№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Саулықтың қадірін, сауыңда біл

Саулықтың қадірін, сауыңда біл

«Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде». Бұл халық даналығы заман жаңарып, уақыт өтсе де өзектілігін жоймақ емес. Десе де, денсаулықтың қадірін ауырғанда ғана білетініміз ақиқат. Осы тұста, елімізде бастапқы медициналық-санитарлық алғашқы көмекті  ұйымдастыру жүйесі ұтымды жүзеге асуда. Әрі профилактикалық шараға баса маңыз беру арқылы халық саулығын жақсартудың жолын жетілдіруде. Осындай маңызды саланың аудандағы ахуалын білмекке аудандық емхананың есігін қақтық. Мұнда бас дәрігердің бастапқы медико-санитарлық көмек жөніндегі орынбасары Алғатай Қаратаевамен тілдестік.
– Келешек ұрпақтың баянды болашағының кепілі болып табылатын денсаулық мәселесін жетілдіру – біздің дәрігерлік борыш. Бұқараның бізге деген сенімі артатындай, халыққа қызмет көрсетсек одан артық абырой жоқ – деп бастады әңгімесін Алғатай Әбітайқызы.


Тілдесу барысында белгілі болғандай, алғашқы еңбек жолын арқа төсіндегі кербез Көкшетаудың Чкалов ауданындағы дәрігерлік-амбулаторияда педиатр болып бастайды.  Араға бір жыл салып, бас дәрігер ретінде жауапкершілік жүгі күшейеді. 1991 жылға дейін арқа төрінде саланың серпінді дамуына өзіндік үлесін қосып, дертіне шипа іздегеннің жанның қасынан табыла біледі. Тәуелсіздік алған тұста туған жерге оралып, аудандық емханаға жасөспірімдер дәрігері, аймақтық дәрігер, Талап ауылдық ауруханасы бас дәрігері, аудандық емхананың терапия бөлімінің меңгерушісі, Талап ауылында аға дәрігер, аудандық емхананың бас терапевті қызметін абыройлы атқарады. Өткен жылдан бастап Алғатай Әбітайқызы бас дәрігердің бастапқы медико-санитарлық көмек жөніндегі орынбасары. Оның қатарында, аудандық әскерге шақыру медициналық комиссиясының төрағасы, Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің электронды қызметін ұйымдастыру жүктеледі.
Бізде өз кезегінде денсаулық сақшысынан Елбасы Жолдауындағы он басымдықтың бірі – медициналық қызмет сапасын арттыру бағытында аудан көлемінде қандай тындырымды жұмыстар жасалып жатқанын сұрадық.        
– Президент Жолдауында: «Халықтың өмір сүру ұзақтығының өсуіне және медициналық технологиялардың дамуына байланысты медициналық қызмет көрсетуге деген сұраныс көлемі арта түсетін болады. Қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталуға тиіс. Саламатты өмір салтын насихаттай отырып, қоғамдық денсаулықты басқару ісін күшейту керек» деген болатын. Бұл бағытта нәтижелі жұмыс бар. Жалпы, ауылдық округ бойынша 17 дәрігерлік емхана жұмыс жасап тұр. Барлығы да медициналық алғашқы көмек көрсетуге қауқарлы» дей келе, стратегиялық құжаттағы ақпараттық жүйелердің медицинаға енуін сөз етті. Яғни, Жолдауда айтылған «электрондық денсаулық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу» сынды жеделдетілген технологияның аудандағы қарекетін тыңдадық.
– Медицина саласы күн өткен сайын даму үстінде. Осыған орай, емдеу мекемелеріндегі заманауи құрал-жабдықтар мен қызмет көрсету сапасы да уақыт талабына сай болуы қажет. Ал, электрондық денсаулық паспорты бойынша аудан тұрғындарының 70 пайызға жуығын базаға енгіздік. Келешекте амбулаторлық картаның номерін айтып, тексерілуге мүмкіндік алады. Әлі де осы бағытта жұмыс қарқынды. Оған қоса, e.gov порталы арқылы дәрігер қабылдауына жазылу не ауыр науқастар үйіне шақыртуға мүмкіндігі бар. Және де аудандық емхананың екінші қабатында арнайы талон беретін терминал іске қосылды. Ол бойынша жалпы тәжірибелік мамандар мен бейінді мамандарға электрондық кезек алады, – дейді Алғатай Қаратаева.
Сондай-ақ сала қызметкерлеріне мемлекет тарапынан жасалынып жатқан қолдау шарасы қомақты. Бұған емдеу мекемесіндегі білікті мамандар мен мекеменің заманауи медициналық қондырғылармен толығуы дәлел. Бас дәрігердің орынбасары профилактикалық және әлеуметтік психологиялық көмек беру бөлімі және де функциональды диагностика (рентген, УДЗ), кардиофункционалды диагностикасы бар екендігін жеткізді. Мемлекеттік «Денсаулық» бағдараламасы шеңберінде жасалған Жол картасы арқылы жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуға мүмкіндігі бар екен. Және де Жолдау­да айтылған қоғамдық денсаулықты басқарудың көкжиегін кеңейту мақсатында аудандық емханадан 9 денсаулық мектебі ашылған. Оның ішінде; қант диабеті тобы, қарттар тобы, қауіп-қатер тобы сынды кабинетте мамандардың кеңесін алып, скринингтік тексерілуден өтетіні белгілі болды.
Осылайша, отыз жылдан астам аудан медицинасының серпінді дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан Алғатай Әбітайқызы алдағы уақытта да ақпараттық жүйенің  кең ауқымды қамтылуына жұмыс жасай беретінін жеткізді.

Самат Керуенбектегі,
"Жаңақорған тынысы",
№10 (8131) 3 ақпан, 2018
.
11 қазан 2021 ж. 9 141 0