БІР ӘН – БІР ҒҰМЫР
Жаңақорған топырағынан өнер, мәдениет саласының қайраткерлері көптеп шыққан. Сондай шығармашыл тұлғаның бірі – Жалғас Кеңесов.
Композитор туған жерге тағзым етіп, елге танымал өнер жұлдыздарын шақырып, шығармашылық концерт беруді ұйғарыпты. Біз Мәдениет қайраткерімен тілдесіп, болмыс-бітім мен қарым-қасиетін бағдарлауға тырыстық.
– Аға, туған өлкеге келіп, шығармашылық кешіңізді бергелі жатыр екенсіз. Сәтті өтсін!
– Рахмет. Иә, кіндік қаным тамған жерге келіп, қаншама жылғы сағынышымды басып, құда-жекжат, ағайын-туыс, дос-жаранмен сырласып, оларға шығармашылық есеп беруді мұрат тұттым. Бұл – азаматтық парызым есем пе? Менімен бірге белгілі орындаушылар келді. Жаңақорғандықтар Манап Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйіне келіп, рухани кешті тамашалауына болады.
– Өнер әлеміне әркім әр түрлі келеді ғой. Сіз қалай келдіңіз?
– Бала кезімде ауылға Кеңесбек Күмісбеков, Садық Кәрімбаев сынды қазақ өнеріндегі шоқтығы биік тұлғалар келіп, әкем оларды үйге қонақ етті. Мен бірінші сыныпқа енді қадам басқан кезім. Сыйлы меймандар маған батасын беріп, ақжол тілеген. Соның әсері тисе керек-ті, мектеп қабырғасында жүріп алғашқы әнімді жаздым.
Жалпы, бойымдағы талант атам мен анамнан дарыған. Өйткені, анам кез келген ортада ақындығымен көзге түсіп, шаршы топта суырып салмалық қасиетімен танылса, атам күй құдыретін түсінетін орындаушы-тұғын.
– Кімдерді ұстаз тұтасыз?
– Айта берсем көп. Мектеп оқып жүргенде өнерге баулыған Мырзахан Тұңғышбаев, Мұхамеджан Нұрханов сынды ағайдан тәлім алдым.
– Елуді еңсеріп, алпыстың желкенін есерде артыңызға қарайладыңыз ба? Қай шыңды бағындырып, қай шоқыда ізіңіз қалды?
– Әр адам қай жасқа келсе де өзіне «Мен не бітірдім?» деген сауалды қоюы керек. Өзім Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеттің музыка және ән бөлімін бітіргеннен кейін, еңбек жолымды 1980 жылы Түркістан облысы Шардара ауданындағы мектепте ұстаздықтан бастадым. Одан кейін, клуб меңгеруші қызметінде болдым.
1995 жылдан бастап 2010 жылға дейін Маңғыстау облысында мұнай және газ колледжінде директордың тәрбие жөніндегі орынбасары, «Мұнайшы» мәдениет сарайының «Өнер» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорынында директор қызметінде болдым. Бір жыл Астана мәдениет департаментінде бас әкімгер, қазір Астаналық цирк МКҚК-да әртіс-композитор қызметіндемін. Міне, менің ізім төрт өңірдің өнерінде осылай қалды. 40 жылға жуық уақыт ішінде қолымнан бес аспабым түспеді, мақсатым – кейінгі ұрпқаққа жауһар жырларымды қалдыру.
– Сіздің әндеріңіз ел жадында, тыңдарманның жүрегінде. Алайда, сізді өнерге жақын иісі қазақ жұрты «Қайран дүние» әнімен таниды. Тыңдаушысын тапқан бұл туындыңыздан басқа қандай әніңізге халық жоғары бағасын берді?
– Маңғыстау өлкесінде қызметте жүргенде «Қайран дүние» әні өмірге келді. Шығармашыл адам ойдың үстінде жүреді ғой. Сондай бір сәтте өмірден түйгенімді әуенмен жеткізгім келді. Сәті түсті, әнді Нұрлан Өнербаев орындап, көптің көңілінен шықты. «Апа, сен қартаймайсың», «Музарт» тобының орындауындағы «Сезім», Фариза Оңғарсынованың сөзіне жазылған «Көңіл назы» әні бәрі де халықтың жүргеніне жол тартты. «Ұландар» әнін Майра Ильясова, «Жаңа күн» әнін Бағдат Самединова өз репертуарына қосты. Ал, Нұрғали Нүсіпжанов «Наурыз – жаңа жыл басы» атты туындымды орындап жүр. Алтынай Жорабаеваның орындауындағы «Астанаға арнау» деп аталатын туындыма Елбасының өзі жоғары баға берді. Міне, осының өзі үлкен мәртебе емес пе?
– Жамбыл Жабаев: «Ән – халықтың үні, шындығы, оның ойы мен сезімі» десе, Абай Құнанбаев: «әннің де есері бар, естісі бар» деп әннің таңдаулысы, талғамы тым ерекше, тыңдармандары көп түрлері боларына мән берді. Енді сіз айтыңызшы, қазір елдің шындығын саралайтын, сезімін оятатын есті әндер бар ма?
– Бар, бірақ сирек. Өйткені, қазір ән де көп, әнші де көп. Даңғырлаған әндерден сыңғырлаған әуенді, таңқылдаған әншіден, саңқылдаған күміс көмей жез таңдайды жұрт сағынды. Сондықтан, қазақтың киелі өнер сахнасына кім көрінгенді кіргізбей, керісінше, «өнер» деп соққан жүректерді, өнер сүйген жандарды жақындатқан дұрыс. Талабына нұр жауған талант пен тыңдарманы көп әншіні уақыт өте келе халықтың өзі-ақ сұрыптап алады. Алайда, ең өкініштісі бүгінгі жас орындаушылардың замандастары мен артынан ерген жеткіншектерге берер тәлімі мен тыңдар әнінің жоқтығы күйіндіреді. Бәріне топырақ шашпайсың. Ащы болса да шындық қымбат, кәсіби деңгейі төмен қарасы жиілеп кеткені рас. Қазақта «бір ән – бір ғұмыр» деген тәмсіл бар. Сондықтан, бір ғұмырды ластайтын әуендерден алыс болуымыз керек.
– Әнші-күйшілер қандай болуы тиіс?
– Сахна жұлдыздары нағыз идеялогиялық жұмысты жүргізуге қабылетті болуы тиіс. Сөзінен, ісімен, жүріс-тұрысымен тыңдарманына, көрерменіне үлгі-өнеге беруі керек. Себебі, сахна өнері дегеніміз – алдымен тәрбиенің ордасы, ұлттық құндылыққа сүйіспеншілік қалыптастыратын алаң...
– Енді өзіңіз жайлы тоқталсақ. Сіз қандай тұлғасыз?
– Мақтанға салынбайын, шынымды айтсам шама-шарқымша қайырымдылық жасап тұруға тырысамын. Бұл әрбір пенденің борышы. Сондықтан, мен де мұқтаж жандарға қол ұшын созып, жомарттық жасауды адами міндетім деп санаймын. Әсіресе, ауылдағы ахуалға жиі бет бұрып тұратыным рас. Алғибай Егембердиев есімді сыныптас досым бар. Ол маған үнемі жол сілтеп, ауыл тынысын бағамдап тұрады. Керек кезінде көмек қолын созуға, жәрдемші болуға дайын тұрамын. Бұл қасиет жастарға ғана емес, бүгінгі қоғамға жетіспейтін тәрізді...
– Айнаға жиі қарайсыз ба? Айнадан кімді көресіз?
– Өмірі өнермен өлшеулі, өзімшіл емес қоғамшыл қарапайым тұлғаны көрем. Айнаға жиі қараймын, қарап тұрып кейде мұңаямын, кейде қуанамын. Көбіне қуанамын, себебі өзім шыққан шыңым бір төбе. Бірнеше медальдар мен төсбелгілердің иесімін. Одан бөлек, қаншама байқауларда гран-при жеңіп алдым...
– Өтірікті жиі айтасыз ба?
– Бізді ауыл тәрбиеледі, шыншыл болуға үйретті, сондықтан өтірікті жиі айтпаймын.
– Шындыққа тура қарай аласыз ба?
– Қарай аламын, қарауға үнемі тырысамын. Себебі, артымда тек ән ғана емес, адами қасиеттің де қалғанын қалаймын.
– Сіздің бақытты сәттеріңіз неден тұрады? Сіз бақыттысыз ба?
– Аллаға сансыз шүкір, бақыттымын. Жүректен шыққан әуезді әндер жүрекке жетіп жатса сол менің бақытты сәттерім. Ал, нағыз бақытым – ол менің отбасым. Ұл-қыздың ер жетіп, немеренің «ата» деген сөзін естуден асқан бақыт жоқ шығар, сірә!
– Мұратыңызға жеттіңіз бе?
–Жеттім, бірақ, толықтай емес. Себебі, әлі де шығар шыңым, бағындырар белесім алда. Сондықтан, өнер саласында әлі де тамшы тер төгетін боламын.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.