ЕЛДІК МҮДДЕ – ЕҢСЕНІ ТІКТЕЙДІ
Сыр медицинасының серпінді дамуына сүбелі қосып жүрген жанның бірі – Нуриддин Әмитов. Ол – бүгінде Қызылорда облыстық медициналық орталығының директоры. Әлемнің озық клиникаларында біліктілігін жетілдірген «алтын қолды» хирург. Оған қоса, Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты. «Сабақты ине сәтімен» демекші, сенбілік сыр сұхбаттың төрінде Нуриддин Егенбердіұлымен тілдесудің сәті түсті. Медицина саласынан бөлек, қоғамдық істердегі белсенділігін сұрап, емен-жарқын әңгімелестік.
– Аға, бүгінде Сырдағы денсаулық саласында сіздің өзіндік қолтаңбаңыз бар. Әмитовтар әулетін жаңақорғандық ағайын дәрігерлер династиясы ретінде біледі. Әкеңіз Егенбердіден бастап, бірнеше ұрпақ осы саланың саңлағы. Ал, өзіңіздің өмір жолыңызды парақтасам, еңбек жолын облыстық ауруханадан бастапсыз...
– Иә, елдегі ағайын Әмитовтер әулетін жақсы таниды. Әкеміз Егенбердінің есімі жұртшылыққа етене жақын. Әулетте бірнеше ұрпақ осы денсаулық саласының үздігі. «Әкеге қарап ұл өсер» демекші, өзімде бала жастан дәрігер болуды армандап, Алматы мемлекеттік медициналық институтына оқуға түстім. Бұл 1985 жылы болатын. Бірақ, студент атансақ та, Отан алдындағы борышты өтеу мақсатында 2 жыл Кеңес әскері қатарында міндетімді өтедім. Келген соң, аталмыш институтта оқуымды қайта жалғастырып, 1993 жылы емдеу факультетін тәмамдадым. Туған жер топырағына қайта оралып, алғашқы еңбек жолымды Қызылорда облыстық ауруханасынан бастадым. Әуелі интернатурадан өтіп, 1994 жылдан бастап, дәрігер-хируруг болып қызметке қабылдандым. 2002-2009 жылы облыстық медициналық орталықтың жедел хирургиялық және жоспарлы хирургия бөлімшелерінің меңгерушісі, 2009-2018 жылы орталық директорының хирургия жөніндегі орынбасары болдым. Өткен жылдан бастап, облыстық медициналық орталықтың басшылық қызметі жүктелді. Осы жылдар аралығында жаһанның озық клиникаларында тәжірибе алмасып, бауыр, асқазан, аяқ тамырларына жасалатын операциялардың тың әдістерін меңгердік. Қазіргі таңда орталықта ағза ауыстыру, қансыз және пышақсыз микрооперациялар жасауды қолға алудамыз.
– Өзіңіз басқаратын медициналық орталық – Сыр елінің мақтанышы. 1998 жылы Елбасы лентасын қиған орталықтың бүгінгі тынысы жайлы аз-кем айта кетсеңіз...
– Бұл орталық – Тәуелсіздің төл жемісі. Өңірде ашылған алғашқы алып медициналық кешенде жылына 7-8 мың ота жасалынады. Жылдан-жылға қызмет көрсету аясы кеңейіп келеді. Соңғы ашылған жаңа кардиология және нейроинсультты орталықта бұрын облыста жасалмаған ашық операциялар жүзеге асуда. Бұрынғыдай Алматы, Астана не шетел аспай-ақ өзіміздің өңірде күрделі оталарды жасауға мүмкіндік ашылды. Орталықта жылына 15-16 мың науқасы тәуліктік стационарда ем алады. Жалпы, медициналық көмектің 63 түріне лицензиясы бар орталықта 20 жыл ішінде 100 мыңнан аса ота жасалды. Ал, білікті дәрігерлер мен қызметкерлер саны – 1800 адам. Оның ішінде, 1500-і осы облыстық медициналық орталықта қызмет етсе, қалғаны Байқоңыр қаласындағы филиалда жұмыс істейді. Бұдан бөлек, бәсекеге қабілеттілікті арттыру бағытында ондаған шетелдік клиникалармен әріптестік меморандумға отырғанбыз. Ең соңғысы, жақында ғана Оңтүстік Кореяның Сеул қаласындағы танымал клиникамен әріптестік байланыс орнатып, мамандарымызды тәжірибе алмасуға жіберудеміз. Біліктілікті арттыру бағытында Ресей, Қазан, Жапония, АҚШ, Франция сынды озық технологиясы дамыған елдерде біздің дәрігерлер шеберлік сыныптарына қатысып келді.
– Аға, осы денсаулық саласында өзіңізге кімді ұстаз тұтасыз? Тәрбиелеген шәкірттеріңізде бар шығар?
– Әрине, енді ғана еңбек жолын бастаған жас мамандарға аға буынның берер тәлімі мол. Осы тұрғыда хирургия саласының білікті маманы болуыма, хируруг-дәрігер ретінде қалыптасуымда Абдулла Шүленбаев ағамыздың орны ерек. Өзіме осы кісіні ұстаз тұтам. Аймақтағы үздік хирургтің бірі ретінде тәлімді тәрбиесін көп көрдік. Ал, екінші ұстазым, жалпы медицина саласы мен өмірлік бағыт-бағдар берген Тұрғанбай Маханов ағамыз. Бұл кісінің есімі аймақ тұрғындарына етене таныс. Ол «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері», облыстың «Құрметті азаматы». Өңірдегі медицина саласының дамуына қомақты үлесін қосып келе жатқан қоғам қайраткері. Міне, осындай аптал азаматтың шәкірті болу – бізге абырой. Әрине, өзімде жас мамандарға бағыт беріп, өмірлік түйгенімді үйретуден жалыққан емеспін. Шәкірттерім жетерлік.
– Ендігі кезекте, облыстық мәслихаттың депутаты ретінде осы уақыт аралығында елге еткен еңбегіңізді сараласақ? Алдағы жоспарыңызбен бөліссеңіз?
– 2016 жылы Қызылорда облыстық мәслихатының №29 Түгіскен сайлау округінен VI-шақырылым депутаты болып сайландым. Бағдарламам аясында аймақ тұрғындарының денсаулығын жақсарту, емдеу, алдын алу мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту бойынша, ауылдық жерде шағын және орта бизнестің дамуына жұмыс жасап келеміз. Облыстық мәслихаттың әлеуметтік және мәдени мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі ретінде осы бағыттарда үнемі мәселе көтеріп, тиісті орындарға ұсыныс береміз.
Бүгінгі таңда елге еткен еңбекті саралар болсақ, нәтижелі жұмыс бар. Әсіресе, денсаулық сақтау нысандарының бой көтеруі – халық үшін қуанышты жаңалық. Сайлау учаскеме қарасты бірнеше ауылда медициналық бекет бой көтерді. Былтырдан бастап, Өзгент ауылында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында амбулаториялық аурухананың құрылысы жүруде. Оған қоса, бұл ауылда биыл осы әріптестік шеңберінде клуб салыну жоспары тұр. Сондай-ақ «Келінтөбе-Қандөз-Көктөбе» автожолының 47 шақырымына күрделі жөндеу жұмысына бюджеттен қомақты қаржы қарастырылып тұр. Жалпы, жергілікті атқарушы органмен тығыз байланыстамыз. Ауданның даму бағдарламасы мен аудан басшысының ұсынысы бойынша кез келген мәселелерді облыстық мәслихаттың сессиясына шығарып, оның оңынан шешілуі бағытында тындырымды жұмыс атқарып келеміз.
– Аға, қайырымдылық істерге қаншалықты жақынсыз?
– Дана қазақ «садақаны сауыңда бер» дейді. Бұл менің өмірлік ұстанымым. Қолымнан келгенінше әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетіп тұрамын. Мәселе, байлықта емес. Қолыңда барға қанағат етіп, қашанда қайырымдылық жасауға қарекет жасау керек. Садақаның үлкен-кішісі болмайды. Барыңмен бөлісу – олда бір жомарттық. Оған қоса, қазір дамыған дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Тоқшылық заман. Бейбіт өмір. Қай шаруамен айналыссаң ерік өзіңде. Күніңді көруге мүмкіндік мол. Меніңше, тамыр тартқан тарықпайды, ұқсата білген ұтады. Сондықтан азаматтық белсенділік пен елге еңбек сіңіру парызын жоғары қою керек. Елдік мүдде қашанда ел еңсесін тіктейді.
– Жалпы, еңбек жолыңызға толық қанықтық. Әлі де болса, ел үшін еңбектенудесіз. Соңғы сауал болсын. Ел ағасы ретінде бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның даму қарқыны мен ұстанған бағыты на бір-екі ауыз айтарыңыз болса...
– «Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол – бірлік» демекші, ел бірлігінің ерен үлгісі ретінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кемеңгер көрегендігінің нәтижесінде тәуелсіздікке қол жеткіздік. Шүкіршілік, қазір Қазақ елінің қабырғасы қатайып, пікіріне халықаралық қауымдастық құлақ асатын беделді мемлекетке айналды. Еркінді аңсаған ата-баба мұрасы жүзеге асып, Алаштың асыл мұраты – тәуелсіздікке қол жетті. Еңселі болудың даңғыл жолына түстік. Әлеуетіміз артып, дәулетіміз еселенді. Өзге елдер алдында көрсеткіштер бойынша көш бастадық. Ізімізден «Мәңгілік Ел» идеясына жүзеге асыратын көреген ұрпақ өсіп келеді. Қазақстанның болашаққа нық қадам басып, сенімді серпінмен серпілуі – тек экономикалық, әлеуметтік дамумен байланысты емес, оның рухани өрістеуімен де тікелей сабақтас.
– Рахмет, сұхбатыңызға.
Әбдісамат ӘБДІШ.