№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» Еркектің тағамы – әйелдің асынан артық

Еркектің тағамы – әйелдің асынан артық


Бірде туысымыздың үйінде жиын болып, ертерек көмектесуге бардым. Сөйтсем, біз жасайтын тірлік жоқ, әулеттің келіндері жайбарақат шай үстінде отыр. Неге дейсіз бе? Үй иесі қадірлі қонаққа ерекше құрмет көрсеткісі келген болар, арнайы аспаз шақырып, астың түр-түрін жасатып жатыр екен. Кімге дейсіз ғой! Қос білегін сыбанған қосетіктіге емес, қарапайым ғана қара домалақ қазақ баласына. Қарадым да қатты таң қалдым.


Өмірде талай жанды кезіктірдік, ақылдысы да бар, білектісі мен білімдісі де аз емес. Бірақ бұл жігіттің қолынан бал тамған дерсіз. Ол – аспаздық өнерді жетік меңгерген әрі табыс көзіне айналдырып үлгерген 18 жасар Ибадулла Нұрмұхамед.
Қазір әлемдегі сұранысқа ие аспаз мамандығының қиындығы сонда, тек қана оқу арқылы игеріп кете алмайсыз, оған адамның бойында осы керемет мамандыққа деген бейім, Алланың берген дарыны болу керек. Осы жолды таңдаған Нұрмұхамед те мамандық таңдайтын уақытта өте көп ойланғанын жасырмады. Болашағын көз алдына елестетіп, келешекте қандай мамандық иесі сұраныста болатынын зерттеп, ой елегінен өткізген екен. Ақыры ойлана келе аспаздық жолды таңдапты. Әрі бала кезінен өзінің де ас әзірлеуге ебі бар екенін жасырмады. Бәлкім, осы талғампаздығы мамандық таңдауына әсер еткен болар.
Біз алдымен жас аспазшыдан бұл қызметке табыс табу үшін келді ме, соны білуге тырыстық.
– Аспазшылық – өзім таңдаған мамандық, әрі табыс көзі деуге болады. Бала кезімде тағамның дәмін татып, баға беретін дегустатор болғым келетін. Меніңше, адам қатып қалған стеротипті бұзып, өмірде жаңа мүмкіндіктерді іздеп, тынымсыз еңбек ету қажет. Әйел адамның әзірлеген асы қашанда дәмді, бірақ үлкен асханаларда ер адамдардың да тағамдары сұранысқа ие. Аспаз болып, табыс таба бастағанда-ақ мұны түсіндім. Бірақ, біздің елде ер адамдар ошақ басына жақындауды ар көреді, егер ебін тапсаң бұл мамандықтан мол табыс табуға болады, – деді ол.
Міне, сөзіне ісі сай бозбалаға қарап кәдімгідей марқайып қалдым. Жұмыстың жоқтығын сылтауратпай, қолынан келетін істі кәсіпке айналдырып келеді. Өзінің қанша табыс табатынын да жасырмады.
– Мен осы саланы таңдағаны да, тапқан табысымна да ұялмаймын. Нақты мынадай деп айтпай-ақ қояиын. Дегенмен, 150 мыңнан жоғары екенін жасырмаймын. Біздің жұмыс әркезде әр қалай. Қарапайым ғана жемістерді сәндеп кесіп беруге әр ыдысқа 1000 теңгеден аламын. Жемістерді түрлі мүсінге келтіріп, әдемі бейне жасау оңай емес. Уақыт пен төзімділікті талап етеді. Одан бөлек, бүгінгі күннің хит тағамдары суши, пицца сынды тағамдарды дайындауға да сұраныс жиі түседі. Тек соңғы уақыттары елімізде белең алған індетке байланысты, жұмысымыз біршама тұралап қалды. Дегенмен, жұмыс істеймін деген адамға қашанда мүмкіндік бар. Қазір үйде отырып та тапсырыс қабылдап, көпшіліктің сұранысын орындаудамын, – деп бүкпесіз жауап берді.
Міне, жас келсе іске деген осы болар. Алға қойып отырған мақсаты да жоспарлы, нақты іске бағытталғандай. Көп ұзамай өзінің кәсібін кеңейтіп, «КFC», «Бургер кинг» сынды өзінің авторлық тағамын нарыққа шығарып, қазақстандық брендтке айналдыруды ойлап отыр. Байқасаңыздар нарық заманында мол табыс тауып, жаңа жұмыс көздері көптеп ашылып, кәсіпке бейімделуге жол ашты. Нұрмұхамедтің де ас әзірлеуге деген ынтасы оны кәсіпкерлікке баулып, табыскер аспазға айналдыратынына сенеміз.

Әсел КЕҢЕСҚЫЗЫ
---
10 ақпан 2021 ж. 453 0