№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Семинар өзегі – ізденістер мен әртараптандыру бағыты

Семинар өзегі – ізденістер мен әртараптандыру бағыты

Жаңақорған – аграрлы аудан. Төрт түлігін төлдетіп, егіннен мол өнім алу үшін алажаздай тер төгетін жаңақорғандық шаруалардың еңбегі ескерусіз қалған емес. Оған соңғы жылдары «Үздік аудан», «Озық аудан» атануы дәлел. Дегенмен, Сырдария өзеніндегі судың деңгейі алаңдатпай қоймайды. Аудан әкімі Руслан Рүстемовтің тың бастамасымен ұйымдастырылған бүгінгі семинарда осы турасында талқыланды.
Маңызды жиынға облыстық ауылшаруа­шылығы басқармасының басшысы Шах­мардан Қойшыбаев, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шаменов, «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы директоры Хамит Биімбетов, «Арал - Сырдария» бассейндік инспекциясының су пайдалануды реттеу және басқару бөлімінің басшысы Сейтқасым Әбуов, «ҚазАгроҚаржы» АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Ораз Қарақожаев агротехнология, мелиорация және топырақтану бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері Камалдин Шермағамбетов арнайы қатысты.
Семинар модераторы Жаңақорған ауданының әкімі Руслан Рүстемов:
– Келінтөбе магистралды каналына су тоспасын салу мәселесі Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстарды реттеу вице министрі Серік Қожаниязовтың облысқа келген іс - сапарында көтеріп, Қызылорда облысының 2021 жылға мәжіліс хаттамасына енгізіліп, аталған министрліктің су ресурстары комитетіне Жаңақорған ауданы аумағына су тоспасы құрылысының салу мәселесі қарастырылып жатқанын жеткізді. Келесі кезекте Келінтөбе және Сунақата каналын тазалау жұмыстарын жүргізіп тұру маңызды. Бұл бағытта біз қол қусырып қарап отырғанымыз жоқ. Биылғы жылға аудан бюджетінен 4 каналды тазалауға 68,1 млн теңге қаралып отыр, – деді.
Келесі сөз алған аудандық ауыл­шаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев көктемгі егіс жұмыстарына дайындықтың барысы жайлы баяндады.
– Биылғы жылға, облыс әкімімен аудан бойынша егілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының сызбасы бекітілген болатын. Бекітілген сызбаға сәйкес, үстіміздегі жылы аудан бойынша 36 108 гектарға немесе өткен жылмен салыстырғанда 768 гектарға артық егiс егу межеленіп отыр. Жалпы ауданда ауыл шаруашылығы өндірісімен айналысатын 781 шаруашылық құрылымдарының 485 - і егін шаруашылығымен айналысады. Оның ішінде, 200 шаруашылық күріш өсірумен айналысқалы отыр. Ауданда соңғы үш жылда ауылшаруашылығы дақылдарын әртараптандыруға басымдық берілуде. Биылғы жылы да осы жұмыстарды жалғастыру мақсатында дәндi дақылдар 12 840, майлы дақылдар 2037, мал азықтық дақылдар 18181, картоп, көкөнiс, бақша 3050 гектарды құрап, негізгі дақыл күрiштің көлемі 7300 гектарға жоспарлануда. Ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдары биылғы жылдың егісі үшін 4590 гектар күздік бидай егуді және 7200 гектар сүдігер айдауды қамтамасыз етті, – деді.
Облыстық ауылшаруашылығы басқар­масының басшысы Шахмардан Қойшы­баевтың сөзінше, күріштің көлемін азайтып, егінді әртараптандыру маңызды.
Қазір Сырдария өзенінен Шардара су қоймасына 567 метр куб су келуде. Ал, Шардараның жалпы сыйымдылығы 5,2 миллиард текшеметр болса, қазір 3,9 миллиард текшеметр су жиналды. Көксарай су реттегіші 3 миллиард текше метр су қабылдауға қауһарлы болса, онда 1 миллиард текшеметр су бар. Дәл қазір Сырдария өзенінде 100 метр куб су ағуда. Бұл – жылдағы су мөлшерінен бірнеше есе төмен. Ең басты және алаңдатарлық жағдай – Қырғызстандағы Тоқтоғұл су қоймасы 19,5 миллиард текше метр су қабылдай алады. Қазір онда 10 миллиард текше метр су жиналды. Бұл – жылдағы мөлшерінен бірнеше есе аз. Оған Өзбекстанның дария суын қажетінше пайдаланатынын қосыңыз. Бұрын шөміштеп ішетін суды енді қасықтап ұрттауға тура келетін уақыт келді, – деді басқарма басшысы.
Сырдария өзенінің соңғы жылдардағы су деңгейінің күрт төмендеп кетуі және су көлемінің  алдағы болжамына сай суды  үнемдеп пайдалану мақсатында Сырдария өзеніне су тоспасын салу қажеттілігі туындап отыр. Әрине, судың  каналға өз ағысымен баруы үшін тоспаның мүмкіндігі мол. Бірақ қазіргі қаражаттың қысқаруына байланысты дарияға тоспа салу үлкен мәселе болып тұр. Тоспа салынған жағдайда Сырдария өзенінен келетін судың көлемі ұлғайып, судың деңгейіне тәуелсіздіктен арылып, егісті әртараптандыру үшін бақша, көкөніс егісінің көлемін ұлғайтып аймақты біршама бақша өнімдерімен қамтуға да мүмкіндік туар еді, – деп өзекті мәселе көтерген аудан басшылығы ұсынысын облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды басқару және реттеу бөлімінің басшысы Бауыржан Шәменов қолдайтынын және тиісті мүмкіндіктерді қарастыратынын жеткізді.
Иә, расымен ауданның жерінің құнарлы болуы егіс егіп, кәсіппен айналысуға қолайлы.Алынған өнімді сақтау үшін Қожамберді,Ақүйік елді мекендерінің маңынан 2 мың тоннаға арналған 2 көкөніс сақтау қоймасы салынып жатыр.
«КазСушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Қызылорда филиалының директоры Хамит Биімбетов бірізділіктен құтылуға тиістігімізді, өйткені заман ағымы мұны көтермейтінін жеткізді.
Иә, расымен биыл дария суының аздығы біраз шаруа күрделенгелі тұр. Семинарда сөз алған Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының су пайдалануды басқару және реттеу бөлімінің басшысы Сейтқасым Абуов жылдағы су деңгейі мен межені түсіндіріп берді. Суды үнемдеудің жолына көшу керектігін тағы бір тілге тиек етті.
– Биылғы жыл облыс шаруалары үшін оңай болмайын деп тұр. Жыл сайын күріш егіп, дағды қалыптастырған қожалық иелері егістікті әртараптандыруға маңыз беру керек, – десе, Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми – зерттеу институтының Агротехнология, мелиорация және топырақтану бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері Камалдин Шермағамбетов нарықта сұранысқа ие, экспортқа шығарылатын өнім түрлерін және суды аз қажет ететін дақылдарды шақырды: – Соңғы жылдары шығарылған «Ай Керім», «Сыр сұлуы» күріші және «Алтын арай», «Зарина» аталатын сорттары өзгелеріне қарағанда біркелкі, биік әрі тығыз өсіп келеді. Мұның басты себебі, аталған дақылдардың  өңір табиғатының ерекшелігіне бейімділігі. Десе де, суды мейлінше аз қажет ететін дақылдарға ауысу қажет, – деді.
Жиынды соңын «ҚазАгроҚаржы»  акцио­нерлікқоғамы Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Ораз Файзуллаұлы қорытып, осыған дейін 6 млрд теңгеге жеңілдетілген жолмен техника алынғанын және ауылшаруашылығы техникаларын алу жолдарын түсіндірді.
Семинарда күріштің көлемін азайтып, суды аз қажет ететін дақылдарға басымдық берудің маңызын осылай түсіндірді.Семинардың соңы шаруақожалықтар тарапынан өзекті ұсыныс - пікірлер айтылып, сала басшылары тұшымды жауаптар берілді.
Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА
07 наурыз 2021 ж. 3 659 0