№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ОТАНДЫҚ ӨНІМ – ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ДРАЙВЕРІ

ОТАНДЫҚ ӨНІМ – ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ДРАЙВЕРІ

Отандық өндірісті қолдау және оның сапасын арттыру елдің экономикалық тәуелсіздігін нығайту үшін маңызды. Бұл жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында арнайы тоқталып, Қазақстанның өндірістік әлеуетін арттыру, әсіресе өңдеу өнеркәсібін дамыту қажеттігін атап өткен еді. Дәл осы бағытта біздің ауданда да атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Мәселен, биыл аудан бойынша 260 га жүгері, 7545 га күріш, 50960 га қарбыз егілді.
Жалпы мемлекет отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін бірқатар шараларды жүзеге асыруды жолға қойған. Бұл – индустриалды саясатты қайта қарап, шағын және орта бизнесті қолдауды күшейту, отандық кәсіпорындардың өнімдерін сыртқы нарыққа шығарып, мүмкіндіктерін кеңейту және өнімнің сапасын арттыру үшін маңызды. Мәселен, біздің аудан – аграрлық аудан. Ауылшаруашылығы саласы бойынша өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік мол. Бүгінде ауданымыз ауылшаруашылығы саласы бойынша шағын кәсіпкерлікті жолға қойған. Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің мәліметінше, жұмыс істеп тұрған Кейдендегі «Әбділдә» дара кәсікерлігінің жылына 700 тонна жүгері сусыны мен тәулігіне 4000 пластикалық бөтелке шығаруға мүмкіндігі болса, «Мейрамбек» ДК күніне 200 дана әжетхана қағазын өндіруде. Ал «Eco Hanum» дара кәсіпкерлігінің иесі Айдана Исраилова мақтадан экологиялық таза өнім шығарып, ішкі нарықты қамтуда. Сонымен қатар «Аимбетов» жеке кәсіпкерлігі жылыжай өндірісін жолға қойып, данасы 70 теңгеден әжетхана қағазымен ішкі нарықты қамтамасыз етіп отыр. ДК «Нұржарық» омарта балын шығарумен айналысып, маусымына 1500 литр балды тұрғындарға ұсынып келеді. Сондай-ақ, малазығындық дақылдар, сабын өндірумен қатар шеге өндірісі де тәйтәйлап ілгері жылжып келеді. Біздің облыс өңдеу өнеркәсібінде өндірілген өнім көрсеткішінің өсу қарқыны бойынша алдыңғы қатарда. Деректерге сәйкес, биылғы жылдың алғашқы алты айының қортындысына сүйенсек, облыс бойынша алғашқы жартыжылдықта экономиканың осы секторы 6,3% өсім көрсеткен екен. Ал инвестициялар көлемі 40%-ға өскен. Оның 80% – жеке салымдар. Айта кету керек, 2024-2028 жылдар аралығында 8,4 мың жұмыс орнын құрумен жалпы сомасы 1,1 трлн теңгеге 76 жобаны іске асыру көзделген. Осы жылдың өзінде 32,4 млрд теңге сомасына 15 жоба іске қосылмақ. Сондай-ақ, биыл өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлік саласын дамыту бағытында ауқымды жоспарлар қолға алынған. Нәтижесінде, осы жылы өнеркәсіп өндірісі көлемін 101%-ға, өңдеу өнеркәсібін 107%-ға, сауда айналымын 104,5%-ға, шағын және орта кәсіпкерліктің экономикадағы үлесін 23%-ға жеткізу межеленіп отыр. Қызылорда облысы бойынша кәсіпкерлік және өнеркәсіп саласы өркендеп келеді. Мысалы, өткен жылы облыс бойынша кәсіпкеолер саны – 67 180 болса, осы салада жұмыспен қамтылғандар саны – 125 мың адамға жеткен. Ал, біздің ауданда кәсіпкерлікті дамытуда өңдеу өнеркәсібі саласына басымдық беріледі. Оның ішінде ауылшаруашылығы саласы бойынша егін және мал шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, жихаз жасауды айтсақ болады. Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында елде сапалы ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеуді дамытуға бағытталған жобаларға басымдық беруді тапсырған болатын. Ауданның ішкі нарығын қамтамасыз етіп отырған кейдендік кәсіпкердің «Кәусар» сусынын білмейтін адам кемде-кем. Өздерінің еккен жүгері дақылынан сусын шығаратын кәсіп орнының жұмысы да жүйелі. – Жаз айларында күніне 4000 бөтелкеден аса жүгері суын шығарамыз. Қыс айларында сұраныс шамалы азайып, күніне 1500-2000 бөтелке сусын шығады. Биыл 270 га жерге жүгері егіп, қазан айында өнімді толықтай жинап алдық. Бұйыртса, көктем шығысымен толықтай оңтүстік өңірді жүгерімен қамтамасыз етеміз деп отырмыз. Айта кететін тағы бір жаңалық, қазан айында өнім заңды түрде патенттелді. Енді өнімді ТМД елдері бойынша экспорттай аламыз. Қазір көрші елдерден сұраныс ептеп түсуде. Айта кетейін, біз пластикалық бөтелкені де сырттан алдырмай өзіміз өндіреміз, – дейді «Әбділда» ЖК-ның атқарушы директоры Сейтмұхамет Әбжаппаров. Сонымен қатар, жеке кәсіпкер Сәуле Исмаилова тұрғындарға көже суын, консервіленген салат түрлерін, сүт өнімдері мен таза ет өнімдерін ұсынуда сауда нарығын кеңейтіп келеді. – Бүгінде табиғи өнімге сұраныс көп. Өйткені тұрғындар таза өнімнің қадірін жете бағалайды. Біз жаз айларында ауданның барлық дүкендерін салқын көже сусынымен қамтысақ, күз айынан бастап сұранысқа сай түрлі консервіленген салаттар дайындаймыз. Сүт өнімдерімен қоса қолда байланған малды сойып, етін саудаға шығарып отырмыз. Тек ауыл тұрғындары емес, Астана, Алматы қалаларында тұрақты тұтынушыларымыз бар, – дейді сәуле Исмайлова. Ал дара кәсіпкер Азамат Құтыбаев шеге, тікен сым және қоршауға арналған тор секілді құрылысқа және ауыл шаруашылығына қажетті материалдар шығаруды қолға алған. – Бұл шығарып жатқан жабдық Қазақстан бойынша 4-5 өңірде ғана бар. Зерттей келе, осы жобаны қолға алып, кәсіпкерлік палатасыда ақысыз оқып, білімімді шыңдап, жобамды сәтті қорғағанымның арқасында грантқа ие болдым. Бір ғана бұйыммен шектелмей, қоршауға арналған тор мен тікен сымды шығаруды мақсат етіп отырмын. Өздеріңіз көріп отырғандай, қондырғымыз минутына 260 дана шеге шығарса, бір сағатта тікен сымның 60-70 метрін шығарады, сол уақытта тор сеткінің 60-70 метрін дайын күйінде шығарып береді, – дейді кәсіпкер. Ал, 2010 жылдан бері диқаншылықпен айналысып келе жатқан Амантай Сарбасов көлемі 7 соттықтай келетін жылыжайында қияр өсіріп келеді. – Жылыжайда егін егу – аса ептілік пен ұқыптылықты қажет етеді. Бабы сәл келіспей қалса өнім солып қалады. Температура +6 градустың өзінде жеміс жаурап өспей қалады. Сосын 40-45 күн жылы суда жату керек. Өйткені оның өзегінде су жатпаса өліп қалады. Қияр сумен өседі. Біз тынымсыз еңбек етіп, көкөніс пен жемісті ешқандай дәрі-дәрмексіз құдықтың суымен өсіреміз. Тіпті көшеттерді де табиғи баптаймыз. Біздің бақта барлық жемістер бар. Алма, алмұрт, қияр, анар, тағы да басқа түрлері бар. Жылда егілетін өнімді көбіне өзге аймақтарға жөнелтеміз. Сондайақ, аудан орталығына да ара-тұра келісім бойынша өткіземіз. Көбіне, өзге аймақтардан арнайы келіп, өздері тиеп алып кетеді. Өйткені өзге өңірлерде таза табиғи өнімге сұраныс көп, – дейді Амантай Сарбасов. ТҮЙІН. Иә, отандық өнім біздің елде мемлекеттік қолдауға ие. Бұл қолдау түрлі бағдарламалар арқылы жүзеге асырылады. Мәселен, экспортты ынталандыру, өндірісті субсидиялау, мемлекеттік тапсырыстар мен салықтық жеңілдіктер. Сондай-ақ, оны дамытуға бағытталған түрлі гранттар мен жеңілдетілген несиелер ұсынылады. Мемлекет отандық өндірісті дамыту мен шетелдік бәсекелестікке төтеп беру үшін жүйелі түрде қолдау көрсетіп отыр. Тіпті, бұл бағытта Президенттің өзі мемлекеттік сатып алу жүйесінде отандық өнімге басымдық беру, ауылшаруашылығы мен агроөнеркәсіп кешенін дамыту, сондай-ақ экспорттық әлеуетті арттыру жөнінде тапсырма берді. Сонымен қатар, шетелдік инвестицияларды тарту мен жаңа технологияларды қолдану арқылы қазақстандық өнімдердің сапасын жақсартуға мүмкіндік туғызу маңызды. Демек, отандық өнім – ел эконмикасының негізгі драйвері.
айсұлу Алданазарова
02 желтоқсан 2024 ж. 75 0