«Кітап – менің ішкі тәртібім, ал қызмет – ар алдындағы борышым»

Ел арасында салмағы басым, өткені өнегелі азаматтар қатарында ішкі істер саласының ардагері, доғарыстағы полиция полковнигі Қалжaн Сәулебайұлының есімі көпке таныс. Жуырда ардақты азаматпен жүзбе-жүз сұхбаттасып, өмір жолына терең бойлап, рухани жан әлеміне үңілудің сәті түсті. Ардагердің қарашаңырағындағы жұмыс кабинеті кітапқа бай екен. Үстел үстіндегі қаз-қатар тізілген әдебиеттер – бұл жай ғана интерьер емес, тұтас бір ғұмырдың айғағы. Әсіресе қазақтың көрнекті ақын-жазушылары, ғалымдар, тарихи тұлғалар туралы еңбектер көзімізге ерекше шалынды.
– Аға, әңгімемізді осы тақырыптан бастасақ. Сіздің жұмыс бөлмеңіз бізге тұтас рухани кеңістік сияқты әсер етті.
– Дұрыс байқадыңыз. Бұл бөлме – менің өмір жолымның айнасы. Әр кітап – бір кезең, бір ой, бір сабақ. Қызметте жүргенде де, зейнетке шыққан соң да адамға ең керегі – ішкі тәртіп. Ал мен үшін сол тәртіптің бастауы – кітап. Кітап адамды үндемей тәрбиелейді, байыппен жетілдіреді. Бұл бөлме – менің жан тыныштығым. Қай кезде де ойымды жинақтап, өткенге көз жүгіртіп, болашақты таразылайтын мекенім десем болады. Кітапсыз өмірімді елестете алмаймын. Заң саласында қызмет етіп жүріп те, рухани азықты кітаптан алдым. Мұнда қазақтың классик жазушылары, ақын-жыраулар, ғалымдардың еңбектері, тарихи кітаптар бар. Ал Бауыржан Момышұлының барлық шығармаларын ерекше қадірлеймін. Мен үшін Бауыржан батыр ғана емес, рухтың символы.
– Кітапқа деген бұл құштарлық бала кезден басталған шығар?
– Дәл таптыңыз. Менің кітапқа жақын болып өсуіме әжемнің ықпалы өте зор. Әжем сауатты, көзі ашық жан еді. Көрші-қолаң, туған-туысты жинап, қисса-дастандар мен ғибратты әңгімелерді оқып беріп отыратын. Бала күнімнен сол көріністі көріп, сөздің қадірін, әңгіменің қуатын сезініп өстім. Әкем де сондай кісі болды. Бұл – біздің әулеттегі рухани сабақтастық. Әкемнің қойын дәптері мен үшін ең қымбат мұра. Оны аудандық мұражайға тапсыруды да ойлап жүрмін.
– Заң саласында ұзақ жыл қызмет еткен адамға кітаптың көмегі қандай?
– Заң – қағида, ал адам – тағдыр. Екеуінің ортасынан әділ шешім табу оңай емес. Кітап маған сабыр берді, ойды таразылауды үйретті. Кейде бір көркем шығармадағы кейіпкердің тағдыры нақты бір қызметтік жағдайды дұрыс шешуге көмектескен кездер болды. Сондықтан мен кітапты тек демалыс емес, кәсіби құралым деп есептеймін.
– Жеке кітапханаңыздан аудандық орталық кітапханаға 200-ге жуық кітап сыйға тартқаныңызды білеміз. Мұндай шешімге не түрткі болды?
– Кітап – жеке адамның меншігі болып қалмауы керек. Ол – халықтың рухани байлығы. Кітапты сыйлау арқылы оқырман мен кітапхананың арасын жақындатқым келді. Басты мақсатым – жас ұрпаққа кітаптың қадірін ұқтыру. Кітап – адамзат жасаған ең ұлы кереметтердің бірі. Ол үнсіз тәрбиелейді, бағыт береді, ойландырады. Менің өмірлік ұстанымым – кітап сөреде шаң басып жатпауы керек. Кітапхана – ұрпақтың ой қазынасы.
– Еңбек жолыңыз туралы айтып берсеңіз...
– Мен 1962 жылы 10 қаңтарда Жаңақорған ауданында дүниеге келдім. Ішкі істер органдарындағы қызметім 1990 жылы Жаңақорған аудандық ішкі істер бөлімінде бастап, түрлі жауапты лауазымдарды абыроймен атқардым. Паспорт столының бастығы, күзет бөлімінің бастығы, аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары қызметтерін атқардым. 2007 жылы Қызылорда облысы ішкі істер департаментінде жауапты қызметке тағайындалып, полиция полковнигі атағын алдым.
– Ішкі істер органдарындағы қызметіңіз елдің көңілінен ұмытыла қойған жоқ. Мұның сыры неде?
– 1990 жылы Жаңақорған аудандық ішкі істер бөлімінің табалдырығын алғаш аттаған сәттен бастап, мен бұл қызметтің үлкен сынақ екенін анық сезіндім. Өйткені ішкі істер саласы – адам тағдыры таразыға түсетін, жауапты қызмет. Заңды білу – бір басқа, ал оны адам тағдырымен үйлестіре білу – мүлде басқа өлшем. Мен үшін қызметтің ең үлкен мәні – шенді емес, шындықты қорғау.
2007 жылы Қызылорда облысы ішкі істер департаментіне қызметке шақырылдым. Сол жылы полиция полковнигі атағын алуым – құрмет қана емес, ең алдымен үлкен жауапкершілік еді. Иықтағы жұлдыздың салмағы – ар ожданға сын.
Қандай қызмет атқарсам да, өзіме бір ғана сұрақ қоятынмын: «Ертең осы ісіме ар алдында жауап бере аламын ба?». Кісі өз ісіне қанағаттанса көңілі де тыныш болады екен.
– Зейнетке шыққаннан кейін де қоғамға белсенді араласып келесіз. Бұл сіздің өмірлік ұстанымыңыз ба?
– Әрине. Зейнет – демалыс емес, жаңа кезең деп түсінемін. 2011 жылдан бастап атом өнеркәсібі саласында азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлар және кәсіподақ жұмысына араластым. Ұжым маған сенім білдіріп, кәсіподақ төрағасы етіп сайлады. Қай жерде жүрсем де, адамдардың жағдайына бейжай қарай алмаймын. Бұл – менің мінезім. Адам қоғамға керек екенін сезінбей өмір сүре алмайды. Зейнет – тоқтау емес, бағыт ауыстыру. Ұжым маған сенім білдірді, мен сол сенімді ақтауға тырыстым. Жұмысшының мәселесін шешу – елге қызмет етудің бір түрі.
– Еңбегіңіз түрлі марапаттармен бағаланған. Солардың ішінде сіз үшін ең қымбаты қайсы?
– Әр марапаттың өз орны бар. Бірақ ең үлкен марапат – халықтың алғысы, әріптестердің құрметі. «Еңбек ардагері» медалі мен кәсіподақ саласындағы марапаттарым көп жылғы еңбектің бағалануы деп білемін.
– Отбасыңыз туралы айтпай кетуге болмайды. Сіздің тірегіңіз кімдер?
– Отбасы – менің өмірімдегі ең берік қамал, ең сенімді тірек. Қандай лауазымда жүрсем де, қандай жауапты қызмет атқарсам да, шын мәніндегі тыныштық пен қуатты отбасыма деген сүйіспеншіліктен алдым. Өмірлік серігім Нариман Яғмузқызы – жұмысымның ауырлығын түсініп, сабырмен демеп, әрдайым жанымнан табылған жан. Төрт қыз тәрбиелеп өсірдік. Адамның шынайы бақыты атақта да, марапатта да емес, артында қалдырған ұрпағы мен сол ұрпаққа берген тәрбиесінде деп білемін.
– Аға, қазір еліміз Жаңа Конституциясын қабылдап, үлкен өзгерістер алдында тұр. Осыған көзқарасыңыз қандай?
– Мемлекет заң қабылдады екен, сол елдің әрбір азаматы оны құрметтеуі тиіс. Жаңа Конституция – ел өміріндегі маңызды кезең, онда көптеген баптар жаңарып, заман талабына сай өзгерістер енгізілді. Бұл – қоғам үшін үлкен жауапкершілік.
Қазір жұртшылық арасында, әсіресе тіл мәселесіне қатысты пікір көп. Бұл да заңды. Парламентте отырған депутаттардың барлығы – халықтың таңдауы. Оларды ел сенім артып сайлады. Жаңа Конституцияны талқылау үшін арнайы комиссия құрылып, қазақтың қаймағы осы іске жұмылды. Өз басым Бауыржан Момышұлының еңбектерін көп оқыдым. Оның «Айтқанның бәрін жазуға болмайды, жазғанның бәрін айтуға болмайды» деген сөзі бар. Бұл – үлкен өмірлік ұстаным. Әркімнің көкейінде өз ойы болады, бірақ оны таразылап, елдік мүддемен өлшеу қажет.
Ең бастысы – әрбір қазақ өз ана тілін білуге, оны ұрпағына үйретуге ұмтылуы керек. Қазақ тіліне деген құрмет – біздің ұлт ретіндегі парызымыз. Қоғамды қазақыландыру ұранмен емес, әр қазақтың жеке ісімен жүзеге асады. Әрқайсымыз өз үлесімізді қоссақ, ана тіліміздің болашағы да, елдің бірлігі де бекем болмақ.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Әсел РЗАЕВА




