» "Бақытты отбасы": 12 отбасы қоныс тойын тойлады

"Бақытты отбасы": 12 отбасы қоныс тойын тойлады


«Бақытты отбасы» тұрғын үй сатып алуға арналған несиелендіру бағдарламасы. Оның әсіресе табысы төмен отбасыларға тиімділігі жоғары. Жаңақорған ауданында 2019 жылы 12 отбасы қоныс тойын тойлаған. Алдымен бағдарлама жайлы тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің кеңесшісі Жазира Әшірапқызының құнды кеңесімен бөлісуді жөн санадық.


– «Бақытты отбасы» бағдар­ламасына 3 санаттағылар қатыса алады. Бірінші, сіздің төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балаларыңыз болса, яғни көп балалы отбасы санатына кірсеңіз, екінші, кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар толық емес отбасы болсаңыз, үшінші отбасында мүмкіндігі шектеулі кәмелет жасқа толмаған бала болса «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатыса аласыз. Сондай-ақ осы бағдарлама арқылы үй аламын деген азаматтың атында соңғы бес жылда үй болмауы міндеттеледі.
Осы үш санаттың біреуіне жататын болсаңыз әрі қарай табысыңыз есептеледі. Соңғы алты ай ішіндегі отбасының әр мүшесіне шаққанда күнкөріс деңгейі 31183 теңгеден аспауы қажет, – дей келе бағдарлама шарттары жайлы да айтып өтті. «Бақытты отбасы» бағдарламасы жылдық 2 пайыз мөлшерлемемен 10 млн теңгеге дейін 19 жылға беріледі. Алатын үйді клиент өзі таңдап, бастапқы жарна 10 пайызын төлейді. Ескеретін жайт, Жаңақорған ауданында кесектен және каркастан салдырған үйлер жарамайды. Мысалы, 7 млн-ға үй тапсаңыз 10 пайызын, яғни 700 мың теңге бастапқы жарна өзіңіз құясыз, қалғанын банк арқылы төлем қабілетіңізге қарай рәсімдей аласыз, – дейді ол.
Маманның айтуынша бағдар­ламаға қатысушы мыналарды ескеру қажет. Алдымен әкімдікте үй кезегіне тұрып, отбасы мәртебесін растайтын құжаты болуы, тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен депозит ашуы қажет. Қазіргі таңда ол тегін, тек қана алғашында 10 мың теңге салу қажет. Осы талаптарды орындаған жағдайда әрі қарай кеңесшіңізбен ақылдаса отырып, пәтер кілтін ала аласыз.
Тұрғын үй құрылыс жинағының тағы бір тиімді тұсы жұмыс орныңыздағы бухгалтермен келісім шарт арқылы депозитіңізге тікелей аударып отыруға жағдай жасалған. МТ-102 келісімі арқылы ауданда 23 мекеме жұмысын жалғастыруда.
Баспанасы жоқ отбасылар үшін қай жағынан да тиімді бағдарламаның игілігін көрген кент тұрғыны Мейірбан Башарова 2019 жылдың аяғында қоныс тойын тойлады.
– 2014 жылы әкімдікке тұрғын үй кезегіне тіркелдім. Толық емес отбасы санатына жатамын. Өткен жылы «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы армандаған баспанаға қол жеткіздім. Перзенттерімнің несібесіне берілген мүмкіндік деп ойлаймын. Біз ұнатқан үйді 7 млн теңгеге бағалады. Өзім 10 пайызын алдын ала құйдым. 8 жыл 40300 теңгеден төлеп отырамын. Одан кейін қалған сомаға қайта келісім жасаймын, – деді.
Иә бағдарламаның әсіресе асыраушысынан айырылған жандар үшін тиімді екені қуантты. Бүгінгідей нарықтық кезеңде баспананың рөлі үлкен екені айтпаса да белгілі. Осындай жандарға қуаныш сыйлауда мемлекеттік бағдарламаның тиім­дігі өткен жылғыдан да артқан. 2019 жылы «Бақытты отбасы» бағдарламасына 50 млрд теңге бөлінсе, биылғы жылы екі есеге артқан 100 млрд теңге тұрғындарды баспанамен қамтуға бөлініп отыр.
Кенттегі тағы бір бағдарлама игілігін көрген отбасы Әли мен Әйгерім де әні-міне дегенше қоныс тойын тойлауға дайындық үстінде.
– Баспана салу үлкен қаражатты қажет етеді. «Бақытты отбасы» бағдарламаның талаптарымен танысып үш санатқа жататынымды білген соң өтінім бердім. Өткен жылы қабылданды. Сол мезетте үй таңдап қалған құжаттарды дайындауға кірісіп кеттік. Алғашында күдікпен қарағандар да болды. Жалдамалы пәтерден пәтерге көшіп жүрген біз сияқты жас отбасылар үшін үлкен мүмкіндік, – дейді көпбалалы ана Әйгерім.
Тұрғын үй құрылыс жинақ Банк «Әр отбасын жеке тұрғын үймен қамтамасыз ету және Отанға деген сезімін нығайтуды» басты ұстаным етіп, халықты республика деңгейінде ең тиімді ипотекалық несие жолдарымен баспаналы болуға шақырады. Сондай-ақ кеңесші маман Жазира Әшірапқызынан «Жинақ марафоны – 2020» науқаны жайлы да біраз ақпарат білдік.
Екі кезең бойынша өтетін науқан маусым және желтоқсан айларында ең көп салымшысы бар ауданды мерекелік көңіл күймен қуантуды ойға алып отыр. Оған Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдариы, Шиелі, Жаңақорған ауданы тұрғындары қатыса алады. Ол үшін банктен депозит ашып баспаналы болуға ұмтылыс қана қажет екен. Яғни ай сайын 5 мың теңгеден кем емес сома аударып отыру қажет. науқанның қорытындысында тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде ашылған депозиттерге ең жоғары сома аударған аудан марапатталады.

Майра ҒАНИЕВА
---
25 ақпан 2020 ж. 820 0