» » » Гипсоблок нарықта сұранысқа ие

Гипсоблок нарықта сұранысқа ие

Қазіргі сауда нарығында ғимарат салуға қажетті құрылыс заттарының кез келген түрін кездестіруге болады. Әсіресе, нысан қабырғасын тұрғызуға арналған кірпіш, кесек және өзге де бетонды заттар базар төрінде үлкен сұраныста. Жыл сайын қабырғаға арналған бетонды блоктардың әр түрі өндіріске қосылып, өндірістің көкжиегі кеңейіп келеді. Соның бірі гипсоблок өнімі.

Бұл тауар аудан құрылысы саласына келгелі бірнеше жыл болғанымен өнім өндіру енді ғана қолға алынуда. Алғашқылардың бірі болып жаңақорғандық Спандияр баурымыз қолға алып, биылдан бастап сапалы өнім шығара бастады.


Алдымен бұл өнімнің сипаты мен құрамына, оның ерекшеліктеріне тоқталайық. Қабырғалық құрылыс материалдарының танымал түрлерінің бірі – гипс-бетон блоктары.

Олардың құрамына тұтқыр компонент ретінде кварц құмы, су, үгінділер және гипс модификацияланған зат кіреді. Гипсті әк пен поззолан цементімен де біріктіруге болады. Бұл жаңа құрылыс материалы нарықта басқа құрылыс материалдарынан әлдеқайда төмен екендігіне байланысты танымал бола бастады. Олар ерекше беріктігімен ерекшеленбейді, тек төмен салмаққа және жақсы жылу және дыбыс оқшаулау қасиеттеріне ие, сондықтан олар көбінесе ішкі бөлімдерді салу үшін қолданылады. Одан жасалған блоктар мен плиталар қабырғалар мен бөлімдерді тұрғызуда белсенді қолданылады.

– Жалпы, осы кәсіп түрін таңдап, өзім тәжірибе жүзінде жұмыс жасап көрдім. Өте тиімді, әрі нарықта сұранысқа ие. Бұл бизнес көршілес Шиеліде жақсы жолға қойылған, зерделеп ол жақтан да тәжірибемді толықтырдым. Былтыр дайындықты түгендеп, ерте көктемнен іске қостым. Әзірге ағам мен інім қолғанат, яғни отбасылық бизнес деуге болады.

– Тапсырыс түсіп жатыр ма?
– Әрине, жақында 2,5 мың тапсырыс келген, мүмкіндігінше ертерек бітіруге жұмыс жасаудамыз. Қоспасы бірнеше шикізаттан тұратындықтан сапаға аса қатты мән береміз. Бір гипсоблоктың салмағы 15 келіні құрайды, пішіні 60- 30-20 см, бір сөзбен айтқанда оның сипаттылығы өзге өнімге қарағанда әлдеқайда тиімдірек. Сондықтан, кәсібімді кеңейтіп, қосымша жұмысшы көзін тартуды жоспарлап отырмын. 1 380 000 грантына құжат тапсырып, жобамды қорғап шықтым. Бұйырса, қаржы қолға тиіп жатса жетіспей тұрған аппарат аламын. Бір гипсоблокты 850 теңгеден сатудамыз.

– Қосымша латок бар деген едіңіз.
– Иә, арасында латок өнімін де шығарамыз. Оны қандай бағытта пайдалансаңыз да өте ыңғайлы. Көбіне қабырға бұрышына бетон құюға сұрайды, яғни опалка орнына таптырмас құрал. Әзірге осы екі өнімді шығарудамыз. Бұйырса, тағы да қайтарымсыз қаржы мен жеңілдетілген несие алу жоспарда бар. Оны уақыт көрсетеді, әзірге жұмысымыз жүйеленіп келеді. Алла несібемізге берген екен, аудан нарығын реттеуге сеп болып жатсақ нұр үстіне нұр болар еді...

Жалпы Жаңақорғанда өндіріс өркениеті енді ғана еңсе тіктеп келеді. Бұл қуантарлық жағдай, өнім мейлінше көбірек өндірілсе бәсеке де артып, сапа мен баға тұрақтанады. Әйтпесе алыптасарлар бағаны қалағанша өзгертіп, құрылыстың мазасын қашырады. Соның салдарынан аудандағы тұрғын үйлердің бағасы өсіп, жабайы сауданы ерікке жіберіп қоюдамыз. Мәселен, орташа есепке сүйенсек, аудан орталығындағы қазіргі үлгідегі үйлердің бағасы 25-30 млн шамасы. Бұл орташа баға, ал, екі қабатты үйлердің құны 50-60 млн-нан кем түспейді. Сондықтан, құрылыс қажеттіліктері өзімізде өндірілгені қандай керемет.

– Қандай кәсіп болмасын оңайы жоқ, тек адал еңбек пен нақты жоспар, шыдамдылық керек. Бұл істті бастамас бұрын келешегі қалай болады деп біраз зерделедік. Түсінгеніміз, жерлестердің бәрі бұл өнімді Шиелі ауданынан алдырады, келуі бар, артуы тағы пұлданады. Бір жағынан тәжірибем толыққан, сәті түсіп бастап кеттім. Латоктарды нарыққа енді шығарамыз, әзірге көпшілік біле бермейді, егер тапсырыс артып жатса, онда қосымша жұмысшы күшін пайдалануға тура келеді, – дейді Спандияр.

Иә, кейіпкерімізді бала кезден танимыз, техника тілін меңгерген ол енді өндіріс саласына бет бұрыпты. Оң болсын дедік. Ең бастысы, осындай іскер азаматтар қолдаусыз қалмаса дейміз.

Әли Жарықбаев

24 маусым 2023 ж. 878 0