№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » «Оператор РОП»-тың көлік нарығына әсері қандай?

«Оператор РОП»-тың көлік нарығына әсері қандай?


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қалың елдің көкейінде жүрген мәселелерге тоқталып, «Оператор РОП» компаниясының жұмысын тоқтатуды тапсырды. Иә, жаңа Үкіметке осындай тың міндет жүктелді.
– «Оператор РОП» ЖШС-нің қызметі көптеген сұрақ тудыруда. Тіпті осы жеке компанияға қарсы белгілі бір қоғамдық қозғалыс ұйымдастырылды. Үкіметке «Оператор РОП» компаниясының утильдік алымға иелік етуін, сондай-ақ, утильдік алымды әкімшілендіруді тоқтату үшін шаралар қабылдауды тапсырамын. Бұны­мен шет елдердегідей мемлекеттік ұйым айналысуы керек. Алымдардың өзіне келсек, олардың мөлшерлемесі қайта қаралуы қажет. Мемлекеттің қайта өңдеу, автомобиль өнеркәсібі мен ауылшаруашылығы техникасын қол­дау функциясын ешкім жойған жоқ. Бұл мәселені бизнеспен және қоғаммен талқылау керек. Отандық авто және ауылшаруашылығы техникасын сатып алушыларға утильдік алым есебінен ваучерлер беру мәселесін қарау қажет. Оның қаражатын пайдаланудың басқа да қоғамдық пайдалы тәсілдерін пысықтау керек, – деді Мемлекет басшысы.
Демек сынға ұшыраған «ӨМК опе­раторы» (Оператор РОП) серіктестігінің қызметі енді мемлекет құзырына берілмек. Мемлекет басшысы осы тапсырмасымен утильалымға қарсы тұрғындардың екі тілегін орындады. Оның біріншісі, ути­лизациялық алымның ставкаларының қайта қаралуы. Ол Еуропа елдерімен салыстырғанда шамамен 25 есеге көп. Ал ол жақтағы өмір сапасы біздің елді­кімен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Мәліметтерге сүйенсек, бұл сома Бельгияда 84-208 еуро айналасында болса, Норвегияда 45 еуро, Жапонияда 80 долларды құрайды. Екіншісі, халықтың салған салығы жеке компанияның қалтасына емес, мемлекеттің меншігіне өтетін болды. Ақпарат көздеріне сүйенсек, соңғы 5 жылда «ӨКМ операторы» ЖШС-нің шотына 650 млрд теңге түскен. Алдағы уақытта бұл қаражат мемлекет қазынасына түсетін болады.
Мәселен, биылдан бастап айлық есеп­тік көрсеткіштің (АЕК) 5 пайызға өсуіне байланысты утилизациялық алым мөлшері де көбейгенін kolesa.kz сайты хабарлаған болатын. Естеріңізге сала кетсек, өткен жылы АЕК 2917 теңге болса, биыл 3063 теңге болып көтерілді.
Жалпы, утилизация дегеніміз – көлікті елге әкелгенде төленетін алым. Оны қазақстандық автоөндірушілер, ресми импорттаушылар мен шетелден көлік әкелетіндердің барлығы төлеуге міндетті.  2016 жылдан бері елге әкелінген көліктерге салынатын утилалым көлемі автомобильдік қозғалтқыш көлемі мен түріне байланысты 460 мыңнан 14 млн теңгеге дейінгі соманы құрайды. Төлемнің бұл түрі көлік тіркеуге алынбай тұрып төленеді. Аталмыш төлемді есептеуде базалық мөлшерлеме ретінде 50 АЕК қолданылады. Биылғы есеппен 50 АЕК – 153 мың 150 теңгеге тең. Енді осы теңгені көліктің түрі мен категориясына байланысты коэфицентке көбейтеміз. Мәселен 2,5 литрлік моторы бар Toyota Camry көлігін елге әкелу үшін 1 млн 531 мың 500 теңге утилизациялық алым төленеді. Ал 3,5 литрлік қозғалтқышы бар Toyota Camry үшін 3 млн 522 мың 450 теңге төлеуге тура келеді. Бұл – көліктің өз құны мен кедендік рәсімдеу құнын қоспағандағы баға. Ал бұл сома Ресейде теңгемен есептегенде 1 миллионға да жетпейді.
Айта кетейік, биылдан бастап, тоқпен жүретін көліктер яғни, электромобильдер утилизациялық алымнан босатылды.
– Президенттің бастамасы өте орынды болды. Қарап отырсақ қазір біздің аудандағы көліктің барлығы ескі. Өйткені тұрғындардың жылы жаңа транспорт алуға әлеуметтік мүмкіндігі жоқ. Осы «Оператор РОП» компаниясы құрылған кезде жаңа көліктердің ауаға зиянды газды шығармайтынына жүгініп, экологияны алға тартқан болатын. Егер алым көлемі азайса экологиялық тазалық та өздігінен қалпына келер еді. Өйткені, жылы жаңа Toyota мен Mercedes-Benz-ке қолы жеткен халық ескі көліктерден өзі-ақ бас тартады, – дейді аудан тұрғыны Ғалымжан Рысбеков.
– Ауыр көлікпен нәпақамызды тауып отырмыз. Жаз айларында шекара асып Ресейге өтеміз. Қарбыз-қауын сатып болған соң қайтарда ресейлік көліктерді елге әкелуге тырысамыз. Өйткені бағасы қолжетімді. Ал, бізде сұраныс жоғары. Ресейліктердің көлікті арзан сатуының басты себебі – ол мемлекетте белгілі бір уақыты келіп, көлік ескірген соң жүргізуге рұқсат бермейді. Енді ондай көлікті не істейді? Бізге арзан сатады. Егер біздің елде де салық азайып, баға тұрақтанса бізге де зауыттан шыққан көлікті басқару бұйырар еді, – дейді кент тұрғыны Ерқанат Еркінов.
Статистикаға сүйенсек, елге соңғы 5 жылда кірген кез-келген автокөлік бағасында оның бастапқы құнынан бөлек 15-25 пайыз аралығындағы ультиалымның ақшасы бар. Бұл әр автокөліктің жылы мен қозғалтқыш көлеміне байланысты есептеледі. Мәселен, бүгінде елдегі көліктердің 70 пайызын зауыттан шық­қанына 10 жылдан асқан транспорттар құрайды. Осыдан-ақ, экологияға келген зиянды пайымдасақ болады.

Айсұлу АЛДАНАЗАР
16 қаңтар 2022 ж. 1 947 0