№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Утиль алым – экономиканы әртараптандырудың тетігі

Утиль алым – экономиканы әртараптандырудың тетігі


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстанды құруда Үкіметке нақты қадамдар ұсынды. Әсіресе, ел экономикасының әл-ауқатын көтеріп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру жолында қордаланған мәселелерді шешуді тапсырды. Соның бірі – утилизациялық алым. Төл газеттің №... нөмірінде 2016 жылдан бері утиль алыммен айналысып келген «Оператор РОП» компаниясы туралы жаздық. Біз алдағы уақытта алымның бұл түрі қалай өзгеретінін зерттеп, зерделедік.


«Утилизациялық алым бойынша біз шешім қабылдадық. Барлық қаражат мемлекетке түседі. Енді ставкалардың мөлшерін анықтау қажет. Жұмыс тобы бұл мәселені белсенді талқылауда. Бірден айта кету керек, утиль алымды біз қайта қараймыз. Бірақ шектен шығудан аулақ болу керек. Автоөнеркәсіпті дамытуға жұмсалған ақшаны желге шашып, импорттық ескі көліктер ағынына өз нарығымызды ашуға бол­майды». Бұл – Президент пәрмені.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы бұл саладағы реформа қайта өңдеу немесе тіркеу жарнасын өзгерту үшін ғана қолға алынбағанын еске салды.
– Ең бастысы – тұтынушылар үшін автомобильдер мен ауылшаруашылығы техникасының қолжетімділігін арттыру. Мен өндірушілер мен дистрибью­торлардың тиісті реакциясын күтемін. Үкіметтің алдын ала дайындаған баяндамасы оның дұрыс жолда екенін көрсетіп отыр, – деді Президент.
Мәліметтерге сүйенсек, «РОП операторы» (2016 жылдан бері) утиль алымнан 691 млрд теңге табыс тапты. Осы қаражаттан отандық автокөлік өндірушілеріне 338,9 млрд теңге берілсе, экологиялық мәселелерді шешуге 102 млрд теңге, салыққа 49,1 млрд теңге төледі. Сөйтіп жеке компанияның қоржынында 220 млрд теңгеден астам қаржы қалды. Бұл қаржы екінші деңгейдегі банктерде жатыр.
Хош! Президенттің сынына ұшырап, халықтың наразылығын тудырған компанияның орнына қандай ұйым келеді деген сауал көптің көкейінде көлкіп тұр. Даулы мәселе жөнінде ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев автокөліктер мен ауыл шаруашылығы техникаларына кәдеге жарату төлемі мөлшерлемесі жұртшылықпен келі­сілгеннен кейін бекітілетінін жеткізді.
Айта кетейік, Президент тапсыр­масынан кейін утиль алымды жинау «Оператор РОП» ЖШС-нен «Жасыл даму» АҚ-на міндеттелді. Бұл жөнінде Мәжіліс отырысында Серікқали Брекешов «Жа­сыл даму» АҚ-да өндірушілердің кең­ейтілген міндеттемелері бойынша толық жұмыс жасап жатқанын айтқан еді.

– Екінші деңгейлі банктерде «Жасыл дамудың» 220 миллиардқа жуық ақшасы бар. Олардың жартысы ұлттық валютада болса, ал бір бөлігі доллар бағамында. Жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жақын арада біз автомобиль және ауыл шаруашылығы техникаларына қатысты утилизация мөлшерін бекітеміз деп ойлаймыз, – деді министр.

Жалпы, утиль алымның негізгі мақсаты экологиялық ахуалға көмек көрсету болатын. Осы бағыт бойынша жиналған утиль қаржыдан ескі көліктердің жарақтарын қайта өңдеп, отандық көлік өндірісіне ақша құйып, игі іс жасалуы керек еді. Нәтижесінде елдегі тозығы жеткен автопарк жаңарып, тұрмыстық қалдықтар қайта өңделіп, кәдеге асуы керек болған-ды. Бірақ аталған шаруалар нәтижелі болмай, қоғамның наразылығына ұшырады.
Біздің мемлекетте 2016 жылы утилизациялық алым енгізілгелі көлік құны шарықтау шегіне жетті. Ол көліктің маркасы мен қозғалтқыш көлеміне, жылына қарай 460 мың теңгеден бастап 5,5 млн теңгеге дейінгі қаржыны құрады. Оған бағасы батпандай бастапқы тіркеуді тағы қосыңыз. Аталмыш алымның қымбаттауы ел экономикасына тікелей әсер етеді. Өйткені транспорт қымбат келсе, жол ақысы мен тасымал қымбаттайды. Сәйкесінше, азық-түлік құны шарықтап, тұрмыстық техникалар бағасы артады. Экономиканың драй­вері саналатын ауылшаруашылығы техникасы қолжетімсіз болған соң азық-түліктің не себепті қымбаттайтыны айтпаса да түсінікті.
Сарапшылардың пікірінше, жүк тасмалдайтын көліктер мен ауыл­шаруашылығы техникаларын алымнан түгелдей босату керек. Утиль алымның қымбаттау салдарынан жергілікті бизнес кешеуілдеп, елдің кәсіп саласы тұралап тұр. Себебі, ірі техниканы импорттайтын бизнес түрлеріне утиль алымның жоғары болуы өте ауыр тиеді. Салымның бұл түрімен мемлекет айналысқаны абзал. Оның есебі ашықтық пен жариялылықты ұстануы керек.
Утиль алым тарифінің өте жоғары болуы жүк тасымалымен айналысатын кәсіпкерлерге де тұсау. Мәселен, Ресейде – 34 мың, Беларусияда – 15 мың, Өзбекстанда – 8 мың, Қазақстанда – 7,5 мың жүк көлігі халықаралық тасымалға шығады. Ал, 2017 жылдан бері отандық тасымалдаушылардың үлесі бір жарым есеге кеміді. Бұл сандар отандық нарықты өзіміз реттеуге қауқарсыз екенімізді көрсетеді. Мәселен, Ресей немесе Беларустың көлік-логистикалық компанияларының бізге жеткізген тауарлары анағұрлым қымбат болары сөзсіз. Бұлай деуімізге бірнеше себеп бар. Біріншіден, кейбір өзге елдің валютасы біздің төл теңгемізден құнды болуына байланысты қызмет ақысы автоматты түрде жоғарылайды. Екіншіден, басқа мемлекеттің тасымалы шекара асқаннан кейін міндетті түрде бағаға басымдық береді. Тізбектей берсек себеп жетерлік. Ал, мұның бәрі біздің нарыққа кері әсер ететіні анық.
Осы ретте аудан тұрғындарының жарамсыз көлігін утилизациялауға жеткізіп жүрген төменарықтық Ескендір Тайлановты сөзге тарттық.
– Мен жарамсыз көліктерді Қызылорда қаласындағы утилизациялау ұйымына жеткізумен айналысамын. Бұл ұйым бұрын «Оператор РОП» деп аталды. Қазір «Жасыл даму» деп аталады. Бірақ ұйымның жұмысы уақытша тоқтап тұр. Алдағы уақытта тарифтер ауысуы мүмкін. Бірақ осыған дейін барлық жабдықтары түгел жеңіл көлік үшін 210 мың теңге, ал жабдықтары толық емес жеңіл көлікке 150 мың теңге алатынбыз.
Сонымен қатар, ауыр жүк көлігінің утилизациясына 420 мың теңге төлесе, автобустарға 630 мың теңге ұсынатын. Мәселен, өткен жылы тракторлар мен комбайндарды қабылдап, тракторға 1 млн теңге, комбайнға 2 млн теңге қаржы берді. Көлікті утилизацияға апармас бұрын, халыққа қызмет көрсету орталығына барып, тіркеуден шығару керек, – дейді Ескендір Тайланов.

Әлем тәжірибесі қандай?

Бұл алым әлемнің барлық елінде жиналады. Бірақ баға өзге елдерде әлдеқайда төмен. Нақтырақ айтсақ, АҚШ-та 100-250 доллар арасы болса, Еуропада ең қымбат дегеннің өзі 100 мың теңгеден аспайды. Ал, Жапонияда бізден 80 есе аз. Мәселен, Швейцарияда утиль салықты арнайы қорға аударады. Себебі ескі көліктерді сол қордың жанынан құрылған кәсіпорын қайта өңдейді. Ал, немістерде ескі көліктерді өткізгендерге шамамен 150 еуро сыйақы береді екен. Еуропаның кей елдерінде утиь алымның орнына жол салығы, экологиялық салық енгізілген. Көлік ескірген сайын оның салығы арта береді. Сондықтан еуропалықтар ескіні өткізіп, жаңасын алуға асығады.
Мәліметтер бойынша, халықаралық тәжірибеде АҚШ сияқты кейбір елдерде автомобильдендірудің жоғары деңгейіне байланысты 1960 жылдарға қарай машиналарды кәдеге жарату жөнінде дамыған инфрақұрылым қалыптасып үлгерді. Аталмыш елде ескі автомобильдер массасының 70-90 пайызы қайта өңдеуге жатады. АҚШ-та машиналарды кәдеге жарату кәсіпорындары шамамен 14 миллион тонна болат, сынап сияқты материалдардың үлкен көлемін айналымға қайтарады. Ал, көрші Ресей Федерациясында 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап ресейлік автоөндірушілерден кәдеге жарату алымы өндіріліп, 2020 жылдың 1-қаңтарынан автомобильдердің кейбір түрлері үшін жинау коэффициенті екі еседен астам өсті. Бүгінде көрші мемлекетте кәдеге жарату алымының базалық ставкасы 20 мың рубльді құрайды. Ол қозғалтқыштың литріне және автомобильдің жылына байланысты жоғарылату коэффициенттерін қолданады. Мысалы, 2021 жылы шығарылған, моторы 2.5 Toyota Camry үшін кәдеге жарату алымының мөлшері 281 600 рубльге тең. Ол біздің валютаға шаққанда шамамен 1 млн 600 мың теңге болады.
Сондай-ақ, Жапонияда автомобильдерді кәдеге жарату саласындағы заңнамалық актілер 2002 жылы пайда болып, құжаттар 2005 жылғы қарай күшіне енген. Сомасы 7 мыңнан 18 мың теңгеге дейін немесе 26 мыңнан 69 мың теңгеге дейін түрленеді. Бұл ретте оларды әрбір модель үшін автоөндірушілердің өздері бөлек есептейді. Ескі Toyota Avalon (MCX10) седанды кәдеге жарату, жинақтауға байланысты 12 мыңнан 12.7 мың иенге дейін біздің ақшамен есептегенде 45 мың 700 теңгеден 48 мың 600 теңге аралығы. Ал Еуроодақ елдерінде жеңіл автомобильдерге арналған кәдеге жарату алымы шамамен 100 еуроны құрайды. Бұл елдерде сатылған АвтоВАЗ автомобильдерінің қайта өңдеу коэффициенті 97 пайыздан асса, Украинада кәдеге жарату алымы 2013 жылдың 1 қыркүйегінен бастап енгізіледі. Оның мәні машинаның жылына және қозғалтқыштың көлеміне байланысты есептеледі. Автомобильдер үшін 5,5 мың гривен және жүк көліктері мен автобустар үшін 11 мың гривен төлейді. Ал, беларустіктер кәдеге жарату алымын 2014 жылдың 1 наурызынан бастап енгізді. Оның ақысы автомобильдің санатына, жылына, қозғалтқыш көлеміне және мақсатына байланысты анықталды.

P.S.: Қорыта айтқанда, утиль алымның бағасы тұрақтанып, мақсатты жұмсалса, ел экономикасындағы қордаланған мәселелердің біразы шешілуі мүмкін. Өйткені, алым азайса тасымал құны түседі. Сәйкесінше, азық-түлік пен тұрмыстық техника бағасы да арзандайды. Демек, утиль алым – экономиканы әртараптандырудың тетігі. Міне, экономика дегеніміз осы. Бір тетігін тазаласаң басқасы да жөнге келеді.

Айсұлу АЛДАНАЗАР
15 ақпан 2022 ж. 2 470 0