Әділдік – елдіктің негізі
VІІ шақырымдағы Парламент Мәжілісі депутаттарының ішінде азаматтық белсенділігімен ерекшеленіп, қоғамның түйіткілді мәселелерімен дер кезінде бөлісіп жүрген Ерлан Сайыровпен жүздесіп, еліміздегі әлеуметтік әділеттілік принциптері, өңірлердің экономикалық даму мәселелерін талқыладық. Жариялық, ашықтық принципін ұстанып, қоғаммен етене жақын араласатын халық қалаулысымен өрбіген сұхбатты ұсынамыз.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Жаңа Қазақстанды құру – біздің ортақ міндетіміз деп мәлімдеді. Жаңарған, жаңғырған Қазақстанның бағыты, бағдары қандай?
– Жаңа Қазақстан концепциясының ең негізгі аспектісі – әлеуметтік әділеттілік. Яғни халықтың әлеуметтік әлеуеті артып, теңдік мәселесі іс жүзінде асуы керек. Бұл – өте маңызды міндет. Бұған дейін экономикалық даму болды, бірақ, әлеуметтік-экономикалық дамудың игілігін халықтың басым көпшілігі көре алмады. Жаңа Қазақстанды бағдар еткен елдің негізгі міндеті – жердің астындағы, үстіндегі табиғи байлықтың игілігін халық сезініп, көріп, тұтынып, соған ие болуы керек.
Әділеттілік принциптері орнығуда – ауыл жастарының білімін арттырып, оларға «әлеуметтік лифт» қалыптастыру да өте маңызды.
Саяси-әлеуметтік реформаларды сәтті жүргізе асыруда Парламент Мәжілісінен бастап жергілікті деңгейдегі мәслихаттар ашық диалог алаңына айналып, халық пен биліктің дәнекері қызметін қалтқысыз атқаруы тиіс. Бұл дегеніміз, елдің сөзін сөйлейтін қоғам белсенділері көшеде емес, Парламентте немесе мәжілісте түрлі тақырыпта дискуссия жасап, әлеуметтік шиеленіс ошақтарының алдын алып отыруға септігін тигізуі керек.
– Әлем елдерінің өмірінде ресми статистиканың ролі өсуде. Яғни статистика мемлекеттің өсіп-өркендеуін нақты бағамдайтын, байыптайтын құжаттар жиынтығы. Бірақ қаңтар қасіретінен сабақ алатын болсақ, статистикалық деректер халықтың шынайы өмірін көрсетіп бере алмайтынын еріксіз мойындап отырмыз. Солай емес пе? Статистика халықтың шынайы өмірімен үйлесіп, үндестік танытуы үшін не істеуіміз қажет?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ресми статистика мен шынайы өмір арасындағы айырмашылықты сынға алды. Өте орынды.
Егер статистикаға сүйенсек, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсы.
Дегенмен өмірдің нақты айшықтары, нақты фактісі статистикадан тым алшақ. Бір ғана мысал келтірсем, елімізде әлеуметтік деңгейі төмен адамдар саны ресми түрде 998 мың адам болса, бейресми деректерде 2 млн адамнан асады.
Статистика – өмірдің айнасы.
Сондықтан бұл саланы да реформалап, экономикада бағыт-бағдар беретін өміршең құжаттар жиынына айналдыру міндеті тұр.
– Қателеспесем, Үкімет басшысына халықтың нақты әлеуметтік өмір сүру деңгейі жөнінде депутаттық сауал жолдап, нақты талап-міндеттер қойдыңыз. Осыны тарқата айтып берсеңіз...
– Рас, әріптесім Берік Әбдіғалиұлымен еліміздің әлеуеметтік-экономикалық деңгейін әлем елдерімен жан-жақты салыстырып, саралап және мәселені шешудің ұтымды жолдарын ұсындық.
Жалпы, ішкі жалпы өнімнің еселеп өсуіне қарамастан, Қазақстан ондаған жылдар бойы, кедейлік шегін көтермей келеді. Бүгінде Қазақстан ең төменгі күнкөріс деңгейінен әлемдегі ең төмен елдердің бірі және Нигерия, Ангола, Венесуэла, Габон сияқты елдердің деңгейінде тұр. Ал Еуропалық елдерде кедейлік орташа табыстың 60 пайыз деңгейінде белгіленеді.
Дүниежүзілік банк әлемдегі кедейліктің екі шегін қарастырған: табысы орташадан төмен елдер үшін күніне бір адамға 3,2 АҚШ доллары, табысы орташадан жоғары елдер үшін 5,5 АҚШ долларын құрайды. Ал Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі 2,8 долларды, Ресейде күніне 6 долларды құрайды. Біздің статистика бойынша 2021 жылы орташа айлық жалақысы 232 мың теңгені құрады.
Көрдіңіз бе, жоғарыда айтқанымдай, ресми статистика мен халықтың шынайы өмірі бір-бірімен сәйкес келмейді.
«Nur-Otan» партиясының фракциясы кедейлікпен күресу үшін Үкімет мынадай шаралар қарастыруы қажет деп есептейді.
Біріншіден, елдегі жалпы ішкі өнім деңгейіне, халықаралық стандарттарға сәйкес Қазақстанда кедейлік шегін арттыру. Қоғам ішіндегі кедейлік туралы көзқарасқа сәйкес келетін, кедейліктің жаңа анықтамасын енгізу.
Екіншіден, ең төменгі күнкөріс шегі мен кедейлік шегін біріктіре отырып, ең төменгі күнкөріс шегін арттыру. Неге десеңіз, елде азаматтардың төмен әлеуметтік жағдайының екі индикаторы бойынша ең төменгі күнкөріс шегі және кедейлік шегі деп белгіленді. Кедейлік шегі, ең төменгі күкөріс шегінің, яғни 36 мың теңгенің 70 пайызын құрайды. Бұл ертедегі Үкіметтердің халыққа ақшаны аз төлеу үшін істеп қойған «қулығы». Яғни әлеуметтік көмек алғың келсе, «сіңір кедей» болуың керек!
Үшіншіден, екі ең төменгі жалақы мөлшерінде табыс алатын азаматтарды жеке табыс салығынан босату.
Төртіншіден, ең төменгі жалақыны жыл сайын индексациялау мәселесін шешу.
Бесіншіден, ең төменгі жалақы алатын азаматтардың жұмыссыздық бойынша сақтандыру сомасын арттыру арқылы сақтандыру жүйесін жетілдіру.
– Өркениет көшінде өрелі қадам жасап, дамудың бір жолы – шағын және орта бизнесті дамыту. Алайда біздің бизнестің деңгейі мен дәргейін көріп отырмыз. Алдымызда кәсіпкерлік саласын экономиканың локомативіне айналдыру міндеті тұр. Мұны сәтті жүзеге асырудың жолы қандай?
– Әлемнің озық елдерінің тәжірибесіне сүйенетін болсақ, жалпы ішкі өнімнің 50-60 пайызы шағын және орта бизнеске тиесілі. Мәселен, Жапония шағын және орта кәсіп-орындар бойынша жалпы ұлттық өнімнің 80 пайызға жуығына ие болып отыр. Күншығыс елінің бұл саланы дамытуда түрлі тәжірибесін көруге болады. Соның бірі – «бір ауыл – бір өнім» жеке экономикалық моделі. 1979 жылы жолға қойылған бұл бағдарлама «кластерлік бизнесті» дамытуға жол ашты.
Өркениет көшінде орнықты дамығымыз келсе, кәсіпкерлік саласын мықтап қолға алуымыз керек. Бизнесті дамытуға ниетті кез-келген азаматты аяққа тұрып кеткенге дейін сүйемелдеу жұмысы жүргізілуі керек.
– Ерлан Бияхметұлы, дәл қазір елді біріктіріп, келешекке кемел қадам жасауға бастауымыз керек. Алдымызда тұрған ең үлкен міндеттің бірі осы емес пе?
– Дұрыс айтасыз! Осындайда заңғар жазушы Әбіш Кекілбайұлының: «Әділдік бар жерде ғана елдік бар. Елдік жоқ жерде жаманның иығы шығыңқы, жақсының еңсесі түсіңкі жүретіні бәсенеден белгілі. Ондайда ер сорламайды, ел сорлайды» деген сөзі ойға қонады.
ХV ғасырда қазақ рулары бір ту астында бірігіп, мемлекеттік деңгейге көтерілуінің өзі әділеттілік принциптерімен тікелей байланысты. Өз қоғамының ішіндегі әділетсіздікке қарсы шыққан адамдар, рулар Керей мен Жәңібек уығын қаққан елдің құрамына кіріп, халықтың санын еселеп арттырды.
«Қазақ» сөзінің өзі әділеттілікті іздеу деген ұғымға жақын. Сондықтан айналамызда болып жатқан келеңсіздік, астамшылдық, тойымсыздықты көріп отырғанда, әрқайсымыз «әттеген-ай» деп отырамыз.
Экономикалық, қаржылық әділетсіздік тек қана орталықта болып жатқан жоқ. Дәл сол астамшылдық кіші дәрежеде, министрліктер, облыстық әкімшіліктерде де жайлаған. Осыны да тыю қажет. Облыстық деңгейде де «мәртебесі» басқадан биік отбасылар қалыптасқаны жасырын емес.
«Әділетсіздікке қарсылық» қозғалысы ауыл, аудан, облыс, орталық деңгейдегі «мүліктік теңсіздікке» налыған, ондаған жылдар бойы сол теңсіздіктен көңілі қалған азаматтардың талап-тілегі.
Бізге, ауылдық деңгейде жергілікті қауымдастықпен жұмыс істеудің, ауылдағы ағайынның әлеуметтік деңгейін ұстап тұрудың тетігін жасау керек.
Бұл теңгермешілік немесе «жатып ішерлікке» итермелеу емес.
Керісінше, ауылда азаматтарға кіші бизнеспен айналысу, оларға шаруашылығын дөңгелетіп алып кетуі үшін жағдай жасау, жер беру, техникамен қамтамасыз ету мәселесін шешу керек.
– «Nur Otan» партиясының кезектен тыс XXI съезінде алға қойған міндеттер сараланып, бағыт-бағдары айқындалды. Съезде Президент алдағы уақытта бірнеше саяси партия құрылуы мүмкін дегенді айтты. Бұл қадам бәсекелестікті арттырып, кадрлық резервті дайындауда күш беретін болады.
«Nur Otan» партиясының белсенді мүшесі ретінде айтыңызшы, халықтық деңгейден түспеудің жолын қалай жалғастыруға болады?
– Партияда екі жыл ішінде реформа жүріп, праймериз өткізіліп, қоғаммен тығыз байланыс тетіктері жасалды. Осы тенденцияны тереңдету маңызды.
Енді «Nur Otan» партиясына өзінің жұмысын қоғамның, азаматтардың, адамдардың саяси, экономикалық мүдделерін қорғауға қабілетті ұйымға айналу міндеті тұр.
Осы міндет үрдесінен шыға алсақ, партия нақты «парламенттік» рек алып, прогрессивті ұйымға айналады. Ол үрдістен шығу үшін не істеу керек екендігін партия Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев жан-жақты айтып берді.
Барлық саяси күштерге «Ашық есік» саясаты партияның ең басты құндылығы болуы керек. Партияның интеллектуалдық потенциалы, адами капиталы, ұжымдық санасы осы мақсатқа жетуге қабілетті деп ойлаймын.
– Сұхбатыңызға рақмет! Жұмысыңызға сәттілік тілеймін!
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
Пікір 3