Тұлға тағылымы
Әлеуметтік салмағы, азаматтық кемелдігі мен тарихи пайымдылығы ерекше, санаттағылардан емес, шын саңлақтардың қатарында тұратын тұлғалар болады. Солардың бірі – Сыр өңіріне кеңінен танымал Базарбай Жаманқұлов. Оның өмірі мен әрекеті – елге адал қызметтің, халық қамын ойлаудың, пайымды пікірдің айнасы. Әр сөзі мен әр қадамы қоғамға бағытталған, әр бастамасы – халыққа үлгі.

2012 жылдары. Сыр өңірінде газдандыру мәселесі қызу талқыланып жатқан кез. Бұл – инфрақұрылым ғана емес, әлеуметтік теңдік мәселесі еді. Газ қай ауданнан басталады? Кім бірінші қамтылады? Мұның бәрі қоғам көңіліне тікелей әсер ететін.
Жоспар бойынша жоба Арал ауданынан басталуы тиіс болатын. Құжат жүзінде қисынды. Бірақ қоғамдық қабылдау кейде әкімшілік логикадан бөлек жүреді.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Жаңақорғанға келген сапарында көпшілікпен кездесті. Жоспарлар айтылды. Кестелер көрсетілді. Бірақ ең маңызды әңгіме ресми жиыннан кейін өрбіді.
Базарбай Жаманқұлов әкімге оңаша жолығып айтыпты-мыс:
– Айналайын, Қырымбек Елеуұлы, – деді ол байыппен, – елге қызметіңізге ризамыз. Бірақ бір мәселе бар. Газды Аралдан бастау дұрыс шығар. Дегенмен Сырдың екі шетіндегі екі аудан – Арал мен Жаңақорғаннан қатар басталса, ел ішінде артық сөз туындамас еді. Халықтың көңілі – нәзік. Әділет сезімі – одан да нәзік, – деп пайымды пікір білдіреді.
Бұл талап емес еді. Бұл – қоғам психологиясын түсінген азаматтың пайымы еді.
Әрине, саяси шешім қабылдау – әкімнің құзырындағы іс. Ал елдік мәселеге қатысты салмақты ой айтып, байыпты пікір білдіру – ақсақалдықтың жолы, азаматтық парасаттың көрінісі.
Осы кеңес әкім тарапынан дұрыс қабылданды ма, әлде басқа да себептер болды ма, көп ұзамай облыстың екі шетіндегі ауданда қатар газ тарту туралы саяси шешім қабылданды.
Нәтижесінде, Жаңақорғанда жоспарланған уақыттан бірнеше жыл бұрын көгілдір отын тартылып, елдің тұрмысы біршама жеңілдеді. Бұл бір ғана мысал. Осы оқиға арқылы Базарбай ағамыздың тек идея ұсынушы ғана емес, нақты әлеуметтік өзгеріс жасауға ықпал ететін тұлға екенін байқауға болады.
Базарбай Жаманқұловтың өмір жолы да осы азаматтық қасиетімен сабақтас. Төменарықтағы қарапайым мектептен басталған білім жолы кейін Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтқа ұласты. Математика – оның таңдауы. Математика – дәлдік, тәртіп, логика. Бұл қасиеттер кейін оның басқарушылық мінезіне айналды. Партия мектебінде саясаттану бағытында білім алуы оған тағы бір қабат қосты – қоғамдық процестерді жүйелі пайымдау қабілетін.
Ол мектепке жай мұғалім болып келді. Алғашында №164, кейін №184, №53 мектепте ұстаздық етті, директордың орынбасары болды. Сол кезең – кеңестік жүйенің соңғы жылдары мен өтпелі дәуірдің алғашқы толқыны еді. Білім саласында өзгерістер орын алды. Идеологиялық мазмұн қайта қаралып, оқу бағдарламасы жаңартылды. Ал Базарбай ағамыз математика логикасымен әрекет етті. Яғни жүйе өзгерсе де, білім сапасы өзгермеуі тиіс.
Кейін №223 мектепте 30 жылдан астам директор болып қызмет атқарды. Осы жылдар ішінде білім саласындағы реформалардың мектепте сапалы жүзеге асуына, ұлттық білім жүйесінің қалыптасуына маңыз берді.
Ол мұғалімдердің біліктілігін арттыруға ерекше көңіл аударды. Олимпиадаға қатысу – жай жарыс емес, интеллектуалдық бәсеке деп қарады. Сондықтан оқушылардың сапалы білім алуын қадағалады. Мектеп тек білім беру орны емес, ұлттық болмысты қалыптастыратын алаң болуы тиіс деп есептеді.
Кейбір шешімдері оңай қабылданған жоқ. Жаңашылдыққа қарсылық болды. Бірақ ол эмоциямен емес, аргументпен сөйлейтін. Дауысты көтермейтін, дәлелді көтеретін басшы болды.
Асқар Дүйсебаев ағамыз ұстазды былай еске алады:
«Базекең білім беру ісіне жаңашылдықты ерте енгізді. Ол «білім беру жүйесі өзгермей тұрмайды, болашақта басқа елдермен тәжірибе алмасамыз» деп жиі айтатын. Уақыт өте келе оның сөздері шындыққа айналды, біз де жаңартылған білім мазмұнына көштік.Сондай-ақ ол ұлттық мектептердің маңызы туралы көп айтатын. Жаһандану күшейген заманда өз ұлттық болмысымызды сақтап қалу керек екенін үнемі ескертіп, осы тақырыпта мақалалар да жазғанын жақсы білеміз».
Креативті, бастамашыл адам ғана уақыттан оза әрекет етеді. Біз бүгінде білім беру жүйесіне жаңа дағдылар мен тәсілдерді енгізуді қарастырып жүрсек, Базарбай ағамыз бұл бағытта өткен ғасырдың өзінде-ақ нақты істер атқарған. Бұл жөнінде оның әріптесі Сансызбай Пазылов былай деп еске алады:
«Ол – директор, мен – оның тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болдым. Екеуміз бірігіп, облыста алғашқылардың бірі болып туризм үйірмесін аштық. Бұл үйірменің оқушылардың ой-өрісін кеңейтуге, дүниетанымын дамытуға үлкен әсері бар екенін түсіндіру оңай болған жоқ. Қаржыландыру мен ресми құжаттарды реттеу үшін көп іздендік, облыстық білім басқармасына негіздеп дәлелдеп жүріп, жобаны іске асырдық.
Кейін біздің ауданның тәжірибесі үлгі ретінде қабылданып, облыстағы барлық мектептерде осындай үйірмелер ашыла бастады. Осы бастаманың нәтижесінде өткен облыстық байқауларда мектебіміз бес жыл қатарынан үздік атанды. Ал ғылыми жобалар сайысында Семей қаласында 24 команданың ішінде оныншы орынға ие болдық. Ол кісі көбіне теориялық бағытты дамытса, мен тәжірибелік жағын жүзеге асырдым. Сол үшін де мен ол кісіге әрдайым құрметпен қараймын», – дейді ардагер ұстаз.
Базарбай ағамыз тек ұйымдастырушылық қабілетімен ғана емес, шығармашылық қырымен де дараланған тұлға. Ұстаздық қызмет пен қаламгерлік жолды қатар алып жүрген ол педагогика мен журналистиканы табиғи сабақтастықта ұштастыра білді. Оның мақалалары «Егемен Қазақстан», «Қазақстан мектебі», «Білім-Образование», «Сыр бойы», «Жаңақорған тынысы» секілді беделді басылымдарда жиі жарияланып, тұрақты автор ретінде танылуына жол ашты.
Қоғамдағы түрлі құбылыстарға сергек қарап, уақыттың тынысын дәл сезіне білетін Базарбай ақсақал талай оқиғаның тамырын басып, оның астарына үңіле отырып қалам тербеді. Ол жазған дүниелерінде ойдан ештеңе қоспайды, оқырманның қызығушылығын ояту үшін әсірелеу мен жасанды әсерге жүгінбейді. Керісінше, әрбір мақаласында шынайылық пен шындыққа негізделген пайымды ой басым келеді. Математик мамандығы қалыптастырған логикалық жүйе оның жазу мәнерінен де анық аңғарылады. Ол әр мәселені дәлел мен дерекке сүйене отырып талдайды, пікірін нақты мысалдармен бекітеді. Қоғамдағы құбылыстарды құр сырттай сипаттап қана қоймай, олардың себеп-салдарын саралап, ел өміріндегі нақты жағдайлармен сабақтастыра отырып, өз көзқарасы тұрғысынан байыпты тұжырым жасайды.
Сондықтан Базарбай ақсақалдың мақалалары тек ақпарат беріп қана қоймай, оқырманды ойландыруға, қоғамдық мәселелерге саналы көзқараспен қарауға жетелейді. Оның қаламынан туған әрбір жазбада азаматтық ұстаным, өмірлік тәжірибе және ұстаздық тағылым астасып жатады.
Базарбай ағамыз ғылыми басылымдарда да белсенді қалам тербеп, дидактика, тәрбие теориясы және педагогикалық тәжірибеге қатысты ой-тұжырымдарын жүйелі түрде жариялап отырды. Оның ғылыми мақалалары ұстаздық қызмет барысында жинақталған тәжірибеге, өмірлік байқаулар мен нақты педагогикалық ізденістерге негізделді. Бұл еңбектерінде ол оқу-тәрбие үдерісінің мәні мен мазмұнын терең талдап, мұғалім мен оқушы арасындағы рухани байланыс, білім берудің тиімді әдіс-тәсілдері, тұлға тәрбиесінің маңызы туралы байыпты пікірлерін ортаға салды. Автордың ғылыми пайымдары мен тәжірибелік ұсыныстары ұстаздар қауымы үшін құнды әдістемелік бағдар болса, оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттыруға бағытталған маңызды ойымен ерекшеленді.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де Базарбай Жаманқұловтың қоғамдық белсенділігі бәсеңдеген жоқ. Ол ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде ауыл ғана емес, аудан көлеміндегі өзекті мәселелердің оң шешімін табуына атсалысып, ел мүддесіне қызмет етуді жалғастырды.
Базарбай Жаманқұловтың өмір жолын бір ғана сөзбен сипаттау мүмкін емес. Ол – ұлағатты ұстаз, іскер ұйымдастырушы, ойлы публицист, елге қызмет еткен қоғам қайраткері. Ал ең бастысы – ол өнегелі әке. Оның тәрбиесін көріп, тәлімін алған перзенттері де әр салада өз жолдарын тауып, қоғам игілігі үшін еңбек етіп келеді. Гүлнар, Гүлмира, Жүсіп, Айгүл, Абай – ұстаздық жолды таңдаса, Айша мен Айгерім медицина саласында абыройлы қызмет атқаруда. Ал Шыңғыс қарашаңырақты сақтап, жеке кәсіппен айналысып жүр. Олардың барлығы да өз ісінің мамандары, әке тәрбиесінің жемісі.
Біз аңғарған бір ақиқат – Базарбай Жаманқұлов қоғамның ішкі тынысын, заман ағымының бағытын терең түсінетін тұлға. Сондықтан оның әрбір ісі ел игілігіне бағытталып, айтқан әрбір сөзі мен қабылдаған әрбір шешімі кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық өнеге болып қалары сөзсіз.




