«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Жұмадағы қайырлы іс

Жұмадағы қайырлы іс



Ауа райының күрт бұзылуына орай сол өңірлерге тиесілі автожолдарды уақытша жабуға тура келді. Бұл туралы өңірлік баспасөз орталығы шұғыл хабарлама таратты. Ақтөбе облысының аумағындағы боранға байланысты кешеден бері республикалық маңызы бар М-32 “Самара-Шымкент” автомобиль жолының 1240-1357 шақырым аралығы жабылған. Ақтөбе облысының шекарасынан Арал қаласына дейін барлық көлік қозғалысына шектеу қойылды. Осыған орай 20 шақырым қашықтықта жол патрульдік полицияның 12 инспекторы 6 автокөлікпен жол бойында жұмыс бастады. Оған себеп төтенше жағдайға байланысты облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев күре жолдағы жолаушы қауымға көмек берілуін назарға алып, тиісті тапсырмалар берген еді.
Тарқатып айтсақ, Ақтөбе облысына бағыт алған 584 жүк көлігі, 13 жолаушылар көлігі, 210 жеңіл көлік және 1000-ға жуық жолаушы Жаңақорған ауданы территориясында. Аудан әкімдігі жанынан арнайы штаб құрылған. Жергілікті ерікті жастар, мекемелер және кәсіпкерлердің, білім саласы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен жолаушыларға тегін ыстық тамақ ұйымдастырылуда. Әйелдер мен балалар аудан орталығындағы индустриалдытехникалық колледж жатақханасына орналастырылды. Медицина қызметкерлері екі мезгіл жолаушыларды аралап, денсаулығын тексеруде. Жол бойындағы қызмет көрсету кешендеріндегі азық-түлік пен ыстық тамақ бағасы жергілікті әкімдіктің ұдайы бақылауында тұр. Сонымен қатар 7 ақпаннан бастап жол бойындағы елді мекендер тұсында жүк көлігі тұрағы, қонақ үй кешені жолаушыларға тегін қызмет көрсете бастады. Біздің аудан аумағында Жаманбай батыр ауылдық округінен Қожамберді ауылдық округіне дейінгі аралықта орналасқан жолаушыларға арналған кешендер қызу қызметке кірісті.
Ресми ақпараттарға жүгінсек, жол полицейлерімен 150-ге жуық жүк көлігі (фура) мен 35 жеңіл автокөлік тоқтатылып, жол жағдайы түсіндірілді. Көліктерде 200-ге жуық адам бар. Жол полициясы қызметкерлері жолдың жабық екенін ескертуде. Аудан әкімдігі кешен басшылығымен ымыраға келіп, жолда тоқтатылған жолаушыларға барынша ыңғайлы ахуал орнықтыруға күш салынуда. Дәрі-дәрмек пен ауыз сумен қамту жағы да ойластырылуда. Азық-түлік қоры жеткілікті. Балалы жолаушыларға кешеннің қонақ үйінен тегін жатын орындар дайындалды, тәртіптің қадағалануына кезекшілік қойылған. Әрине, тосын жағдайға біреуді кінәлау орынсыз. Сондықтан артық ауыз пікір жоқ. Жағдай облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының тікелей бақылауында болғандықтан әр жолаушының жай-күйі басты назарда. Боран басылып, жағдай тұрақталған соң автокөліктер жол полициясы қадағалауымен сапарын жалғастырады.
Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Бектас Балғабайұлы сұхбат берді.
– Ауа райының қолайсыздығына орай жұртшылықтың жолға шықпауын сұраймыз. Ақтөбе облысы аумағындағы жолдың жабық болуына байланысты патрульдік полиция ротасының қызметкерлері ұзақ жолға шыққан барлық жүк көліктерін Жаңақорған ауданының аумағында орналасқан "Би-Бек" май құю бекеті тұрағына, "Жаманбай батыр" және Қожамберді ауылдық округіне қарасты ашық алаңға орналастырып, көлік жүргізушілеріне ыстық тамақ ұйымдастырылып отыр,– деді ол.
Жолда қалған көлік иелері мен жолаушыларға «Би-бек» кешенінде түскі ас берілді. Балалы аналарды уақытша қонақ үйлерге орналастыруда. Осындай сын сағатта қолдау берген жаңақорғандық еріктілерге жолаушылар да рахметін жаудыруда.
– Жаңақорған жұртының ынтымағы туралы көп естуші едім. Бүгін Жаратушының жарлығымен осы елдің маңында аялдап, халықтың ұйымшылдығын көзбен көрдім. «Жаңарған Жаңақорған Жастары» еріктілер жасағындағы өрімдей ұл-қыздардың жомарттығы, ауызбіршілігі қайран қалдырды. «Жастарыңды көрсет қандай ел боларыңды айтайын» демей ме? Міне, нағыз ұлтжанды азаматтар деп осындай еңбекқор ерлерді айтуға болатындай. Жастарға жол көрсетіп, мырзалығын көрсетіп жатқан ел ағалары мен игі жақсыларға Алла нұрын төксін, – деді көлік жүргізушісі Серік Бекқабылұлы.
«Жол мұраты – жету» десек, жолаушының діттеген жеріне аман-есен жетуден өзге үлкен тілегі болмас. Түрлі себеппен жолда қалып қойған пендеге бір жұтым су мен бір турам нан берудің өзі үлкен сауап деседі. Осы жерде ықылым заманнан жеткен аңыздарда мынадай бір оқиға еске түседі. «Бес уақыт намазын қаза етпеген имам мен бір қатарда мүсәпір адам Жаратушының алдында тірі күнінде жасаған істерін таразылап жатады. Екеуін тыңдап болған құдіретті иеміз молданы емес, жұпыны кедейді жұмаққа жіберіпті.
Сонда молдекең: – Уа, ұлы иеміз, менің не жазығым бар еді? Мынау адам бір күн басын сәждеге қоймаса да, оған жұмаққа жол аштың?» деп реніш білдіріпті.
– Сен менің тәртібіммен жүрдің, иман жолындамын дедің, бірақ осыдан бірер сағат бұрын жолда қалған жолаушыға бір жұтым су бермедің, сенің қолыңдағы бір бөтелке суға ол сондай зәру болды. Сол себепті қырық жыл қаза етпеген иманың күлге ұшты» депті. Қысқасы, шұғыл жағдайда шарасыз жандарға қол ұшын беріп жүрген барша жерлестердің іс-әрекетіне көпшілік сүйсінуде.

                                                                                                                                             Мақпал МАРҚАБАЙ
10 ақпан 2024 ж. 145 0