№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жапонияның бизнесті дамытудағы ерекшелігі көп

Жапонияның бизнесті дамытудағы ерекшелігі көп



Озық елдердің тәжірибесінен шағын және орта бизнесті дамыту арқылы әділ бәсекелестік қалыптастырып, дамудың даңғыл жолын тапқанын көруге болады. Шынында, кәсіпкерлік – қуатты мемлекеттің негізі болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжілістегі отырыста бизнестік дамытуда санға емес сапаға мән беруді, бәсекелестік ортаны қалыптастыруды, өнім өндіруге мән беруді тапсырды. Тапсырма орындалуымен құнды. Енді Үкімет пен әкімдер корпусы бұл бағытта ізденіп, жұмыс жүргізеді. Ал, біз озық елдердің кәсіпкерлікті дамыту тәжірибесін алға тартып, алдымен Жапонияның дағды-машығы туралы жазуды жөн көрдік.

Бірінші Күншығыс елінде кәсіп бастап, шағын бизнестің шырайын келтіріп жүрген қандастардың тіршілігі туралы тоқталайық.
Бүгінде сырт елде жүріп, шағын кәсібін жүзеге асырған Жадыра Сем­байдың «Қамшы» тілшісіне берген сұхбатынан қысқаша үзінді келтірейік. Ол Жапонияға қоныс аударып, жоғары білім алуды Токио қаласында жалғастырады. Оқи жүріп, өзінің шағын кәсібін ашып, бүгінде үлкен бизнесті дөңгелетуде. Моңғолияға көлік сатумен, Қазақстанға автобөлшектер тасымалдаумен айналысады. Жадыра Моңғолияда 10 сыныпты бітіріп, Токиоға оқуға тапсырмақшы болғанында жергілікті тәртіп бойынша жоғары оқу орнына түсу үшін Жапонияда 11, 12-сыныпты оқуға мәжбүр болады. Оны тәмәмдағаннан кейін ғана университетке тапсырады.
– Жапонияда 2 жыл мектепте оқу міндетті болғандықтан, сол жер­де жүріп жапон тілін үйрендім. Әри­не, бастапқыда қиналдым. Бірақ жапон тілінің грамматикасы қазақ тіліне ұқсас болғандықтан, тілді тез меңгердім. Магистратурадағы алғашқы мамандығым – қоғамдық қызмет көрсету (мұқтаж жандарға көмектесу) болса, екіншісі – бизнес және менеджмент. Ол жақта түлек мектеп бітіргеннен кейін грантқа түскісі келсе, оған әртүрлі университетке құжат тапсыруға 3 мүмкіндік беріледі. Біріншісінде түсе алмаса, қалған екі университетке бағын сынап көреді. Егер үшеуінде де оқуға түсе алмаса, онда бұл – талапкер білімінің төмендігінің көрсеткіші болып саналады, – дейді ол.
Жадыра Жапонияда дәретхана жуушы ретінде еңбек жолын бастайды. Айтуынша, әрбір адам бұл жұмысқа енді араласқан кезде істейді. Біздің қоғамда ыдыс жуып, дәретхана таза­лайтындарды қара жұмысшы санаса, Жапония үшін әжетхана тазалау кез келген адам айналысатын қалыпты жағдай. Бұл адам өзінің эгосын жеңе білуі үшін қажет. Әрі кез келген компанияда өрлегің келсе, бастапқыда осы жұмыстан бастайсың. Бір жағынан мұндай нәрсе дүниенің қадірін біліп жүру үшін жасалатынын алға тартады.
Жапонияда шағын кәсіпорындар үлесіне өндірісті өнімнің 50 пайызы, көтерме сауданың 60 пайызы кіреді. Еркін нарықты бәсеке шағын кәсіп­орындардың сыртқы ортаға бейімделуіне көмектеседі. Елдегі бизнесті мақсатты түрде бюджеттен қаржыландыруды, әрбір министрлік пен ведомоство өз шығындар бюджетіне шағын бизнеске жұмсайтын қаржыны кіргізеді. Кәсіпорындар жеңілдетілген салық мөлшерлемесін қолданады. Қазіргі таңда Жапония шағын және орта кәсіпорындар бойынша жалпы ұлттық өнімнің 80 пайызға жуығына ие болып отыр.
Енді қандай бизнес түрлері жақсы дамыған дегенге келсек. Көбіне кішігі­рім кәсіпорындар бөлшек, қоғамдық тамақтану, қызмет көрсету, құрылыс және машина жасау саласында жұмыс жасайды. Негізінен Күншығыс еліндегі кішігірім кәсіпорындардың табысты дамуы – бұл үкімет жүргізіп отырған белсенді экономикалық саясаттың жемісі.
Мемлекеттік қолдау шаралары көбіне шағын инновациялық және ынталы кәсіпкерлерді оқыту деңгейін арттыруға бағытталады. Үкімет қо­сымша білім алуға ақша бөлсе, шағын компаниялар қызметкерлері үшін арнайы курстар ашады. Сонымен қатар, Жапонияда ШОБ қаржыландыру мәселесі түрлі мемлекеттік және жекеменшік мамандандырылған ұйым­дардың арқасында шешіледі.
Сырымбек Тау есімді кәсіпкер «Forbes-қа» берген сұхбатында жапон­дармен жұмыс жасаудың қиын екенін айтады.
– Жапондармен жұмыс істеу қиын. Біз Yokohama-мен жұмыс істемес бұрын Triangle Tire Co. компаниясының дистрибуциясын алған едік. Ол да әлемдік бренд, халықаралық брендтер арасында он бірінші орында тұр. Дегенмен кәсіп бастаған соң көзін табу керектігін алдыңғы орынға қойдық. Не керек, тіл табысып, жапондықтардың тауарын неміс елі арқылы алып келуге жол ашылды. Біздің түсінгеніміз, жапондықтар жері мен тілін, әсіресе ұлтын қатты қадірлейді. Тіпті, ұлттық дәстүрден айырылып қалмас үшін күріш өсіреді.
Жапон сарапшылары «ғаламтор бас­пасөзді басып кететін болды» деп қауіптенуде. Өйткені Жапонияда баспа­сөздің үлесі әрдайым басым болғанымен, ғаламтордағы ақпараттар тасқыны қоғамға өз әсерін тигізуде. Онда аға буынның ақпаратты негізінен газет-журналдардан алатыны айқын. Жалпы жапондықтар газеттерді сенімді ақпарат көзі деп біледі. Демек, газет өндірісі де шағын бизнестің көзіне айналды.
Жапондық бизнестің тағы бір ерекшелігі – аймақтарға және олардың өнімдеріне ерекше назар аудару. 1979 жылы бұл ерекшелік «бір ауыл – бір өнім» жеке экономикалық моделіне айналды. Оны Жапон губернаторы Оита Морихико ойлап тапты, ол Хирамацу префектурасын 24 жыл басқарды және бастапқыда бұл аймақтың өмір сүруіне көмектесуі керек еді.
Жаңақорған – аграрлық аудан. Бізде де «бір ауыл – бір кәсіп» бағытында жұмысты жандандыруға әбден болады. Төрт түлікті төлдетіп, түлете беру бұл аудан экономикасы үшін тиімсіз. Мал өнімдерін өндеу жолға қойылса. Мәселен, жүн, тері өңдеу, сүт өткізу және т.б. Соңғы жылдары ауданда отбасылық бизнестің бір ұшы шығып келеді. Мәселен, Кейден елді мекендегі жүгері сусыны, Жаңаауыл аумағындағы тор сетке және жиһаз жасайтын шаңырақты мысалға келтіруге болады. Міне, жапон әл-ауқаты осындай тетікпен байыды, ол үшін жақсы жарнама және сапалы өнім керек.
Күншығыс елі ШОБ-ты жаңғырту үшін несие мен жеңілдікті қаржыланыру мен кепілдік пен сақтандыру арқылы 20 жылға 1,05 пайызбен береді. Бізде жай несие алу үшін әр банктің қайтарым пайызын айтудың өзі ұят.
Қорыта айтқанда, біздің зерделеу жұмысымызға уақыт туралы аздық етті, бірақ біз жапон халқынан түйгенімізді сөз соңына түсірейік. Жапония ең бірінші мәдениетке қарайды, екінші білімге мән береді. Тіпті, 5 сынып оқып жүргенде-ақ оқушылар ғылымға бет бұра бастайды. Яғни қиялына ерік беріп, өнім шығаруды жүзеге асырады. Үшінші, бұл ел өз тілін қатты құрметтейді және жапонша сауда жасағанды жақсы көреді. Төртінші кезекте, елде сенім бар, бірақ бірінші ұлтқа қызмет жасайды, сосын шетелдік импортқа шыға бастайды. Міне, біз көп үйренуге тиісті жапон ұлтының ерекшелігі осы.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
16 қаңтар 2022 ж. 2 213 0