Соңғы жаңалықтар

№4 (8918) 17

17 қаңтар 2026 ж.

№3 (8917) 13

13 қаңтар 2026 ж.

№2 (8916) 10

10 қаңтар 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » » Мүшел жас – қатер ме, кемелге келу ме?

Мүшел жас – қатер ме, кемелге келу ме?


Халқымыздың өмір салтына көз жүгіртсек, адам ғұмырын өлшеуде тек санға емес, мән мен мағынаға сүйенгенін аңғаруға болады. Соның айқын дәлелі мүшел жас ұғымы. Бұл – жасты есептеудің ғана емес, адам өмірін кезең-кезеңге бөліп, әр белесіне жауапкершілік жүктеген ұлттық танымның көрінісі. Содан болар, әр жас жай ғана сан емес, өмірдің әр белесін айқындайтын, адамды тәрбиеге, сақтыққа, сабырға шақыратын өлшем. Сол өлшемдердің ішінде мүшел жас ұғымының орны бөлек. Ел ішінде «мүшел жас қатерлі», «мүшелде сақ болған жөн», «мүшелде садақа беру керек» деген түсініктер әлі күнге дейін ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Ал оның түпкі мәні неде? Бұл – қорқыныш па, әлде өмірге байыппен қарауға шақыратын халықтық философия ма?


Қазақ танымында мүшел жас жұп саннан тұрмайды. Алғашқы мүшел – 13 жас, одан кейін 25, 37, 49, 61, 73, 85, 97 болып жалғаса береді. Тоғызыншы мүшелге жеткен, яғни 109 жасқа келген адам – ұзақ ғұмыр кешкен кісі ретінде айрықша құрметтелген.
Халық ұғымында әр мүшел – адамның өміріндегі бір белес, бір өткел. Әсіресе алғашқы мүшел – 13 жас ерекше аталады. «Он үште – отау иесі» деген сөз тегін емес. Ұл баланы – мал бағар, ел қорғар жасқа жетті деп бағаласа, қыз баланы – ожау ұстап, қазан қайнатар, отбасының берекесін кіргізер шаққа келді деп есептеген. Сол себепті балаға жақсы тілек тілеп, киімін үлестіріп, садақа беріп, кейде құрбан шалып, ырым жасаған.
Ал 25 жас – ақыл тоқтатып, өмірдің ащы-тұщысын татып, өз жолын айқындайтын кезең. Бұл жаста да адам садақа беріп, біреуге жақсылық жасап, ішкі ниетін тазартуға тырысқан. Кейбірі жасын жасырып, бір жасқа кем немесе артық айтуы да – тіл-көзден сақтанудың белгісі. 37 бен 49 жас – ел ағасы атанатын, өзгеге жөн көрсетіп, жауапкершілік артатын шақ. 61 жас – ата жас, ал 73, 85 – кәрілік пен даналықтың кезеңі. Яғни, әр мүшел жас адамның өмірлік рөлін айқындап отырған.
Қазақтың көне есепшілері адам ғұмырын 100 жас – бір ғасыр деп есептеген. Оның алғашқы елу жылын «ұйқылы өмір», яғни бейсаналы, ал қалған елу жылын «ояу тірлік», саналы ғұмыр деп атаған. Осы саналы өмірдің өзі де кезең-кезеңге бөлінген.
Халық өмірді қамыстың буын-бунағына теңеген. Қамыс жел соққанда көбіне буынынан сынады. Сол секілді адамның ғұмыры да әр он екі жыл сайын «сыналатын» өткелден өтеді деп сенген. Осы себепті мүшел жасқа келгенде алыс сапарға жалғыз шықпаған, аста-төк той жасамаған, өлім-жітім жиі болатын жерлерге бармаған, мал бауыздап, қан шығармаған, жанжалдан, ұрыс-керістен аулақ болған, көзге түспей, қарапайым жүрген.
Бұл – қорқақтық емес, сақтық философиясы. Яғни, адамды өз өміріне жауапкершілікпен қарауға үйреткен ұстаным. Сонымен қатар, қазақтар ай сайын ай толғанда садақа беріп, «Айда аман, жылдан есен, өмірден бүтін болайын» деп тілек тілеген. Бұл – адамның өзін Жаратқанмен, қоғаммен, табиғатпен үйлесімде ұстауға ұмтылысы.
Мүшел жасқа келгенде адамның өзіне қымбат бір затын біреуге сыйлауы – кең тараған дәстүр. Бірақ бұл «бермесең жамандық болады» деген үрейден туған емес. Этнографтардың айтуынша, бұрын көбіне бай, жомарт адамдар ғана мүшелінде ат мінгізіп, шапан жауып, алтын-күміс сыйлаған. Ол сыйлықты кез келген адамға емес, бата бере алатын, дуалы ауызды, жылы лебізді жандарға ұсынған. Мұндағы мақсат – рухани серпілу. Қимас затын берген адам ішкі дүниесін жеңілдетіп, ниетін түзеп, өмірге жаңа көзқараспен қараған. Бұл садақа – амандық пен саулық жолындағы ізгі қадам ретінде қабылданған. Сондықтан мүшелде сыйлық бермесең, міндетті түрде сырқатқа шалдығасың немесе қауіп келеді деген түсінік – жалған. Бұл тек халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан ырым-нанымының бір көрінісі.
Оқырмандардың көзқарасы да әртүрлі. Мысалы, Аяулым Ізбасарқызы:
– Қазақ ырымшыл халық қой. 13 жасқа толғанымда апам тұзбен аластап, көрші-көлемге нан таратқан. 25 жасымда мешітке садақа беріп, туған күнімді отбасыммен атап өттім. Өзіме ұнайтын алтын сақинамды жақын жанға сыйладым. Мұның бәрі көңілге тыныштық береді, – дейді.
Ал Айнұр Ерболқызы мүлде басқа ойда: «Мүшелге аса мән бермеймін. Туған күнді де дабырамен тойламаймын. Жақсылық пен садақа белгілі бір күнге тәуелді емес» деген ойда.
Қорытынды. Мүшел жас – қауіп-қатерді күту емес, өз-өзіңе есеп беру, өткенге ой жүгіртіп, алдағы өмірге дайындалу кезеңі. Бұл – қазақтың өмірді терең түсінген, адамды сақтыққа, парасатқа, сабырға тәрбиелеген дүниетанымының көрінісі. Сену немесе сенбеу – әркімнің өз таңдауы. Бірақ мүшел жас адамға жақсылық жасауға, тәубеге келуге, жүректі тазартуға себеп болса, оның түпкі мәні де – сол. Ең бастысы – әр мүшелді үреймен емес, үмітпен, ізгі ниетпен қарсы алу керекпіз.

Әсел КЕҢЕСҚЫЗЫ
17 қаңтар 2026 ж. 25 0