» » » «AMANAT» атқаратын міндеттер ауқымды

«AMANAT» атқаратын міндеттер ауқымды

«Amanat» – мемлекет мүддесі үшін тарихи жауапкершілікпен қоса, тәуелсіз мемлекетімізді, еліміз бен жерімізді, ата-бабамыздың бізге қалдырған аманатын ұрпақтан ұрпаққа жеткізуді көздейтін бірденбір партия. Жаңақорған аудандық «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Арман Мәжитовпен сұқбатымыз осы бағытта өрбіді.


  Қарапайым халықтың «АMANAT»- қа сенімі биік. Партияға басшылыққа келгелі қандай мәселелердің оң шешілуіне ықпал еттіңіз?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына орай, әр азаматтың мәселесін тыңдау, шешу – басты міндетіміз. Кент және елді-мекен тұрғындарымен жүйелі түрде кездесіп, ұдайы қоғамдық қабылдау ұйымдастырып отырамыз. Тамыры терең тарихымыз, мәдениетіміз бен әдебиетіміз, тіліміз бен салт-дәстүріміз – Тәуелсіз Қазақстанның барша азаматтарының мұрасы. Осы мұраны біртұтас елдің ортақ мүддесіне жұмсау партияның басты міндеті.

– Өткен жылы ауданымызда партия тарапынан ауқымды іс-шаралар атқарылды. Соған тоқтала кетсеңіз?

– «Amanat» партиясы Жаңақорған аудандық филиалы партиялық жобалар бойынша «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Халыққа көмек», «Мектепке жол» акциялары аясында біршама жұмыс атқарды. Айталық, «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында ауданымыздың өсіп-өркендеуіне айрықша үлес қосқан тыл және еңбек ардагерлері ардақталды. Өздеріңізге белгілі, Сунақата ауылдық округін талай жылдардан бері басқарған апайымыз Әзия Қыстаубаева мен кент тұрғындары Ұлтуар ана мен Анаргүл анамыздың шаңырағына барып, 8 наурыз мерекесімен шынайы көңілден шыққан ең ізгі тілегімізді білдірдік. Осы мақсатта, Алма Мамирова «Қарттарым, аман-саумысың» тақырыбында дөңгелек стол өткізді. Дөңгелек столдың мақсаты: Ұрпақтар сабақтастығы мен диалог алаңын қамтамасыз ету, қоғамда ынтымақ, патриотизм, қарт адамдарға және дәстүрге деген құрметті күшейту. Ардагерлердің тұрмыс жағдайымен танысу. Мұндай ізгілікті шараларға ардагерлер дән риза болды.

 Сондай-ақ, жеңіс күні қарсаңында ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, бүгінгі бейбіт күн үшін қанмайданда күрескен батырлардың мәңгі ұмытылмайтынын жастарға насихаттай отырып, аудандағы бірқатар тыл ардагерлерін де назардан тыс қалдырмадық. Одан бөлек, «Бақытты отбасы» жобасы аясында қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Ауданымыздағы көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі жандар және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға азық-түліктей көмек берілді. Сонымен қатар «Айдың нұры» қорының директоры Мөлдір Әшімханқызы көру қабілеті төмен, баспанасыз ана Нәзира Қасымхановаға үй табыстады.

Қызылорда облыстық мәслихат депутаты, жерлесіміз «Жан Арай» ЖШС-нің бас директоры Бағдәулет Махашов ауданымыздағы Білім күні қарсаңында 20 оқушыға «20 мың теңгенің» сертификатын табыстады. Бүгінгі күнге дейін «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы» жобасының негізгі мақсатын орындауға қолдау білдіріп, ауданымыздағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға қамқорлық жасағанына көпшілік куә. Атаулы жоба аясында партияның аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде тоқсанына бір рет «Кедергісіз келешек» жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды бірыңғай тақырыптық қабылдаулар өткізіледі.

Жаңа жыл мерекесіне де балаларды қуанту мақсатында кенттегі екі балабақшаға арнайы барып, сый-сыяпат табыстадық. Оның бірі мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиеленетін «Арнайы» балабақша болса, екіншісі «Меруерт» балабақшасы. Мұндағы партияның мақсаты 40-тан аса қамкөңіл балаларды әлеуметтік ортаға бейімдеу, олардың бойына өмірге деген құштарлық нәрін себу болатын.

– Осы жобалардың аясында «ТazaLike» жобасының тұрғындарға ерекше әсер қалдырғаны белгілі. Бұл жоба биыл да жалғасын таба ма?

– «ТazaLike» жобасы көршілердің ауызбіршілігін, туған өлкені аялауды насихаттайтын қажет бастама. Міне осы мақсатта аудандық «АMANAT» партиясы көршілер арасында елжұртпен жарасымды сыйластықты арттыруда «ТazaLike» жобасын ұйымдастырды. Атаулы байқауға 10 көше ұсыныс білдірді. Шара соңында жең імпаз көшелерге ерекше сый-сияпат көрсетілді. Биылғы жылы да дәстүрімізден танбай, кент көшелерінің арасында осы байқауды ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Одан бөлек, «ТazaLike» сенбілік шарасында бір ізге келтіруді ойлап отырмыз. Былтырғы жылы Жаңақорған кенті, Шалқия кенті және барлық ауылдық округтерде сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. Бұл жобаның басты мақсаты – азаматтардың экологиялық мәдениетін арттыру және қоршаған ортаны таза ұстауды күнделікті өмір салтына айналдыру, экологиялық проблемаларды тиімді шешу жолдарын қалыптастыру.

Партия әрқашан халықтың мұңмұқтажын тыңдап келеді. «Халыққа көмек» партиялық жобасы аясында қайырымдылық акциясы әркез ұйымдастырылып тұрады. Аталған акция аясында ауданымыздағы көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтыған отбасылар қамтылып отырады.
Естеріңізде болса, аудан тұрғыны Қаппар Жомарттың жұмыс барысында қауіпсіздік ережелерінің сақталмауынан мүгедектікке ұшырап, емінің қымбат болуына байланысты қаражат жағынан көмекті «Көреміз» бағдарламасына жеткізіп, мән-жайды түсіндірдік. Осы ретте аудан тұрғындары, қазақ елі жерлесіміздің Корея еліне барып ем қабылдауына барынша қолдау көрсетті.

– Арман Әбілпейісұлы еліміздегі саяси реформалар мен партияның жаңғыруы жолындағы бағыттарына көзқарасыңыз қандай?

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты қазақстандықтарға арнаған Жолдауында еліміздегі демократиялық қағидалардың іске асырылуында саяси реформаларға мән берілді. Осы арқылы Жаңа Қазақстанның негізі қалыптасады деп есептеймін. Мемлекет басшысының партия төрағалығын тапсыруының өзі саяси партиялардың дамуында теңдікті қалыптастырады. Ал, партияны жаңғырту үрдісінде сайлау жүйесіндегі ерекшеліктер өзге саяси партиялардың дамуына септігін тигізеді. Сондықтан саяси жүйенің түбегейлі өзгеріске ұшырауы қоғамдағы саяси тұрақтылықтың сақталуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынды. Яғни, референдум маңызды демократиялық институт екені белгілі. Халықтың пікірін назарға ала отырып, бас құжат қайта бекітілді. Бұл тарихымызда ата-бабамыздан жалғасын тауып келе жатқан үрдіс деп санаймын. Алдағы уақытта аудандағы бас партияның белді өкілі ретінде өз үлесімді қосып, белсене жұмыс жасайтын боламын.

– Міне, жаңа жылдың алғашқы күндеріне қадам бастық. Алдағы уақытта, қандай игі істерді атқарсам деген ниетіңіз бар?

– Қашанда жақсылыққа сенетін, үміт ететін халықпыз ғой. Өткен жылы қандай істерді атқарсақ, биылғы жылы да елдің игілігіне жарайтын жобаларды жоспарлап жатырмыз. Бүгінде ұстаздардың сағаты қысқарып, ойлары сан-саққа жүгіріп, баланың біліміне, болашағына немқұрайлы қарай бастаған секілді. Сол себепті алдағы уақытта белгілі ұстаз Омар Жәлелді арнайы шақырып, ұстаздарға арнап сабақ өткізсек деген ниетіміз бар. Ал, еліміздің атын әлемге танытып жүрген спортшылар мен жастар белгілі спорт шебері Илья Ильинмен кездесіп, мол мотивация алмасса деген жоспарымыз бар. Осы сынды біршама жобаларды ой елегінен өткізіп, нақты жұмыстарға кірісіп жатырмыз. Барлығы халықтың игілігі үшін.

Арман Әбілпейісұлы, алдағы уақытта сәттілік жолдасыңыз болсын. Халық үшін халық игілігіне жұмыс жасайтын, халық қалаулысы бола беруіңізге тілектеспіз.

Сұхбатыңызға рахмет!

Әсел РЗАЕВА

10 қаңтар 2023 ж. 2 145 0