Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Рамазан – барша мұсылманның бірігу айы

Рамазан – барша мұсылманның бірігу айы


Ораза – мұсылманның бес парызының үшіншісі. Ораза ұстаған адам таң атқаннан күн батқанға дейін ниетін бекітіп, тамақ ішуден және өзге де оразасын бұзатын заттардан бас тартады. Биыл 2 сәуір- ауыз бекітетін күн болып белгіленді. Яғни, санаулы күндерден соң қасиетті Рамазан айы басталады. Мұсылман үмбеті үшін Рамазан – ерекше ай. Мейірім мен кешірімге, сауапқа толы айды әдеттегідей өз деңгейінде өткізу жолында мұсылман қауымы ауыз бекітеді. Имамдағы бес парыздың бірі болған ораза айы да келіп жетті. Бұл күнді асыға күткен әркім Жаратушысының алдында бүкіл ықылыс-ниетімен ғана емес, денесімен, іс-әрекетімен біртұтас Алла разылығын алуға ұмтылған амалымен Құдыретке шынайы түрде жақындауға мүмкіндік алады.


«Ораза, намаз-тоқтықта» деп діл­мар­сыған біреулеріміз мұсылмандық парыздың қадір-қасиетін жете баға­ламай, еріккеннің ермегі көріп, күпірлік айтып қаларымызды ұмытпағанымыз жөн. Ал шын мәнінде, Алладан қорқып қана қоймай, шарапатынан күдер үзбеген. Оның разылығы үшін қандай қиындыққа да төтеп бере алады және осы құлшылығының есе-есе жақсылығына да қауышады.
Біз қарсы алып отырған қасиетті күн қарсаңында ауданның бас имамы Әбдіхалық қажы Махмұтұлы ағамызға арнайы жолығып, жалпы ораза айында атаулы айдағы ғибадат құлшылығымызда қандай талаптар бар, өткен жылдан қарағанда қандай өзгерістер бар, осы жөнінде ортақ ой бөліскен едік. Төменде сол сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.
– Еліміз өз егемендігін алған күннен бастап халқымыз мұсылмандық парыз амалдарын түгендеуге ұмтылып, соның нәтижесінде ұлттың рухани келбетінде кемел өзгерістермен қауышып жатқанымыз шындық. Өйткені зұлымдық атаулының бәрі дінсіздіктен, Құдайсыздықтан туады, – деп бастады бас имам бізбен әңгімесін.

– Міне, айлардың сұлтаны, күллі мұсылман қауымы үшін қасиетті саналатын қасиетті Рамазан айының басталуына да санаулы ғана күн қалды. Яғни, 2 сәуір күні барша мұсылман қауымы ауыз бекітуді бастайды. ауданның бас имамы ретінде Рамазанға дайындық барысы мен қасиетті айда қандай іс-әрекеттерде тоқтам болу керектігін толыққанды айта кетсеңіз?

– Әуелі барша аудан тұрғындарын айлардың сұлтаны Рамазан айымен құттықтаймын. Биыл Рамазан айы 2 сәуірде басталып, 1 мамырда аяқталады. Ораза 30 күн болмақ. 2 мамыр – Ораза айт күні. 27 сәуірден 28 сәуірге қараған түн – Қадір түні. Бүгінде Жаңақорған жұртшылығына арналған ауызашар кестесін бекітіп, халыққа таратуды бастап кеттік. Сондай-ақ жыл сайынғы дәстүрге айналған сауапты шараларды биыл да жалғастыруды қолға алмақпыз. Онда, бірінші кезекте, жомарт азаматтарды, кәсіпкерлерді көмекке мұқтаж адамдарға қамқорлық көрсетуге, жергілікті аумақтағы жетім мен жесірге мейірімділік танытып, қараусыз қалған қарттарға көңіл бөлсек. Оған қоса, Құдайы астар мен садақалар ауызашар уақытында ұйымдастырылуына атсалыссақ игі.

– Өткен жылы індет іргемізден кіріп, әркім өз үйінде ауыз ашып, біраз шектеулер қойылып еді. Ал, биылғы жылы қалай болмақ? Жамағатпен мешітке барып намаз оқуға бола ма?

– Аллаға сансыз шүкірлер болсын, биылғы жылы мұсылман қауымы мешітке барып жамағатпен намаз оқуларына рұқсат етілді. Рамазан айында тарауық намазын оқу – бекітілген сүннет. Әбу Ханифа мазхабы бойынша тарауық намазы 20 ракағат оқылады. Ер кісілердің мешітке барып оқуы үйде оқығаннан әлдеқайда сауапты. Әйелдерге үйде оқыған абзал. Тарауықты оразаны тұтқан да, тұтпаған да оқыса сауапқа кенеледі. Тарауих намазы – мүәккәд сүннет, яғни бекітілген, күшті сүннет қатарына жатады. Бұл – бес уақыт намаз секілді парыз болмағанымен, белгілі бір уақыты бар намаз. Рамазан айында құптан мен таң намазы аралығында оқылатын жиырма рәкәғаттан тұратын құлшылық. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Алла Тағала рамазан айында оразаны парыз етті. Мен де тарауих намазын мұсылмандарға сүннет қылдым» деген. Сондықтан тарауих намазы еркектер мен әйелдер үшін мүәккәд сүннет.

– Рамазан айының мұсылман қауымға берер пайдасына тоқтала кетсеңіз?

– Рамазан айы адамдарды тек нәпсіден тыюға ғана үйретін қоймайды. Ол адамдарды жамандықтан сақтайды. Құранда айтылғандай негізгі мақсаты – мұсылманды тазартып тақуалық деңгейге жеткізеді. Сонымен қатар ораза кезінде ырыс-берекетінің қадірін түсінеді. Әдетте түрлі тағамды жеп жүрген адам Рамазан айында күні бойы аштық сезімін сезінеді. Кешке ауыз ашқан соң судың да қадіріне жетеді.

– Қаралы қаза орын алған жағдайда діни жөн-жоралғылар қалай атқарылуда?

Жаназа рәсімінен кейінгі жетісін беру, қырқын өткізу, тағы басқа көпшілікпен атқарылатын шаралардың барлығы ауыз ашар уақытында берілгені жөн. Иә, «Өмір бар жерде, өлім бар» демекші, жылдағы көріп жүргендей, ораза күндері тал түсте қазан-қазан ет асып, құдайы ас беріліп жатады. Жаратқан Иеміз, күллі мұсылман баласына ауыз бекітуді бұйырып жатқанда 300-400 адамды шақырып, ас беру бұл құрметсіздік. Сондықтан да қырқы, жылдық асы секілді құдайы асты кешкі ауызашар уақытына ұйымдастырғандары абзалырақ.

– Биылғы пітір садақаның көлемі қандай болып бекітілді?

– Биылғы пітір мөлшері 500 теңге бо­лып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның бағасымен есептеледі. Ал ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің мәліметі негізінде анықталып отыр. Ал, егер бай-қуатты және жағдайы жақсы адамдар болса, мейіздің бағасымен берсе болады. Қазіргі кезде екі келі мейіздің бағасы 3 580 теңгені құрайды. Сондай-ақ, 4 келі құрманың құнымен беруге болады. Оның бағасы – 7 300 теңге. Міне, бай-қуатты азаматтар пітір садақаны осылай бере алады

– Оразаның ниеті мен уақыты жайлы айтсаңыз?

– Ниетсіз ораза дұрыс болмайды. Кез келген оразаны тұтудан бұрын жүрекпен ниет етілуі тиіс. Әбу Ханифа мазхабы бойынша Рамазан айының басында ниет ету сол қасиетті ай үшін жеткілікті болып есептелінеді, қаласа күнделікті ниет етуге де болады. Ешқандай ниетсіз күні бойы аш жүру оразаға жатпайды. Ал оразаның уақытына келсек, сəресі таң намазының уақытына дейін болады да, ақшам намазының уақытында ауыз ашылады.

– Ауыз бекіткен кісілер бет сүйісіп амандасудан бас тартып жатады. Беттен сүю оразаны бұза ма?

– Жақындарын, некелі жарын, баласын сүйгеннен ораза бұзылмайды. Тек ерлі-зайыптылар сезімге ерік бермеуі тиіс.

– Сəресіге ұйықтап қалған адам не істейді?

– Сəресіге ұйықтап қалған кісі сол күнгі оразасын жалғастырады. Өйткені ораза басталғанда Рамазан айына толық ниет етілетіндіктен сол күнгі оразасы қабыл болады. Алайда, бұдан сəресіні ішпей, рамазан айы алғаш басталған күні бір айға ниет етсе жеткілікті екен ғой деген қате түсінік туындамауы керек. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «сəресіде береке бар, бір жұтым су болса да ниет етіп, ауыз бекітіңдер» деген сөзі бар. Сол үшін жатар кезде ниет етіп, дұға жасап жатуы және сәресіге тұруы тиіс.

БАҚЫТ ДЕГЕН –
СЕНІ БІРЕУ,
СЕН БІРЕУДІ ІЗДЕСЕҢ

– Ауыз ашар дастарқаны адамдардың бір-біріне сыйлық жасап, құрмет көрсетуінің керемет мүмкіндігі. Енді бір-бірімізге тарту жасап, Алла разылығына қауышудыңтағы қандай жолы бар?

Осындай сұрақтармен көп адам хабарласты. Мен айтар едім, оның жолы көп. Жомарттық деген тіпті де біреуге көрсету үшін жасалатын рия не мақтан емес және оның үлкен-кішісі болмайды. Ауыз бекітіп жатқан қарияға бір қадақ құрма алып барып бер немесе тісіне жұмсақ жеміс апарып жегізші, қандай қуанады. Тіпті қой сойғанмен бірдей қайырға қауышасың. Өйткені мәселе, сенің сыйлығыңның аз-көптігінде, үлкен-кішілігінде емес, көңілде. Әркім осыны есте ұстасын. Қолындағы барымен бөліссін, қандай ғанибет.
Жаңа ғана бір жігіттер келді маған. Рамазанның құрметіне атаған садақаларын кімге беруді кеңесті. Мешіттің есебінде тұрған кембағал жанұялардың бір-екеуін нұсқап көмектесуін өтіндік. Алла олардың қайыр амалдарын қабыл етсін дегіміз келеді.
Бақыт дегенміз – сені біреудің іздегені. Сені ешкім керек етпесе, іздемесе, жиған-терген дүние-мүлкіңнен не қайыр? Өзің ғана көрген күйкі тірліктің қызығынан не рақат табасың? Атам қазақ «Көппен көрген ұлы той» деп неге айтқан? Осыны естен шығармайық.
«Қиындықпен бірге жеңілдік те бар» делінген касиетті хадисте.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Бірлесе білсек біз бәрін жеңеміз» деген сөзі қазақты бұған дейінгі тағдыр-талайынан алынған тұжырым. Қайырым жасасаң қайырын өзің көресін. Бір-бірімізге шуағымызды төгіп, шарапатына кенелер ғажайып қадір-қасиетімізден ажырамайық дегім келеді. Алла барлығымызға осындай жақсылығын нәсіп етсін.

– Қасиетті Рамазан айы барша мұсылманға мүбәрак болсын! Жұртшылыққа тілегіңіз?

– Рамазан – Алла Тағаланың сондай берекелі айы, бізге жіберген мейірімді қонағы. Біз бұл айға төрімізден орын беріп, мейірімді қонағымыздың батасын алып қалуға тырысуымыз тиіс. Мұнымен қоса, жүрегімізбен қабылдап, оған нұр ұялатуымыз керек. Рамазанда қалған 11 айға жететіндей рухани қуат, бата алуға талпынуымыз қажет. Айтулы айдың қадір-қасиетін сезініп, зор сауаппен өткізуге, қалған 11 айда рухани қуат алуға Хақ Тағала баршамызды нәсіп етсін. Халқымыздың ауызбіршілігін мықтап, берекелі қылсын. Өзіне сенетіндердің, өзіне шын мойынұсынғандардың қатарын көбейтсін деп тілейміз.

– Сұхбатыңызға рақмет. Алла әрбірімізді ынсапты құлдардың қатарынан табылуға жазсын.

Әсел РЗАЕВА
31 наурыз 2022 ж. 11 047 0