыста жатады. Бұрын жүннен киіз басылатын, кілем тоқылатын, көрпе, көрпеше тігілетін. Статистикаға жүгінсек, ілгеріде елімізде жылына 100-105 мың тонна жүн өндірілген. Тері өңдеу табысты болған. Бүгінде өзге елдерде қат саналатын малдың терісі де, жүні де кез келген жерде қоқырсып, өртеліп жатыр.
Сол секілді дайын өнім сүттің өзін патенттеп, нарыққа шығаруға дағдыланбай отырмыз. Ауыл-аймақта сүт өнімдерін өңдеу шаруасы шала күйі. Сүт өнеркәсібін айтпағанда, шағын цехтың өзі жоқ. Шыны керек, біздің тұтынып жүргеніміз Павлодармен мен Ресейдің айраны мен сүті. Содан ағарғанның бағасы да құбылып, күн сайын өсім алуда. Бүгінгі таңда республика бойынша сүт өнімдерін қайта өңдеу бойынша 200-ге жуық кәсіпорын бар екен. Бұл – елдегі сүт өнімдеріне деген қажеттіліктің 70 пайызын қамтамасыз етеді. Нақтырақ айтқанда, ішкі нарықта азық-түлік өнімдерінің жалпы көлемінде сүт өнімдерінің үлесі 17 пайыз. Бұл жұмыс жасап тұрған кәсіпорындардың жылына 3500 тонна сүтті өңдеуге мүмкіндігі жетеді. Ресми статистикаға жүгінсек, 2024 жылы 200 млрд теңгенің сүт өнімдері өндірілген. Еліміздің өндірілген отандық сүт өнімдерімен қамтамасыз етілу деңгейіне тоқталсақ. Сұйық сүт бойынша 91 пайыз, қышқыл сүт өнімдері 85, сары маймен 66 пайызды құрап отыр. Қалған бөлігін импорттық өнім толықтыруда. Оның ішінде, Ресей мен Беларусь елдерінің үлесі басым. Өзіміздің ауданда және елдімекендерде мал басы көп болғанымен сүт өнімдерін өңдейтін бірде бір кәсіпорын жоқ. Сүт өткізетін орындардың жоқтығы, сүтті бір жерден қабылдап, орталыққа тасымалдайтын қызметтің ұйымдастырылмауы қарапайым шаруаға қиындық туғызатыны анық. Кәсібін аяққа тұрғыза алмайды. Олардың ірі сауда нүктелерімен байланысы әлсіздігінен көп жағдайда делдалдардың асығы алшысынан түсіп жатады.
Жалпы, Қазақстан Сүт одағының мәліметіне сенсек, бүгінде нарықта айран, қаймақ, пастеризацияланған сүт, өңделген және тазартылған сүт өнімдеріне сұраныс мол. Халықты өз өнімдерімізбен қамтамасыз етуде әлеуетіміз жеткілікті. Бірақ немқұрайлылық пен бейқамдық өндірістің өрістеуіне қолбайлау болып отырған секілді. Оның үстіне, біздің жергілікті өнім халыққа толық жетпегендіктен экспорт көлемі күн санап артуда.
Түйіндей айтқанда, отандық өнімнің көлемін арттырып, импорттауды азайту бүгінгі күннің басты межесі. Оған себеп, өнім сапасы мен бағасы. Керісінше, экспортқа шығуға дейін жұмыс жасалуы тиіс. Осы бағытта әлі де жұмысты жандандыру керек-ақ
Әли ТЕМІРБЕК