№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ҚҰРБАН АЙТ: ШАРАПАТЫ МОЛ ҰЛЫҚ МЕЙРАМ

ҚҰРБАН АЙТ: ШАРАПАТЫ МОЛ ҰЛЫҚ МЕЙРАМ

– Әуелі қасиетті Құрбан айт мерекесіне дайындықтан бастасақ...
– Жаратқан бір Аллаға сансыз мадақ пен мақтаулар болсын! Ислам әлемі аңсай күткен айтулы ұлық мереке – Құрбан айт та келіп жетті. Осыған орай баршаңызды Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Дінімізде бұл мерекенің алар орны айрықша. Бұл күні құрбандық шалғаннан артық амал жоқ. Десе де, мұның қатарында біздер қасиетті Құрбан айт та жамағаттың бірлігін күшейтіп, өзара бауырластығын арттыруға бастамашы болуға қарекет жасаудамыз. Сондықтанда биыл кенттегі аудандық орталық мешіт,  «Қум сахаба», «Хисамиддин Сығанақи» мешітінің жағаматы бірігіп, ортақ мақсатта орталық алаңда атап өтуді жоспарлап отырмыз. Өйткені, бұл жалпыхалықтық мереке. «Сөз жалықтырады, үлгі қызықтырады» деген бар. Яғни, кішкентай жас өрендерімізді орталық алаңға апарып, мерекелік көңіл күй сыйлай білсек, өскелең ұрпақтың бойында Құрбан айтқа деген ізгі көзқарас қалыптасады. Келесі жылы асыға күтетін болады. Осы мақсаттағы жоспарымызды аз-кем айта кетсек. «Береке үлкендерде» демекші, айттың бірінші күні таңғы тоғыздан бастап орталық алаңда киіз мен бастырма құрамыз. Ел ағалары мен зиялы қауым өкілдеріне, мүмкіндігі шектеулі жандарға, және жалпы халыққа құрбандық малынан дастархан жаямыз. Оған қоса, спорттық шаралар мен балалар ойындарын ойнатамыз. Оларға арнайы сый-сияпат бар. Ал бүлдіршіндерге «Жеңіс» саябағындағы  ойын алаңқайларын бір күнге тегін ойнатуға кәсіпкерлермен келісіп жатырмыз. Және тегін такси жүргізу жайы да жоспарда бар. Ең бастысы – мұның барлығы да аталмыш үш мешіттің жамағаты мен кәсіпкерлер қауымының қаржылай қолдауы арқасында жүзеге асады.
– Енді құрбандық тақырыбына ойыссақ. Шариғи шарттар бойынша құрбандық шалу кімге міндет?
– Құрбандық шалу мұсылман, ақылды, балиғат жастағы және Құрбан айт уақытында жолаушы емес кісіге міндет. Сонымен қатар негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшерінде қаржысы бар болуы тиіс. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын немесе соның құнына тең келетін қаражат. Зекет ғибадаты секілді құрбандық шалу міндет болуы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толу шарт емес. Байлық мөлшері қолында жоқ адамдарға құрбандық шалу міндет болмағанымен жағдайы келсе құрбандық шалуына рұқсат. Сондай-ақ, пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады. Алла тағала Құранда: «Намаз оқы және құрбан шал», – десе, ардақты Алла Елшісі (с.а.с): «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерлерімізге жақындамасын!» – деген.
Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе малының еркектері де, ұрғашылары да жарамды. Қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы қажет. Дегенмен, алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса құрбандыққа жарамды. Ал ешкінің міндетті түрде бір жасқа толған болуы қажет. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады. Сондай-ақ, құрбандық малының дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Оның бойында құрбандық ретінде шалуға кедергі келтіретін кемшіліктер болмауы қажет. Мәселен, құрбан малының екі немесе бір көзінің соқыр, бауыздалатын жерге өздігінен жүріп бара алмайтындай әлсіз, екі құлағының не бір құлағының басым бөлігінің жоқ болуы секілді кемшіліктері табылса, жарамсыз болып табылады.
– Жалпы ағайындар бірігіп құрбан шалуға бола ма, және нені ескерген жөн?
– Қой немесе ешкі іспетті ұсақ малды құрбандық ретінде тек бір адам ғана шала алады. Ал түйе немесе сиыр секілді ірі-қара малдарды бір кісіден жеті адамға дейін бірігіп немесе бір адам жеке өз атынан да соя алады. Құрбан шалуға бірікке кісілердің барлығының ниеті құрбандық құлшылығын өтеу мақсатында болуы керек. Егер осы адамдардың ішінен біреуі құрбандыққа тек ет алу ниетімен қосылса, барлығының да құрбандығы құрбандық ретінде саналмайды.
Құрбандық шалған кезде мына жәйттарға назар аударған жөн. Ең бірінші, Құрбан шалынатын жердің таза болуына көңіл бөлуіміз керек. Малды соятын жерге ұрмай-соқпай апарып, оны құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызылады. Сосын «Иә, Алла тағалам, Ибраһим мен Мұхаммед пайғамбарлардан қабыл алғаныңдай менің де құрбандығымды қабыл ала гөр!» деп, бата жасалады. Сосын «Аллаһу акбар!» және «Лә иләһа иллаллаһ» деп айтылып тұрады. Құрбан шалатын адам малды қинамай жұмсақ бауыздауға көңіл бөлуі керек. Малдың көзінше пышақты жалаңдатып қайрауға болмайды. Пышақ өткір болуы тиіс. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.а.с): «Құрбан шалатын адам пышағын жақсылап қайрасын, малды қинамай жұмсақ бауыздасын», – деген хадисі бар. Міне, мұның өзі асыл дініміздің адам тұрмақ, малдың өзіне жәбір көрсетпеу керек екенін ұқтырып отырған жоқ па?!
Малды құбылаға қарата жатқызғаннан кейін оң қолымен «Бисмилләәһи, Аллаһу әкбар» деп бауыздайды. Құрбандық малды басқа адамға бауыздатқан кісі мал бауыздалып жатқанда осы сөздерді айтып тұрғаны жөн. Егер малды бауыздайтын кісі бауыздарда білетұра әдейі «бисмилла» деп айтпаса, ол малдың еті желінбейді. Сондықтан «Бисмилләәһи, Аллаһу әкбар» деп айтуы қажет.
– Шалынған құрбандықтың еті кімдерге таратылғаны абзал?
– Құрбан айтта шалған құрбандықтың етін бай болсын, кедей болса өзіне жеуіне болады. Бұл жайында Алла тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер». Ал, әз пайғамбарымыз құрбандығының үштен бірін – отбасына, үштен бірін – кедей көршілеріне, қалған үштен бірін – садақа ретінде тарататын болған. Сондықтан құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахап (ұнамды іс). Бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына тиесілі. Бірақ шалынған малдың етін түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға да болады. Егер құрбандық шалған адам аса дәулетті болмаса және жанұясында адам саны көп болса онда құрбандықтың етін түгелдей өзінің отбасына да қалдыра алады.
– Соңғы сұрақ. Құрбан айттағы тазалық мәселесімен түйіндесеңіз...
– Расында құрбан шалғаннан кейін сол маңайдың тазалығына да көңіл бөлу керек. Малдың қан-жүнін ашық-шашық далаға қалдырмау керек. Бұл – құрбандық малына әрі құрбан құлшылығын деген құрметтің белгісі.
Сонымен қатар құрбан шалушылардың қаперіне ысырапқа жол бермеу керектігін еске сала кеткіміз келеді. Малды бауыздап тек оның етін ғана алып қалған ағзаларын тастап кету дұрыс емес. Өзіңіздің шалған құрбандығыңыздың ішек-қарын, бас-сирағын және басқа ағзаларын тазалап алу керек. Оның бір түйір еті де ысырап болмағаны игі. Ысырап етуді Алла Тағала жек көреді.
Қорыта айтқанда, Қасиетті Құрбан айт мерекесінде мүмкіндігі бар әрбір мұсылман баласы Алла Тағаланың ризашылығы үшін құрбандық шалуы тиіс. Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі.
– Рахмет, сұхбатыңызға.
Әбдісамат ӘБДІШ.
19 тамыз 2018 ж. 1 330 0