» » Қытай қуаты

Қытай қуаты


Сарапшылар әлемдік тәжірибеде 40 жыл бойы жылына ЖІӨ 9 процент өскен Қытайдан басқа ел жоқ дейді. Шынында, Қытай рекордтық көрсеткіш қуалаудан алдына жан салмайды.


Қараңызшы, әлемдегі ең ұзын кө­пір Қытайда. Оның ұзындығы 55 шақы­рым­ды құрайды. Бұл көпір Гонконг-Ма­као-Чжухай қаласын байланыстырады. Жалпы, жаһандағы ең ұзын 10 көпірдің 7-і Қытайда.
Қытай әлемдегі ең көп биік ғимараттарға ие (150 метрден жоғары). Бұл қатарға 600 метрді құрайтын «Canton» телемұнарасы, сондай-ақ, Гуанчжоу қаласындағы екі ғимарат: «CTF» қаржы орталығы (530 метр) мен «IFC» халықаралық қаржы орталығы (440 метр) атауға болады. Әлемнің ең ұзын 10 ғимаратының 5-і Қытайда.
Әлемдегі ең ұзын су астындағы ав­томобиль туннелі Қытайда. Тайху көлінің астынан өтетін тунель Сучжоу- Вуси-Чанчжоу экспресс жолын байла­ныстырады. Оның ұзындығы 10,79 шақырымды құрайды.
ХХ ғасырдың 60 жылдары кедей аграрлы ел саналған Қытай әлемдік деңгейдегі қуатты елге қалай айналды?
Дэн Сяопин реформалары өнер­кәсіпті, қызмет көрсету саласын да­мытуға басымдық берді. 1979 жылдан бастап Қытай өнеркәсіптік кәсіпорындарды жаңғырту және салу үшін шетелдік инвесторларды тартып, шетелдік компаниялар үшін арнайы экономикалық аймақтар құрды.
Бұл бағытта 14 жаңа қала мен порт ашылып, инвесторлар үшін арнайы валюта айырбастау пункттері іске қосылды. Сөйтіп, бірте-бірте Қытай экономикасының ауыл шаруашылығына тәуелділігі азайып, өнеркәсіптік өндіріске бағыт алды.
Өнеркәсіп пен экспорттың өсуі Қы­тай экономикасына серпін берді. Дүние­жүзілік банктің мәліметінше, 1976 жылы ЖІӨ-нің орташа жылдық өсімі – 1,6 процент деңгейінде тіркелсе, 1990 жылы – 9,9 процент, 2000 жылы – 10,3 процент, 2018 жылы – 6,6 процент. 2000 жылы Қытайдың әлемдік экономикадағы үлесі 3,6 процент болса, 2018 жылы 18,3 процентті құрады. 2028 жылға қарай Қытай экономикасы АҚШ-ты басып озады деген болжам бар.
Қытайдың тауар экспорттық деңгейін сараласақ: 1970 жылы – 2,7 млрд доллар құраса, 1990 жылы – 55,3 млрд доллар, 2010 жылы – 1 654,8 млрд доллар, 2020 жылы – 2 726,1 млрд долларға жетті. Ал, АҚШ-тың экпорттық әлеуеті келісідей: 2010 жылы – 1 968,2 млрд доллар, 2020 жылы – 2 405,3 млрд доллар. Яғни Қытай қазірдің өзінде эспорт жөнінде АҚШ-ты басып озды.
Қытайдың әлемдік экономикадағы орны туралы айтқанда, ЖІӨ: 1990 жылы – 12 орын, 2020 жылы – 2 орын; ауылшаруашылығы саласында: 1990 жылы – 2 орын, 2020 жылы – 1 орын; өнеркәсіп саласында: 1990 жылы – 9 орын, 2020 жылы – 1 орынды көрсетеді.
Қытай экономикасында қызмет көр­сету саласы – 35,2 процент, өнеркәсіп саласы – 30,8 процентті құрайды. Бұл екі сала табыстың басым бөлігі екені айтпаса да түсінікті. Одан кейін сауда-саттыққа – 11 процент, ауылшаруашылығы саласы – 8 процент, көлік және логистика саласы – 7,8 процент, құрылыс саласына – 7,2 процент тиісілі.
Қытай әлемдік экономиканың көш­басшысы болуды жасырмайды, әрі арзан тауар мен жұмыс күшін жеткізуші емес, инновациялық технология өндіретін локомативке айналуды мұрат етеді. Тіпті жаһанданудың сценарийін істеуге ниетті. Бұл сөзімізге Қытай төрағасы Си Цзиньпин 2017 жылы Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумда «...біз экономикалық жаһандануға бей­імделіп қана қоймай, оның кері әсерін азайтуымыз керек. Ұнаса да, ұнамаса да жаһандық экономикадан – қашып құтылу мүмкін емес үлкен мұхит» деп мәлімдеді.
Міне, Қытай осы мұхитта жан-жағын түгелімен жұтып жіберуге дайын. Оған кедей және дамушы елдер­ді экономикалық экспансия жасауы дәлел болады. Мәселен, REGNUM агенттігі Қытайдың Африка елдеріне инвестициясы соңғы 20 жылда 225 есеге өскенін хабарлайды. 2003 жылы Қытайдың Африкадағы инвестиция көлемі 74,8 миллион доллар болса, 2020 жылы 4,2 миллиард долларға жетті. Жалпы, 2019 жылға дейін Қытай Африканың 54 елінің 52-сіне инвестиция салды.
Қытай Орта Азия елдерінің энергетикалық ресурсына қызығушылығы жоғары. Өз кезегінде Қазақстан билігі де Қытайды инвестициялық ынтымақтастық саласында маңызды серіктес ретінде санайды. 1993 жылы Қытайдан 5 миллион доллар инвестиция салса, 2019 жылы 340 есеге өсіп, 1,7 миллиард долларды құрады. Дерек көздерінде, Қазақстан Қытайға 11 миллиард доллар қарыз деген мәліметті оңай табуға болады.
Жаңа Қазақстанның бір сипатын – сыртқы қарызы жоқ, ішкі ахуалы халыққа ыңғайлы болуынан көреміз. Терең саяси талдау жасайтын болсақ, Қазақстанның жарты дәулетін иемденген, құлқы мен қамын күйттеген 162 адам туралы жазуға тура келеді. Сондықтан мұны алдағы уақыттың еншісіне қалды­рып, Қытай өркениет көшінде алдыңғы орынға шығудың сырына тоқталсақ:
– саяси жүйенің тұрақтылығы;
– арзан жұмыс күші;
– оңтайлы валюталық саясаты;
– әлемдік технологиялық брендтерді көшірудің тиімді әдісін табуы;
– экспортқа бағытталған өнеркәсіп саясаты;
– салықтық жүйеде қатаң талаптар­ды қойып, көлеңкелі экономиканы құрықтауға күш салуы;
– жемқорлыққа қарсы оңтайлы жұмыстарды жүргізуі, шешуші рөл атқарғанын ұғамыз.
Енді осы 7 пункт бойынша біздің елде қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр, өздеріңіз бағамдап көріңіздер...

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

01 тамыз 2022 ж. 2 824 0