Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » «100 ЖАҢА ОҚУЛЫҚ»: ӨРКЕНИЕТКЕ БАСТАР ЖОБА!

«100 ЖАҢА ОҚУЛЫҚ»: ӨРКЕНИЕТКЕ БАСТАР ЖОБА!

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Қазіргі заманды және болашақты терең түсінетін білікті гуманитарлық сала мамандары ауадай қажет» деген болатын. Тарих пен саясаттану, әлеуметтану мен философия, психология, педагогика, экономика, филология ғылымы бойынша студенттерге заманға сай білім беруге қажетті жағдай жасауды тапсырды. Осы пәрменді іске асыруға бағытталған «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын жүзеге асыруды жүктеді.

Бүгінгі таңда «Ұлттық аударма бюро­сы» деп аталатын қоғамдық қор негізінде жоғарғы оқу орны студенттеріне арнал­ған 48 оқулық аударылды. Оның ішінде, алғашқы аударылған 18 оқулық 10 мың данамен басылып, 112 жоғары оқу орнына тегін таратылған. Ендігі кезекте, Ұлттық аударма бюросы жұмыстың екінші легі – 30 кітапты аударып, баспаға әзірлеп жатыр. Оқулықтар философия, тіл білімі, әдебиет теориясы, қазіргі педагогика, интернет психологиясы, медиа мен журналистика, кәсіпкерлік салаларын қамтиды. Аталмыш кітап­тардың қай-қайсысы болмасын адамның жеке тұлға және маман ретінде қалып­тасуына зор ықпалын тигізеді. Сон­дай-ақ оқулықтардың электронды нұсқасы әзірленіп, ол Қазақстанның ашық уни­вер­ситеті – openU.kz платформасына жүктелген. Яғни заманауи оқулықтарға қызыққан жандар осы сайттан оқуына болады. Оған қоса, аударылып жатқан оқулықтардың толық тізімі осы жобаға арналған 100kitap.kz порталына орна­ластырылған.
Айта кету керек, аударылатын оқу­лықты таңдаудың өзіндік ерек­шелік­тері бар. Алғашқыда еліміздегі жоғары оқу орындарынан қазақ тіліне аударуға 800-ден аса кітап ұсынылған. Оны ҚР Білім және ғылым министрлігі жанынан құрылған арнайы комиссия қараған. Оқулықты таңдауда бірнеше талап ескерілген. Біріншіден, оқулық әлемнің ең үздік деген 100 университетінің оқу бағдарламасында болуы шарт. Екіншіден, кітап кем дегенде үш рет басылып, соңғы басылымы кейінгі 3 жылда шыққан болуы тиіс. Үшіншіден, оқулық мазмұны бейтарап болуы керек. Төртіншіден, оқулықтың түрлі интерактивті қосым­шалары мен видеолекцияларының, онлайн-курстарының болуы маңызды. Оған қоса, бүгінгі таңға дейін жарық көр­ген 48 кітаптың басым бөлігі ағылшын, біреуі – француз, екеуі орыс тілінен ауда­рылған.

КІТАП – КӨЗІ АШЫҚҚА МАРЖАН...

Әлгінде айтқандай, аударылып жат­қан оқулықтардың осалы жоқ. Барлығы да әлемдік деңгейдегі бірнеше мәрте басылып шыққан кітаптар. Ендігі кезек­те, қазақшаға аударылған және аударылып жатқан туындылардың бір­қатарына тоқталсақ. Тарих саласында Росс Данн мен Лаура Митчеллдің «Panaroma: Дүниежүзі тарихы» атты кітабы жаһан тарихына біз үшін тың көзқарас беріп, жаңаша қорытуға жол ашады. Формациялық теория бойынша адамзат тарихы – бес формацияның революциялық жолмен ауысып отыруы болса, бұл кітапта адамзат тарихы – қарабайыр өмірден күрделі өмірге өту және осы күрделіліктің үдемелі түрде өсіп отыру тарихы жазылады. Бүкіл кітаптың өн бойынан осы «күрделілік», «күрделі қоғам» деген түсініктерді кездестіреміз. Сонымен қатар, бұл еңбектегі адамзат тарихының басты мәнін ашатын, тарихтың барлық кезеңдерін біріктіретін осы негізгі идея.
Сонымен қатар, өнер тарихына қатыс­ты Эрнест Гомбрихтың «Өнер тарихы» кітабы бар. Бұл оқулық алғаш рет 1959 жылы жарық көріп, 16 рет қайта басылған. Әлемге 8 миллион тиражбен таралған туынды тек өнертанушылар үшін ғана емес, жалпы қалың оқырманға да арналған. Ал шығыстану бағытында «ориентализмнің» негізін салушы, атақты ғалым Эдуард Саидтың «Ориентализм» деген туындысы оқырманға пайдалы дүние берері сөзсіз.
Әсіресе, жоба аясында аударылған «Философия», «Философия тарихы», «Әлеуметтану теориясы», «Тіл және мәдениетаралық коммуникация», «Тіл біліміне кіріспе» кітаптарын айрықша атап өтуге болады.
Қорыта айтқанда, мемлекеттік тілге аударылған оқулықтардың басты мақ­саты – жоғары дәрежелі, жоғары сапалы білімнің қолжетімділігі болып табылады. Осындай жарқын жобалардың арқасында ел жастары заманауи білімнің толқынына ілесіп, ел мерейін асқақтатары айқын. Түптеп келгенде, адам баласы дүниеге келген сәттен бастап білсем, оқысам деген арман жетегінде болады. Әрине, сол білімнің бастауы – кітап. Кетпес дәулеттің, кең пейілдің қазынасы, ақыл мен парасаттың кені, білім мен ғылымның биік шыңы кітапта екендігі атқан таңдай ақиқат. Міне, сол арман жетегіндегі жастардың келешегінің кемел болуына «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы айрықша үлесін қосары сөзсіз.

Самат ОҢҒАРҰЛЫ.
22 маусым 2019 ж. 1 346 0