№32 (8946) 1

01 мамыр 2026 ж.

№31 (8945) 28

28 сәуір 2026 ж.

№30 (8944) 25

25 сәуір 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031
» » Өзгенттің теңге сарайы

Өзгенттің теңге сарайы



Жуырда Мәскеу маңындағы Коломна қаласында «XVIII бүкілресейлік нумизматикалық конференция» өткен болатын. ғылыми шарада ресей шығыстану институтының ғылыми қызметкері е.гончаров: «өзгент қаласы – теңге сарайы және теңге айналымы. оңтүстік қазақстан, XIII – XV ғғ.», атты еңбегін жәрия етті. бұл еңбек біздің бірнеше жыл бірлескен зерттеу жұмысымыздың нәтижесінде жарық көрді.
Е.Гончаров Жаңақорғанға арнайы бірнеше рет іс-сапармен келіп, өңіріміздің көне тарихи орындарын аралап, зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Соның ішінде аудан территориясында орналасқан көне Өзгент немесе Кыр-Өзгент қаласына назар аудардық. Өйткені бұл қала орны тарихта аз айтылады және де осы күнге дейін онда ешбір қазба жұмыстары жүргізілмеген.
Бұған бірнеше себептер бар. Біріншісі, көне қала орны елді мекеннен алшақта орналасуы. Мысалға алатын болсақ, көне Сығанақ немесе Сауран қаласы үлкен автомагистральға жақын жерде орналасқандықтан, зерттеу жұмыстарын жүргізу ыңғайлы. Бұл қала орындарында бірнеше жыл бойы қазба жұмыстары жүргізілуде.
Көне Өзгент қаласының орны Сырдың сол жағындағы қазіргі Ақжол елді мекенінің батыс жағында орналасқан. Үлкен көлемді төбе болып жатқан қала орнына жақын жерде қазіргі таңда «Үшата» кесенесі тұрғызылған. Қала орнын алғашқы зерттегендердің бірі И.Кастанье болатын. ХХ ғасырдың басында шыққан ол өзінің «Древности киргизской степи и оренбургского края» атты еңбегінде осы қала орнына келіп зерттеу жұмыстарын жүргізгені туралы жазады. Бұдан басқа 1963-1966 жылдары Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы (ХАЭЭ) мұнда шағын зерттеу жұмыстарын жүргізген. Зерттеу барысында экспедиция қала орнынан бірнеше мыс теңгелер тапқан болатын.
Бір қызығы, бұл қала орнынан көптеген мыс теңгелер табылуда, тіпті олар кейде жер бетінде шашылып та жатады. Өкінішке орай, көбінесе «Үшата» кесенесіне зияратқа келгендер қала орнын аралап осындай жәдігерлерді тауып өздерімен алып кетуде. Кейін олар керек емес болғандықтан жоғалып кетіп жатады. Ал оларды неге мұражайларға өткізбеске? Мұндай теңгелердің бірнешеуі ауылдық мектептердің мұражайларында сақталуда. Бірақ олар қай дәуірге жататыны анықталмаған. Шынында кез келген мұндай теңгелер құнды тарихи жәдігер. Жүздеген жылдар бойы көне қаланың орнында жатып, күн, су, желдің әсерінен татталған теңгелер бұзылып жатады. Жәдігердің тез жоюлына осы жердің жоғары тұздылығы да әсер етуде.
Біз де қала орнын бірнеше жыл зерттеп, онда көптеген теңгелер тапқан болатынбыз. Осы күнде олар аудандық тарихи – өлкетану музейінде сақталуда. Набихан Шалапов ағамыз басқарған аудандық тарихи – өлкетану музейі біздің зерттеуімізге көп көмек көрсетті.
Татталған мыс теңгелерді тазалау үшін, оларды арнайы ерітінділерге салып тазалау керек, бұл қиын жұмыс. Теңгелердің көбі сақталуы нашар болып келеді. Бірақ соған қарамастан олардың кейбірін қай дәуірге, қай заманға жататынын анықтауға болады.
Зерттеу барысында Өзгенттен табылған теңгелердің көбі Сығанақ қаласында XIV ғасырда соғылған болып шықты. Бұдан басқа Хорезм мемлекетінде, Самарқан қаласында, қазіргі Ресей территориясында орналасқан Алтын Орда мемлекетінің көне астанасы Сарай аль-Джадидада (Жаңа Сарай), Сырдың төменінде орналасқан көне Баршынкентте, Сырдын жоғарғы жағында орналасқан Отрарда, тіпті Қытай мемлекетінде соғылған теңгелер қала орнынан табылды. Кейбір теңгелерде сол заманда билеген Токта, Өзбек, Хызыр, Құлпа, Наурыз, Орыс, Тоқтамыс хандардың аттары мен таңбалары араб әріпімен, немесе араб тілінде жазылып белгіленген. Бүкіл дүние жүзін дүркілеткен атақты Әмір Темірдің де атынан соғылған теңгелерде кездеседі. Теңгелер өте әдемі ою-өрнектермен, жазулармен, түрлі жануарлар бейнелерімен (екі басты құс, бүркіт, барыс, қораз және т.б.), таңбалармен суреттеліп әсемделіп жасалады. Алтын Орданың мыс теңгелерін «пұл», күміс теңгелерді «дирхем» немесе «данг», алтын теңгелерді «динар» деп атаған.
Өзге қала, өзге мемлекеттермен тығыз саудақарым-қатынасында болған бұл қала қалайша өзінің атынан теңге шығармады деген сұраққа тап болдық. Мүмкін Сығанақ қаласына жақын болғандықтан осы қалаға бағынған болған деген де ойлар болды. Немесе сол Сығанақтың теңгелері оның өзінен гөрі осы Өзгентте көп табылғандықтан «оның теңге сарайы осында болды ма?» деген ой келеді. Бірақ бұған жауап күтпеген жерден келді. 2014 жылы интернетте, нақтырақ айтқанда нумизматикалық сайттардың бірінде Оңтүстік Қазақстанның көне қалалардың бірінен табылған бірнеше күміс теңгелер анықтауға шығарылған еді. Солардың арасында алдыңғы бетінде «Әділ сұлтан Тоқтамыс хан», артқы бетінде «Узгент соқпасы 783 (1381) жыл» деген жазуы бар күміс теңге шықты. Кейін, өзіміздің тапқан мыс теңгелердің арасында осындай «Узгент соқпасы» деген жазуы бар, жошылықтардың таңбасы белгіленген екі мыс теңгені анықтадық. Бұл бізге үлкен қуаныш алып келді. Себебі, «өлкеміздің, тіпті Қазақстанның тарихында жаңа бет ашылды» деп айтуға болады. Ал бұл күміс теңгенің Оңтүстік Қазақстаннан табылғаны таңғаларлық жағдай емес, керісінше, бұл Өзгент қаласының өзге қалалармен тығыз қарым-қатынаста болғанын дәлелдейді. Мысалыға келтіретін болсақ, Сығанақ қаласында соғылған теңгелер қазіргі таңда Ресей территориясында орналасқан көне қалалардың орнынан да табылуда.
Облыстың аумағында осы күнге дейін тарихымызда аз зерттелген Алтын Орданың шығыс ұлысының Баршынкент, Дженд, Янгикент, Сығанақ қалалары XIII – XIVғасырларда гүлденіп, теңге сарайлары жұмыс жасап, өз атынан теңгелер шығарып отырғаны белгілі. Ал енді бұған Өзгенттің теңге сарайы да қосылды. Қазіргі Ресей территориясында Алтын Орданың Сарай, Сарай аль-Джадида, Укек, Гюлистан, Азақ, Бұлғар, Биляр, Хаджитархан және де т.б. қалаларының орындары бар. Бұлар бір бірінен алшақ орналасқан. Ал біздің облысымыздың бір өзінде ғана бес, оның ішінде біздің ауданымызда екі көне қалада теңге сарайы болғанына біз мақтан тұтамыз. Өйткені теңге сарайы болған қала сол замандағы ұлыстың маңызды қаласы болғанының көрсетеді. Бірақ мұнымен біз шектеліп қалмаймыз. Өйткені теңге сарайы болған басқа да көне қалалар біздің өңірімізде табылуы мүмкін, себебі оқуға келмейтін, аты белгісіз қалаларда соғылған теңгелер де осы Өзгенттен табылған теңгелердің арасында кездесуде.
Әлімжан ЕРЖАНОВ,
№169 Н.Илялетдинов атындағы мектептің ұстазы.
03 мамыр 2026 ж. 39 0