№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» Сын сағаты соққанда

Сын сағаты соққанда


Бірнеше күн Ақтөбе облысының аумағында қатты боран болуына байланысты республикалық маңызы бар М-32 «Самара-Шымкент» автомобиль жолының 1240-1357 шақырымы аралығы уақытша жабылып, батысқа қарай бет алған барлық көлік қозғалысына шектеу қойылғаны баршаға белгілі. Жағдай тұрақталғанша Жаңақорған ауданына қарасты Жаманбай батыр, Манап, Қожамберді ауылдарының және Жаңақорған кенті аумағындағы автотұрақтарға жолаушылар аялдады. Біз осы жағдайды көзбен көріп, көлік иелерінің жай-күйін сұрап қайтқан едік.


Осы күндері аудан әкімдігі тұрақтар­дың иелерімен келіссөздер жасап, тегін тұтынуға жол ашты. Мәселен, күре жол бойындағы мейрамханалар мен азық-түлік дүкендері, т.б. қызмет көрсететін кәсіпкерлердің азық-түлік пен тамақ бағасын көтермеуі қатаң бақылауға алынды. Төтенше жағдайлар бөлімінің барлық қызметкерлері, жол полицейлері көлік пен көлік жүргізушілердің қауіпсіздігі үшін ауысымдық кезекшілікпен тәулік бойы жұмыс жасады.
– Мұнда тоқтатылған көліктердің маркалық номерін, құжатын тіркеп отырамыз, әрі қозғалысқа ыңғайлы етіп орналастыруды да назарда ұстаймыз. Көлік иелерінің арасында татулық болуын, ауа райының жаңалықтарын қадағалап отырмыз. Жол ашылғанша әр көліктің жай-күйі назарда болады, – деді төтенше жағдайлар бөлімінің инженері Азамат Қорғанбаев.
«Би-бек» тұрағында 138 көлік бар. Мұнда аялдаған бірнеше көлік иелері көлігін сатып, үйіне оралуда. Соның бірі Абдурохим Назимов: «Осында тұ­рақтағаныма екі күн болды. Россияға пияз алып бара жатқан едік. Пиязымды жергілікті кәсіпкерге төмен бағада сатып, фура көлігімді OLX арқылы түркістан­дық азаматқа арзан бағада өткіздім. Бір сағатта келіп, алып кететін болды. Түнгі рейспен Ташкентке ұшақ билетін рәсімдеп қойдым, – деді ол.
Көлік жүргізушілердің көбі Қырғыз­стан, Өзбек­стан елінен екеніне көз жетті. Олар Ақтөбе, Орал, Батыс Қазақстан арқы­лы Ресейге тауар тасымалдауды жолға қойған екен.
Жаңақорған ау­даны Қожамберді ау­ылдық округіндегі «Жан-Арай» сервистік қызмет көрсету кешенінде ауыл кә­сіпке­рі Абылайхан Серікбайұлының де­меушілігімен Жаңақорған ауданы әкімдігі, ауылдық округ әкімшілігі қызметкерлері, ауыл жастарының қатысуымен жолда қалған жүк көлік жүргізушілеріне бір реттік ыстық ас үлестірді.
Жаманбай батыр ауылдық округіне қарасты «Айнұр» көлік тұрағына 170-тен аса көлік тұрақтады. Осы аумақты үш күн бойы жол полицейлері мен төтен­ше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері кірпік қақпай күзетті. Жергілікті халық та жолаушылардан қамқорлығы мен қолдау­ын аянбады. Тарқатып айтсақ, Жаманбай ауылдық округі, Манап, Талап, Қосүйеңкі, Қыраш ауылының еріктілері ерледі. Таң­ғы ас, түскі ас, кешкі ас-ауқатын кезек­­­пен ұйымдастырды. Осындай ауқымды іс­тің басы-қасында жүріп, қонақжайлылық танытқан Жаманбай ауылдық округінің әкімі Әлібек Абдуллаевпен тілдескен едік.
– «Төтеннен болған жағдайда ел бо­лып, сын сағатта ауызбіршілігімізді таныт­тық. Ауылдағы қарапайым тұрғындардан бастап, ел ағалары, жастар, шағын кәсіп иелері бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ынтымақпен қайырымды іс атқардық. Әр ауылдағы азаматтар өзі­нің шама-шарқынша қолдауын білдірді. «Көп түкірсе көл» демекші, әрқайсысы көмек-қолдауын білдірді. Мәселең, түскі асты Түгіскен ауылының тұрғындары ұйымдастырса, кешкі асты Жаманбай батыр ауылының жастары үлестірді. Тұрақ иесімен мәмілеге келіп, тегін қызмет көрсетуін әрі бағаның тұрақтылығын назарға алдық», – деді ол.
Келесі күні бір топ жаңақорғандық жүргізушілер қауымы бірлесіп түскі ас ұсынды. Олардың қатарында Қуаныш Жұманов, Нартай Батталов, Бағдат Мырзашев, Мұхамеджан Ахметов, Камал Сержан, Дастан Досантаев және Нұрлан Әбибуллаұлы тосын жағдайға тап келген әріптестеріне қолдау бергелі келіпті. Құдайы ас беріп, Жаратқаннан ауа райының жақсарып, қалыпты тіршілік тынысын тілеген үлкендер жағы ақ батасын беріп жатты.
– «Адам баласынан мейірім қашса, жер бетінен жақсылық қашады» демек­ші, осындай күйге түскен жолаушы бауыр­ларымыздың шарасыз күйін көрген аудандағы ерікті азаматтарымыз жолда қалып қойған көлік жүргізушілеріне ыстық тамақ, сусындар үлестірді. Барша атсалысқан жандарға алғысым шексіз. Ниетіміз түзу, мейірімді, жылы жүректі, қайырымды болайық, ағайын! – деді тәжірибелі көлік жүргізушісі Қуаныш Жұманов.
Мұнда медициналық көмек көрсетуге бір топ мамандар кезекшілік жасады. Оның алғы шебінде аудандық ауруха­на басшысының орынбасары Бақытжан Әжібеков бастаған топ дәрігерлік қызме­тін аямады. Мұндағы 150-ден астам азаматтардың дене қызуы, қан қысымы күнделікті тексерілді. Төтенше жағдай­дың алғашқы күнінде тұраққа қойыл­ған жүк көлігінің иесі жағдайы нашар­лап, аудандық аурухананың реанимация бөліміне жеткізілді. Бұл туралы жауапты маман:
– Жедел жәрдем қызметімен науқасты ауруханаға әкелдік. Дәрігерлер оның инсульт алғанын анықтады. Оған ишемиялык инсульттың оншақты белгілері бойынша диагноз қойылды. Оралдағы туыстарына хабар берілді, – деді дәрігер Бақытжан Әжібеков.
Қазір науқастың беті бері қарап, терапия бөліміне шығарылыпты. Дәрі­герлердің айтуынша, науқастың дер кезінде ауруханаға жеткізілуі ем-домның нәтижелі болуына себеп болған.
Айта өтейік, қарлы боран басылып, жол ашылды. Бірі үйіне, бірі діттеген жеріне аттанды. Жаңақорғанның қонақ­жайлылығы мен қамқорлығын көрген ағай­­ын әлеуметтік желіде ақ тілегін айтуда. Соның бірі Нариман Әбубәкір­дің инстаграм парақшасында жазған: «Түркі әлемінің тал бесі­гі саналатын киелі Сығанақ қаласының маңына аялдауымыздың өзінде үлкен мән бардай. Алыс жолға алма жеткізуді мақсат етіп, жол ортасында қалып қойған адам үшін жемістің бұзылмауы үлкен уайым. Осындай сынаққа түскенде түсіме ақ киім киген абыз кіріп: «Балам басыңды көтер, алмаларың алтынға айналады» деген­дей болды. Оянсам, қасымдағы сатушы-көмекшім алмаларымды екі есе бағада сатып алатын кәсіпкер тапқанын айтты. Осылайша, киелі мекеннің топырағы бізді қолдап, тығырықтан жол таптым» деген лебізімен біз де мақаламызды түйіндеуді жөн көрдік.

Мақпал МАРҚАБАЙ


---
13 ақпан 2024 ж. 158 0