№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Тазалық кеткен жерден талант кетеді

Тазалық кеткен жерден талант кетеді

Әдеби өлшеммен қарағанда қазір жазушы көп емес. Қаламгерді анықтайтын кітабының саны емес. Олай болғанда бүгінде қалта қалыңдығын пайдаланып қаптатып кітап құрастырып жүргеннің барлығы атақты болып кетер еді. Жазушылықты кәсіп деп қарамау керек. Ол Тәңірдің қалауы. Ол – Құдырет күштің көкейге салған сөзін серт етіп, оған суреткерлік қуатпен жан бітіретін тұлға. Жүректен шыққан жүрекке жетеді. Осындай табиғи қадір-қасиетіне адалдығына қылаудай кір жуытпаған, әрбір кейіпкері оқырман көңіліне дара болмысымен бір жақынымыздай болып кеткен жазушы Тынымбай Нұрмағанбетовпен емен-жарқын сұхбаттас болу талайдан арманымыз еді. Соның сәті түсіп, қаламгер жан-дүниесінен ойға түйгенді көппе бөлісуді жөн көрдік..

– Жазушы әдебиетке қалай келді?
– «Мен бала кезімнен жазушы болуды армандадым» деп жатады ғой, көпшілік қаламгер. Өз басым жазушы боламын деп ойлаған емеспін. Рас, әдебиетті жақсы көрдім. Кітапты көп оқитынмын. ол кезде танымал жазушылардың кітаптарын таңдап оқуға мүмкіндік болды. Кім қандай дүниені ұнатады, ол оның өз қалауы. Біреу лириканы, біреу тарихи шығармаларды, біреу фантастика – қиял ғажайыпты, біреу шытырман оқиғалардан тұратын детективті ұнатуы мүмкін. Бір ғажабы, кешегі кезеңде осындай туындыларды таңдап оқуға мүмкіндік болды. Әлемдік әдебиеттің жауһарларынан да тереңдеп білім алдық. Әркімді әдебиетке қызықтыратын осы. Қазір балалар кітап оқымайды дейміз. Оқымайды емес, нағыз асыл сөз бен көкжасық дүние мидай араласып кетті. Шынайы іздегенін таба алмай оқырман шатасып кітаптан да жери бастады.
Біздің бақытымыз – нағыз сөз маржанына қанығып, сана-сезіміміз жақсы мен жаманды ерте ажыратып ер жеттік. Кіршіксіз тазалықтың кәусар бұлағына сусындап өстік.
Жалпы, талант дегеніміз – кіршіксіз тазалық деген сөз ғой. Оның жалына жармасқан жанның дүние атаулыға жарлығы жүріп, болмыс биігімен барлық шыңды бағындырардай қауқарлы келетініне кемел таланттың кескіні дәлел.
Ауыл кітапханасын қоймай оқып жүріп орыс әдебиетімен таныстым. Орыс әдебиетін бүкіл дүние жүзі мойындағанын айтуға тиіспіз. Некрасов, Толстой, Максим Горький, Достоевскийге пара-пар келетін жазушы жоқ әлемде. Өз топырағымыздан Сайынның шығармаларын құмарта оқыдым. Кәдімгі қарапайым қазақ ауылының тіршілігінің шындығын шынайы бейнелейтін Мұратбековтың шығармаларын оқып отырып, «осылай мен де жаза аламын ғой» деген табиғи ұмтылыс оянды бойымда. Кейін қайта ажырамастай құштарлыққа, ақ қағазға жіпсіз байланған жансебіл бейнетке, кейде сағаттап отырып, сәтімен табылған бір теңеу тасып-төгілген ләззатқа кенелтер киелі өнермен мен осылай қауыштым.
– Сіздің шығармаларыңызда ауыл өмірі шынайы берілетіні сондай, біз олармен қояма-қолтық араласып жүргендей бір қимасымызға айналып кетеді. Мұның себебі неде?
– Жазушының шығармасы оның тағдыры деген сөз. Жан түкпірінен қайнап шыққан қоспасы жоқ ақиқат құбылыстар өзгенің көңіліне мінсіз қонақтап, ақылды, ойды, сезімді қозғайды. Бірге күлдіріп, бірге мұңайтады. Қанша заман ауысып, қоғам жаңарса да бір топырақта туған адамның тамыры бір, табиғаты егіз. Сондықтан да тілегі, қуанышы, мұңы ортақ арна тауып, жүректері бірге соғады. Бәрі де баянсыз өмірде бақытын іздейді.
Менің тағдырым кешегідей қиыншылық кезеңге тәуелді болды. Қауық деген елді мекенде мектеп болмағандықтан Аққұмға қатынап оқитынбыз. Әкем қой бақты. Малды күзекке түсірерде, екі ай мал төлдеткенде оқу жайына қалатын. Кейін әкем сырқатына байланысты малдан қол үзді. Содан бастап жетінші сыныпты Бірліктің мектебінде, 8 сыныптан бастап Қосүйеңкіде оқыдым.
Орта мектептен соң Қызылордадағы педагогикалық институтқа оқуға түстім. Мені алғаш әдеби қауымға таныстырған тырнақалды туындыма тоқталсам, сол кезде жас қаламгерлер арасында балалар прозасына жабық бәйге ұйымдастырылып, мен соған әңгімемді жазып, жолдадым.
Әңгімем 1-орынға ие болып, үлкен әдеби ортаға осылай жол ашылды. Тіпті Орталық комитеттегілер назар аударып, көңіл бөлгенінің арқасында астанаға қызметке шақырылдым. Алматыға кеп, баспаға жұмысқа тұрдым. Кейін білгенімдей, менің орын алуыма қазылар комиссиясы төрағасы Бердібек Соқпақбаев тегеурінді талабынан танбай отырып алыпты, содан жюриден де шығарылған екен. Бұл орынға таласқа түскен, бұған дейін танымал болып үлгірген Тұманбай Молдағалиев, Мағзұм Сүндетовтерді ысырып бейтаныс біреуге беруді қимаған көрінеді. «Біз балалар прозасына бәйге жариялап отырмыз. Нағыз бала жанына лайық дүниені мөлдіретіп жазып әкелген төлтуманы көрмей қоя салсақ не үшін бәйге жариялап әуреге түсіп отырмыз?» деп алған бетінен қайтпай, ақыры өз дегеніне жеткен жазушының кейін өз аузынан да осы жайды естідім.
«Сол үшін жюри құрамынан шығарылдым. Мейлі, есесіне бір талантты әдебиетке әкелдім» деген тұлғаның өзі әдебиетке таза келген адам еді. Мұндай таза адамдар халтураға көнбейді. Ол өмір бақи осы қасиетінен танбай өткен кісі.
– Осындай қадір-қасиетке қол жеткізу үшін жазушыға не қажет?
– Жазушы мансапқа малданбау керек. Қызметке қызықпау керек. Ондай ниет араласты дегенше әдебиет жапа шегеді. Бұл ретте тағы орыс классиктеріне жүгінеміз. Кемел суреткер Валентин Георгьевич Распутиннің талантына тәнті болған Орталық комитеттегілер оған жанашыр болып, жақсылық жасағысы келеді. Оны «Правда» газетінің Иркутск облысындағы меншікті тілшісі етіп тағайындауды ұйғарады. Астында жеңіл «Волга» көлігі, ол кезде. «Правданың» түкірігі жерге түспей тұрған кезі. Сонда Распутин бұл ұсынысты қабылдамаған. Жазушыға керегі – еркіндік, тыныштық. Қызметке қабылданып байлаулы баспақтың күйін кештім дегенше талантқа тұсау түсті, тыныштық кетті дей беріңіз. Мұның келіспегеніне қынжылған жоғары жақ: «Сонда сіз елдің игілігіне қызмет етуден бас тартасыз ба?» деген. «А я что делаю?» деп сұраулы кескінмен қарсы жауап берген Распутиннің бұл бар шындығы. Ол орыс әдебиетіне телегей-теңіз жаңалық әкелген тұлға.
Бірде «Наш современник» журналы (бұл Ресейде Некрасов, Толстойлардың кезінен бері үзбей шығып келе жатқан басылым) өндіріс тақырыбына бәйге жариялап, оған үлкен көлемде қаржы бөлген. Осы қаржыны тәуекел етіп Распутин өзіне алған да шығармасына отырған. Бірақ өндірістік тақырыпқа емес. Ойда әбден пісіп-жетілген «Живи и помни» романы осылай туған.
Нобель сыйлығының иегері болған Шолоховты да осындай деңгейге жеткізген оның ғажайып шыншылдығы. «Тынық Донның» авторын арнайы қабылдаған Сталин: «Сіздің шығармаларыңызда неге осы ақ гвардеецтер жағы шетінен мықты, мұздай қаруланған, күші басым болып келеді?» деп құйтырқы сұрақ қойғанда жазушы саспастан:
«Біздің мықтылығымыз соларды жеңгендігіміз емес пе?» деген. Рух жөнінде Адольф Гитлер де мойындаған: «Совет өкіметіне майданға кірген біздің жеңуге толық мүмкіндігіміз болды. Біз бәрін есептедік. Тек бір нәрсені – орыстың рухын есепке алмаппыз» деген екен. Әрине соғыс – қырғын мен қазадан тұратын жойқын қылмыс. Бұл бір жағынан Кеңес жауынгерлерінің рухын көтерді. Әдебиет пен өнерде де жарқын жаңалықтар орын алды.
– Сіздің пікіріңізше, ұлттың ең үлкен байлығы не?
– Адамдары. Сол адамдардың жүрегінен туған әдебиеті мен өнері. Онсыз қанша экономикасы мен тұрмысы биік деп саналған алпауыт елді көпке мойындату қиын. Қалтай Мұхамеджановтың айтқаны бар, 60 млн-ға жуық халқы бар Түркияның әлеуетін қайтейік, бірде-бір Нобель сыйлығы иегері шықпаған, деп.
Ұлан-байтақ қазақ жеріне «Ұлы дала» деп ат қойып, айдар таққанда ол құр иен жазық табиғатымен емес, Құрманғазыдай, Тәттімбеттей таңғажайып күйшілерімен, Абайдай, Шәкәрімдей аңыз-ақындарымен, Махамбеттей, Исатайдай батырларымен, Төле, Әйтеке, Қазыбектей билерімен, даналарымен ұлы. Біз осыны ұмытпасақ игі.
– Талант дұрыс бағаланбайды. Белден басты, жолдан кесті деген сөздермен келісесіз бе?
– Жоқ, келіспеймін. Жазушының өзін таныту мүмкіндігіне ешкім кедергі бола алмайды. Қазірде оқырманның талабы да, талғамы да өсті. Оның үстіне жариялылыққа жағдай көп туып отыр. Мәселен, екі жыл бұрын «Гран При» жүлдесін алған шығармама тоқталайын. Ол әуелі әлеуметтік желіге салынысымен 1000 оқырманға дейін оқып, қолдау тауып, ақырында үздік деп жарияланды. Сондықтан бұл тұрғыда қазір қауіп жоқ. Қазір бар міндет – жақсы жаза білуің ғана.
– Жақсы жаза білу үшін не қажет?
– Жақсы шығарма шынайы тағдырдан тұрады. Жүректен шығады. Мұңнан туады. Оны жеткізетін көркем де қуатты тіл қажет. Әдебиетке қуат дарытатын тылсым құдырет – жан тазалығында. Тазалық кеткен жерден талант кетеді.
– Сырлы сұхбатыңызға үлкен рахмет. Оқырманның өзіңізге деген терең ықыласы мен құштарлығын құп алып, тағы да жаһан жұртына жауһар туындыларыңызды ұсына беруіңізге тілектеспіз.

                                                                                                                              Сұхбаттасқан Баян ҮСЕЙІНОВА
14 қыркүйек 2019 ж. 2 970 0