Тіл – ұлттың рухани қорғаны
Ұлттың шекарасын тек білекпен емес, тілмен де қорғайды. Жеріңді жау басса, қарумен қайтарарсың, бірақ тіліңді жау басса, оны қайтару қиын. Тілсіз ұлт – тамыры шабылған ағаш тәрізді, біртіндеп қурап, өзегінен айырылады. Сондықтан ана тілді әркім өзінен биік қойғаны абзал.
Қазіргі таңда тілімізді шұбарлап, қорлайтын, өз тілі тұрғанда ұялмай басқа тілде сөйлегенді мақтаныш көретін үлкендер де, жастар да жетіп жатыр. Оған өз басым күнде куә болып жүрмін. Жастардың орыс тіліндегі сөздерді жиі пайдалануы шынымен, адамды ашындырады. «Ана тілін білмеген, анасын да сыйламас» демекші өз ана тілін білмеген жаннан, анасын сыйлайтын жанның шығуы неғайбыл.
«Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту», – деген екен Бауыржан Момышұлы. Сол тіл мәселесі, оның ішінде мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілінің тағдыры жайында айтарым: Мемлекеттік тілімізді аман сақтап, ілгері дамыту үшін бәрімізге ұлттық сана, азаматтық биік тұғыр, мемлекеттік идеология қажет. Меніңше ана тілін жақсы білу — әркімнің азаматтық борышы, қоғамда атқаратын қызметінің тірегі. "Отан отбасынан басталады" демекші,тіл меңгеруде ата-ананың рөлі ерекше екенін,әр отбасы қазақ тілін үйретуді қолға алса нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймын."Игі істің басы-тіл.Тәрбие басы -тіл",-деп М.Қашқари айтқандай ,тілге үлкен мән беруіміз керек. Өз ана тілімізге көбірек мән берейік.
Ата-бабамыздан қалған:«Қанша тілді білсең, сонша мәдениеттісің, сонша байсың» деген даналық сөз бар. Әрине, құптарға боларлық ой, бірақ, өзге тілді білемін деп жүргенде өз тілімізден көз жазып қалмайық!Сондықтан дүниеге бай болмай, тілге бай болайық ағайын. Әлем таныған ел болу үшін ана тіліміздің жұлдызын биіктетуіміз керек. Бұл біздің басты парызымыз деп ойлаймын.
Жаңақорған ауданы полиция бөлімінің жеке құраммен жұмыс жөніндегі тобының инспекторы полиция майоры Әбдраманов Ермуханбет Ералыұлы




