№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » СЫҒАНАҚҚА САЯХАТ ЖАСАДЫ

СЫҒАНАҚҚА САЯХАТ ЖАСАДЫ


Елбасының жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында халық арасындағы әлсіз топтарға, әсіресе, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қамқорлық көрсетіп, оларға қоршаған ортада қолайлы жағдай жасауды талап етіп отырады. Әрі мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін кедергісіз орта қалыптастыру күн тәртібінде. Осыны ескерген жетекші партия филиалы сауапты іске ұйытқы болды. Аягөз Айдосова жетекшілік ететін «Өнер» бастауыш партия ұйымы «Тарлан тарих тағылымы» жобасы аясында мүмкіндіндігі  шектеулі жандарға экскурсия ұйымдастырды. Әуелі «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мажит Балқожаев пен бастауыш партия төрайымы Аягөз Айдосова жігерлі жандарға сәт сапар тілеп,
ақжарма лебізін  жеткізді.
Мұнан кейін аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми әдіскері Құралай Дәрмен бастаған топ өкілдері көне Сығанақ қалашығына сапарлады. Бабалар ізімен жүріп өткен өрендер тарихи қаладан табылған көне жәдігерлерді қолымен ұстап, құпияларына қанықты. Ал жолбасшы Құралай Дәрмен жас саяхатшыларға ескі шаһардың ерекшеліктерімен таныстырды.
– Өздеріңізге белгілі, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» базалық жобасы жүзеге асырылды. Осы тұста, таңдаулы тізімге Сыр өңірінен Сығанақ шаһараның енгені белгілі. Бұл құтты орданың ықылым заманнан және орта ғасырлық қалалардың саяси-экономикалық маңызы зор болған. Бұл шаһар  Ақ Орданың, Әбілқайыр хандығының, Қазақ хандығының астанасы болған қала. Оған қоса, бұл қала XI ғасырда Қыпшақ мемлекетінің саяси әрі мәдени орталығына айналған. Заманында Орта Азия мен Сыр бойын жалғастырып жатқан көне қала сауданың дамуы мен қолөнердің өркен жаюына үлкен әсерін тигізген. Махмұт Қашқари «Сығанақ–оғыздар еліндегі қала» десе, тарихшы Әбілғазының жазбасында: «Қала қақпалы, қуатты дуалдармен қоршалып, ішінде сауда үйлері, керуен сарай және басқа да қоғамдық құрылыстары бар қала үйлері орналасқан. Сығанақ Сырдария өңіріндегі ірі тұрақ еді»–деп жазған, – деді ғылыми әдіскер Құралай Дәрмен.
Сондай-ақ экскурсия барысында Сығанақ қаласынан табылған теңгелерді ғылыми тұрғыда зерттеу нысанына алған жоба жолбасшысы тың деректерді тілге тиек етті.
– Аудандық тарихи-өлкетану музейінде Сығанақтан және Қырөзгенттен табылған мыс пен күміс, металл теңгелер бар. Бұл теңгелерді музейге Ресей Ғылым Академиясына қарасты Шығыстану институтының қызметкері, археолог, шығыстану нумизматикасының маманы Евгений Гончаров пен №169 Н.Илялетдинов атындағы орта мектебінің директоры, жеке қызығушылықпен зерттеуші Әлімжан Ержанов жүргізген зерттеу жұмыстары нәтижесінде табылған. Сонымен бірге А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің археология, этнология және мұражай кафедрасының ұстаздарының қазба зерттеулерінде жазылған.
Отандық ғалым, археолог К.Акышев Сығанақты неге Отырардан кейінгі нөмірі екінші қала деп атады? Өйткені, Өзбек ханы Мұхаммед Шайбани ханның хатшысы Фазлаллах Ибн Рубихан Сығанақ қаласының базарына күніне 500 түйе сойылып, кәуап жасалып, кешке дейін бір түйір қалмай сатылып кетуші еді деп жазады. Кейбір аудармашылар 500 түйені тірідей сатқанда, кешке дейін бір түйе қалмай сатылып кететіндігін жазады. Қалай болғанда да күніне 500 түйе сатылған базар қандай сауда орнының болғандығын айтпаса да түсінікті. Әрине, мұндай сауда орнында теңге айналымының маңызы зор. Яғни, мұнда теңге сарайы болған, – деді музей қызметкері.
Одан әрі жоба қатысушылары «Сунақ ата» кесенесі аялдап, баба рухына Құран бағыштады. Соңыра, естелік суретке түсіп, Қожамберді ауылын бетке алды. Мұнда ғасырлар бойы адамзатқа өзінің қайталанбас ою-өрнегі һәм көк күмбезімен есте қалған «Көккесене»  кесенесінің қайта жаңғырған белгісі Алпамыс батырдың жары «Гүлбаршын Анаға» қойылған еңселі орынға зиярат жасады.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық күре жолы бойынан бой көтерген Гүлбаршын анаға тұрғызылған бұл ескерткіш сол заманда ғұмыр кешкен азаматтардың рухына көрсетілген құрмет. Тарихи тұлға жөнінде музейдің ғылыми әдіскері Құралай Дәрмен саяхатшыларға баяндап берді.
– Тәуменді тарихқа көз жүгіртсек, Гүлбаршын – жырдың басты кейіпкері Алпамыстың сүйеніші. Қазақ халқында қыздың жолы жіңішке, қыз қылығымен сүйкімді. Ақылымен дара. Жаугершілік замандағы қайсар әйел өзінің парасатты мінезімен, ар мен ұят алдындағы жауапкершілігімен ерекшеленіп, инабаттылықты мықты ұстанады. Гүлбаршынның бойынан сондай барлық ізгі қасиеттерді кездестіруге болады. Жалпы, Гүлбаршын қисса-жырлардың кейіпкері ғана емес, шынайы өмірде өзінің болмыс-бітімімен дараланған тұлға. Оған көне Көккесене дәлел.
Бір кездері сәулеттік деңгейімен ерекшеленген кешен жерге тегістеліп кетсе де, Баршын сұлудың сүйегі жатқан жер ретінде жұрт жадында сақталды. Әлі күні Көккесененің жанынан өткен жолаушы Гүлбаршын анаға дұғасын бағыштап өтеді, – деді Құралай Дәрмен.
Осылайша тарихи құнды мәліметтерге қаныққан мүмкіндігі шектеулі жандар «Нұр Отан» партиясы мен «Өнер» бастауыш партия ұйымына алғысын жеткізді. Жобаға қатысушылардың барлығы да алған әсерлерімен бөлісіп, естелік суреттерін көру үшін смартфондарына жиі үңілді. Бұлда болса, ұзақ уақытқа дейін есте қаларлық естелік болары айқын.
Әбдісамат ӘБДІШ.
11 тамыз 2018 ж. 919 0