№14 (8828) 22

22 ақпан 2025 ж.

№13 (8827) 18

18 ақпан 2025 ж.

№12 (8826) 15

15 ақпан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
2425262728 
» » Мобильдік аударымдар мақсаты?

Мобильдік аударымдар мақсаты?

Шыны керек, ірі сауда орындары, дүкендер мен кейбір кәсіпкерлер сатылған тауарлар немесе қызметтер үшін төлемді мобильді аударымдар арқылы алады. Бұл аударымдарда кассалық аппараттар, POS-терминалдар және QR-кодтар қолданылмайтыны рас. Есесіне чектер берілмей тұтынушылардың құқықтары бұзылады. Негізінен өзіміз де чекті талап етпейміз. Бұған дейін айтылғандай, мемлекет барлық мобильді аудармаларды тексермейді. Тек әртүрлі тұлғалардан үш ай қатарынан ай сайын 100 немесе одан да көп мобильді аударымдар алған тұлғалар ғана, яғни, кәсіпкерлік қызметтің белгілері байқалған жағдайда ғана тексеру жүргізіледі.
Мобильді аударымдар туралы мәліметтерді банктер Мемлекеттік кірістер комитетіне кезең-кезеңімен ұсынады. Нақтыласақ, 2023 жылдан бастап – мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары, 2024 жылдан бастап – мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері және олардың жұбайлары тексерілген еді. Ал 2025 жылдан бастап – жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары және олардың жұбайлары камералдық бақылауда болады. 2026 жылдан бастап – қалған барлық азаматтар. Жоба жүйелі жүзеге асқанда көлкеңкелі кәсіптің жолына тосқауыл болады деп күтілуде. Бұл үйде отырып кішігірім бизнесін бастаған жандарға кедергі болғалы тұр. Әсіресе, декретте немесе баламен үйде отырған нәзік жандыларға қиындық туғызады.
Апта басынан бастап каспий голдтан аударым жасауды толықтай тоқтатқан дүкендер мен саудагерлер саны артты. Себеп – биылдан бастап шотына мөлшерден көп аударым түскен азаматтар бақылауға алынбақ. Тексеруді бастаудың бүге-шүгесі жайында Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті бірнеше брифингтерде айтып та жүр. Бұл жағдай былтыр да бір толқып, басылған еді. Ол кезде де сауда орындары мобильді аударымнан бас тартып, қолма-қол ақша талап еткен. Банкоматтарда ұзын-сонар кезек пайда болып, ақша тауып бере алмай қалған күнді де көзіміз көрді. Кірістер комитеті Ұлттық банк рұқсат берсе, мобильді аударымдарды бақылау үшін жаңа тәртіп енгізеді. Ереже былай, 3 ай бойы қосымшаға түскен қаржы көлемі 3 төменгі жалақыдан аспауы керек. Бұл шамамен 255 мың теңге. Егер одан асып кетсе, салық органдары тексеруге кіріседі. Бірақ бұл ереже әлі қолданыста жоқ екенін еске сала кетейік.
– Бізде мобильді аударымдарды бақылау бойынша белгіленген өлшемшарт бар. Өлшемшарт негізінде 3 ай қатарынан ай сайын 100 немесе одан да көп тұлғалардан мобильді аударым алған тұлғалар ғана назарға ілінеді. Бұл 100 тұлға – ол 100 аударым емес. Бұл өлшемшарт 2022 жылы енгізілгенін еске сала кетейін. Қаржы министрлігінің бұйрығы негізінде екінші деңгейлі банктер осы өлшемшарттан асып кеткен тұлғалар туралы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Жеке тұлғалардың табыстарын әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы Ерсайын Көптілеуұлы аударым қалай тексерілетінін түсіндірді.
Бұл жерде 100 түрлі тұғадан болғандықтан, сома маңызды емес. 255 мың теңгеден асса да, аспаса да, мәселе болмайды. Бірақ 255 мың теңгені неге ұсынып отыр? Кәсіпкерлік кодекс бойынша бір жыл көлемінде 12 еселенген ең төменгі жалақы көлемінде адамдар дара кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ пайда таба алады. Яғни осы норманы аттап кетпеу мақсатында, 255 мың теңге деген шекті қоюды жоспарлаған екен. Бірақ бұл норма қолданыста жо, әзірге Ұлттық банкпен келісілуде. Бұл норма енгізілсе де, 100 түрлі тұлға деген негізгі өлшемшарт сақталады. Мысалы, ата-анаңыз, туған-туыстарыңыз, бауырларыңыз, балаларыңыздан төлем қабылдағанның өзінде, оның өзі 20 шақты адам болуы мүмкін. Ал мысалы, қаңтар айында 100 адамнан, ақпанда 100 адамнан және наурыз айында 100 адамнан мобильді аударым арқылы қаражат келіп түсті дейік. Енді осындай аударым болған кезде ғана назарға ілінесіз. Айта кететіні бұл жерде де айыппұл деген бар, яғни ереже бұзғандар 15 айлық есептік көрсеткіш бойынша 58 980 теңге көлемінде айыппұл төлейді. Ал кәсіпкерлер заңды қайталап бұзса, онда айыппұл екі есе өседі. 1 АЕК – 3 932 теңге, енді өзіңіз есептей беріңіз.
Келесі мәселе, кенттегі таксистердің жай-күйі. Оларға айына емес, бір күнде 50-ге жуық адам аударым жасайды. Сондықтан нәпақасын көлік тасымалымен тауып жүргендердің де жан-айқайы орынды.  Мемлекет мұны да назардан тыс қалдырмапты, жеке тасымалдаушылар жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек екен. Мұны «e-Salyq Business», «Egov Mobile» және кейбір екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары – «Halyq bank», «Kaspi bank», «BankCenterCredit» арқылы жасауға болады. Темір тұлпар тізгіндеген такси өкілдері енді онлайн режимінде кәсіпкерлік банк шотын ашуға болады, сол жерге көрсетілген қызметтер үшін төлемдер түседі. Ол үшін такси жүргізушісіне тек смартфон қажет. Кассалық аппараттар мен POS-терминалдарды алып жүрудің қажеті жоғы айтылды. Мұның да астарында салықтың ұшқыны бары рас.
Қоғамдағы резонас тудырған келесі мәселе жоғарыда сөз еткендей, дүкендердің қолма-қол ақша төлеуді талап етуі. Мұндай жағдай былтар болған, олай болған жағдайда тұтынушы құқығын кім қорғайды?
– Егер сіз осындай жағдайға тап болып, кәсіпкер кез келген картамен төлеуден бас тарту жағдайына тап болсаңыз, тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органдарына жүгінуіңізге болады. Кәсіпкерлер төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді қабылдаудан бас тартқаны үшін бірінші рет әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ескерту жасалады. Ал қайталап бұзған жағдайда 40 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалайды, – дейді жауапты сала мамандары.
19 қаңтар 2025 ж. 421 0