Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Абырой биігі аласармайды

Абырой биігі аласармайды


Жаңа ғасырдың жарқын парағын ашып, жапан далада жайқалған егін егіп, тусыраған түзде алып құрылыстардың қазығын қаққан құрыш қолды еңбек адамдары қатарында нәзік жандылар аз болмады. Біз сол кезеңдері еңбектің алдыңғы сапынан табылған елге көрік, сертке берік әйел-аналар жөнінде еске алсақ, Камшат Дөненбаева, Ұлбала Алтайбаева, Жадыра Таспамбетова, Қамар Үсенбаева, Сәлима Жұмабекова, Айжамал Рүстемова, тағы да осындай ардақты жандардың бейнесі жарқырап шыға келеді. Республикадан шығатын жылтыр журналдардың сыртқы мұқабасын тұтас алып тұратын осы тұлғалардың жарқын келбеттері біздің бала жүрегімзде батыр кейпінде мәңгілік сақталып қалыпты. Бұл да адал еңбектің даңқын асқақтатудың, қарапайым еңбек адамын құрметтеудің, жалпақ елге жалындатып насихаттаудың шынайы бір үлгісі болса керек.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз, қара жерден ырзық терген бейнеткештігімен биікке көтерілген, қайраткерлік деңгейге жеткен қазақ қызы – Қамар Үсенбаева.
Алпысыншы жылдардың орта кезі мен жетпісінші жылдардың ішінде ауданда мал шаруашылығымен қатар егін шаруашылығы, оның ішінде күріш дақылының көлемін ұлғайтып, одан мол өнім өндіру қолға алынды.
Асқан ұйымшылдықпен жүргізілген жұмыстың нәтижесінде Келінтөбе каналы қазылып, пайдалануға берілді. Ғасырлар бойы құлазып жатқан иен дала жайқалып, құлпырып шыға келді. Түгіскен алқабына ел келіп қоныстанып, үлкен бір тіршілік тынысы ашылды.
Түгіскен алқабына алғаш орналасқан «Келінтөбе» кеңшарынан бірнеше шаруашылықтар кейін өз алдына енші алып шықты.
1966 жылы «Задарья» кеңшары жаңадан ұйымдастырылғанда бұл шаруашылыққа директор болып бұған дейін «Талап» совхозын басқарып келген Әбдіғаппар Нұртазаев тағайындалды. Ол осы жердегі ақсақалдармен кеңесіп, бұрын ашаршылық, қуғын-сүргін кезінде Тәжікстан, Өзбекстан жерін паналап кеткен ағайындарды қайтадан елге әкеліп, қоныстандыру талабына бел буды. Соның нәтижесінде 300 отбасы елге қайта оралды. «Елге ел қосылса құт», осындай игі тірліктің нәтижесінде шаруаға да жан бітіп, кәсіпшілік аяғынан қаз тұра бастады. Шаруашылықта күріш көлемі алғашқы жылдардың өзінде 1500 гектарға дейін ұлғайды. Күріш дақылынан мол өнім жиналды. Майталман диқандардың қатары көбейді. Әбдіғаппар Нұртазаевтың шаруашылықты ұйымдастырудағы еңбегі жоғары бағаланып, ол «Құрмет белгісі», Октябрь революциясы ордендерімен марапатталды. Қазір «Қыркеңсе» бөлімшесі Әбдіғаппар ауылы деп аталады.
Аттары аңызға айналған ардақты аналарымыздың бүгінгі хал-күйін білуді мақсат еткен Әзия Қыстаубаева апамыздың бастамасымен Қыркеңсе ауылын бетке алдық. «Кемедегінің жаны бір» дегендей, бір кездері тыңды игеру майданында маңдай терін бірге төгіп, мехнат мәртебесіне де бірге бөленген тағдырлас тұлғалардың қауышуы да қызық. Екеуі көп жайды еске алды. Бір жылады, бір күлді. Жасы сексенге таяп қалғанымен Қамар апа әлі тың. Біздің газеттен екенімізді естіп, фотограф ескертпей-ақ орден-медальдары тағылған костюмін үстіне ілді.
Біз алдымен ападан өз еңбек жолы туралы айтып беруін өтіндік.
–Мен 1942 жылы Бірлік ауылында дүниеге келдім. Ата-анамыз қиын-қыстау жылдары Оңтүстік Қазақстан облысына қоныс аударған екен. Жетісайдың Мақтарал ауылында тұрдық. 1967 жылы елге оралдық. Шаруашылық директоры Әбдіғаппар Нұртазаевтың рұхсатымен 20 гектар жер алып, күріш ектік. Қарамағымда осы елге жер ауып келген кәріс азаматтардың үшеуі бар еді, олар күріштің жайын жақсы біледі ғой, ә дегеннен жабайы жерді еркімізге бағындырып, егіннен мол өнімге негіз қаладық.
Аз уақытта зор көрсеткіштерді иеленіп, маңдайалды күрішшілер қатарында санала бастадым. 1971 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланып, 1975 жылға дейін ел аманатын орындау жолында тер төктім. 1982 жылы КПСС Орталық Комитеті Пленум мүшесі болдым. Облыстық Кеңеске 3 рет сайландым. Қазақстан Компартиясы ХV съезіне делегат болып қатысып, Орталық Комитет Президиумына мүше болып сайландым. 1991 жылы елу жасымда зейнеткерлікке шықтым,– деді.
Біздің есімізде, Ыбырай Жақаевтың ізбасарлары қатарында осы Қамар апамыз даңғайыр диқанның Үндеуіне үн қосты. Қыздар звеносының алғы шебінде жүрген даңқты апамыз 1980-85 жылдары 122 центнер өнім келтіріп, Социалистік Еңбек Ері атанған Аралбек Әбиев ағамыздың ізін басып, «100 центнерші» атағын көпке дейін меншіктеп, ел мерейін тасыта білді.
Кешегі кеңестік кезеңдері маңдайалды еңбек озаттары қоғамдық жұмыста да алдыңғы шептен танылып, халық мүддесін қорғауда саяси сауаттылығы жөнінен де жоғары деңгейде болуы тиіс болды. Сондықтан да бейнеттен сәл қол босай қалса, күнделікті баспасөзді қадағалап оқып, лекторлардың сабағына жүйелі қатысып, қоғамның тыныс-тіршілігімен терең хабардар болу коммунистік партия қатарында жүрген әрбір коммуниске үлкен міндет болатын. Осындай талап үдесінен шығуда Қамар ападан үйренген үрдіс, әдептілік, ізеттілік қадір-қасиеттері турасында Әзия апа да толғамды ой айтып, біраз естеліктермен бөлісті. Көп нәрсе қолмен атқарылатын сол қиын-қыстау кезеңнің өзінде жүйкені жұқартпай, нәзік жандарға тән жұмсақ мінездерінен танбай, тығырықтан жол таба білген даланың төл перзенттері бір-біріне сүйеу, сырлас та, сыйлас та бола біліпті.
Сырлы сыйластықтың төркіні – таза жүректен бастау алады екен. Екеуінің жүрекжарды сырынан мен осыны ұқтым. Сол кездегі ауыртпалықтарды жеңген қажыр-қайраты бүгін айтып отырса аңыз сияқты. Ол көздегі басшы болсын, қосшы болсын адамдардың бір-біріне деген мейірімділігі терең еді. Кешегі қоғамға шын берілген таза жүректі еңбек адамдары қатарында бұл екеуі де намысқа тырысып, елдің артқан сенімінен көрінуге тырысыпты. Алатаудай аманат арқалап, астана төріне аттанып бара жатқан қос қарлығашты вокзал перонында өзі шығарып салып тұрған сол кездегі аудандық партия комитетінің 1-хатшысы Ғафур Мұхамеджановтың ағалық қамқорлығы қандай еді? Екеуі бірдей портфель ұстаған, үстеріне сол кездегі ең «дефицит» материал – крепдешиннен көйлек киген Қамарға «Мына Әзияны көз қырыңнан тастама. Адасып қалмасын» деп қайта-қайта дайындайтынын Әзия апа елжірей еске алды. Айтса-айтқандай Қамар апаның етінің тірілігі, қатал тәртіпке бас иген қалтқысыз әдеп-дағдысынан жаңылмағаны өз-өзін ұстауынан, жүріс-тұрысынан әлі де байқалып тұр.
Қамар Үсенбаева 1973 жылы «Еңбек Қызыл Ту» ордені, 1975 жылы «Ленин» орденімен марапатталған екен. Қамар апа бүгінде «ауданның Құрметті азаматы», әлі де қоғамдық тұрмыстан қол үзбей, ауылдағы әйел-аналарға қолбасшы болып келеді. Ері Үсенбаев Еркін Қыркеңсе ауылы ақсақалдар Кеңесінің белді мүшесі. Елдің батагөй қариясы. Балалары – Бақыт ауылдағы қожалықта жұмыс атқарса, келіні Кенже Сабирова №213 мектептің таңдаулы ұстазы. Қыздары Анар Үсенбаева да озат мұғалім.
Даңқ дегеніміз – атақты иелену ғана емес, абыройды сақтаумен келетін дәреже екен. Қарапайым еңбектен бақыт тауып, дәрежеге жеткен Қамар апа өмірден осындай сыр аңдады. Атақты әрқалай жолмен иеленуге болады: оны сатып та, жолын жасап та иеленуге болады екен. Ал абыройды халық береді. Елдің қалауымен биік абыройға жеткен қос еңбек адамының қауышуынан өз басым осындай тағылым түйдім.
27 ақпан 2018 ж. 1 535 0