» Алғашқы түлектер форумы

Алғашқы түлектер форумы


Кеше Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің 85 жылдық мерейтойы аясында Түлектердің І форумы өтті.


Мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде 1995-2000 жылдар аралығында тарих және құқықтану мамандығын оқып білім алдым.

Қорқыт Ата есімін иленген қара шаңырақ еліміздің білім беру саласында көшбасшылар қатарынан көрініп келеді. Ұлттық болмысымызды жан-жақты танытатын білім ордамыздың тұнық қайнарының арнасы жылдан жылға кеңейіп,одан сусындайтын жалындаған жастарымыздың қатары көбейсін демекпін.

Облыстық форум жоғары дәрежеде ұйымдастырылған. Қол жеткізген жетістіктер мен белестерді бағындыруым, еңбекте абыроймен еңбек етуім, әрине, университет ұстаздарының берген білімдерінің нәтижесі деп білемін. Білім мен тәрбие беруде М. Кереев, Қ. Асқаров, М. Аңсатова, Ш. Құрымбетова, И. Жұбаниязов, С. Жүсіпов, А. Оразбақов, Д. Сәтбай, Ө. Қожақов, Т. Мәмиев сияқты ұлағатты ұстаздарымызға айтар алғысымыз мол.

Ағайлардың қысқа да нұсқа шұрайлы әңгімелерінен, ақжарқын әзілдерінен, ақжарма тілектерінен жанымыз байып, терең ғибрат алатынбыз. Осы үрдісті өзім ұстаз- тәлімгер ретінде ұзақ жылдар бойы іске асырдым, өйткені жастардың дастархан басында, салмақты кештердегі ұстаздар алдында қонақ күту дәстүрі мен ибамен жүріп-тұру, сөйлеу мәдениетін үйренуіне, ұлттық құндылықтарымызды тану қабілеттерін дамытуына ықпалы зор.

Отанымыздың өресі биік , білімі терең, мәдениеті жоғары азаматтарын даярлаудағы игі істердің жемісін көріп, құрметке бөлене беріңіздер. Шәкірттеріңіз көтерілген шырқау биіктер арқылы мерейлеріңіз үстем бола берсін!

---
06 қараша 2022 ж. 177 0