№32 (8946) 1

01 мамыр 2026 ж.

№31 (8945) 28

28 сәуір 2026 ж.

№30 (8944) 25

25 сәуір 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031
» » ЫРЫС ПЕН ЫНТЫМАҚ – ЕГІЗ

ЫРЫС ПЕН ЫНТЫМАҚ – ЕГІЗ


Биыл аудан еңбеккерлерінің алғаш дән себу мерекесі 1 мамыр – ынтымақ күнімен тұспа-тұс келді. Елдің ортақ ырыздығы мен несібесіне негіз қалау біріккен білек пен түйіскен тілекте екені әмбеге аян. Осынау қос мерекеге береке дарытуда шалғай да болса шат-шадыман тірлігімен әманда ірілігін дәлелдеп келе жатқан Қаратөбе ауылдық округіндегі «Сұңқар» шаруақожалығының таңдалғаны бекер емес пе деп қалдық. Құм даланы түріп тың далаға айналдырған маңдай тердің арқасында төсі иіп, әр жыл алты ай жаз талап қылғанды құр тастамай келе жатқан иен дала құшағын жайып, көк исі танауыңды жарған қара жер тамырының бүлкілдеп соққан тынысына куә етеді.

«Дала күні – 2026» мерекесіне орай «Сұңқар» шаруа қожалығының егіс алқабында ұйымдастырылған семинар кеңес жұмысын ашқан аудан әкімі Мажит Самитұлы дала еңбеккерлерін ынтымақ пен молшылықтың мерекесімен құттықтады.
– Егін шаруашылығы - ел экономикасының ғана емес, халықтың да әл-ауқатының да маңызды тірегі. Бұл бағытта ауданымыз тірек өңір саналады. Әсіресе, Сыр бойының сыралғы дақылы – күріш өсіруде аудан диқандары табыс биігінен танылып жүр. Рас, соңғы жылдары күріш дақылын сумен қамтамасыз етудің күрделене түсуінен бізге қиыннан жол тауып, ілкімді ізденістерге баруымызға, тиімді шешімдер қабылдауымызға тура келеді. Күріш егістігін орналастыру бағытында ғылыми негізделген ауыспалы егіс жүйесін қатаң сақтап, қажет болған жағдайда ротацияға ішініара өзгерістер енгізу қарастырылатын болады, – деді аудан басшысы.
Семинарда көктемгі дала жұмыстарының барысы туралы аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев баяндады.

– Биылғы жылы аудан бойынша 35 621 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарлану­да. Биыл егілетін 6300 гектар күріш дақылының 5300 гектары лазерлік тегістеуден өткізіліп, су үнемдеу бағыты бойынша егілуге дайын, – деген хабарламашы одан әрі шаруаларды арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз ету міндеттерінің барысына тоқталды.

Шаруа қожалықтары қажетті тұқыммен толық қамтамасыз етілген. 358 дана ауыл шаруашылығы техникалары толық жөндеуден өтіп, көктемгі дала жұмысына сақадай-сай екенін білдік.
Егісті әртараптандыру бағытында биыл 1700 га дәндік жүгері егілмек. Оған қажетті техника жағы үйлестірілуде екен. Сондай-ақ су үнемдеу технологиясы бойынша 2000 га жерге егілетін егіс көлемінің 555 гектарына тамшылатып суару әдісі қолданылса, 400 га дәндік жүгері, 105 га көкөніс дақылдары, 1455 га клеенкаға бастыру арқылы егілетін бақша дақылдары бар. Келінтөбе магистраллды каналынан су тартатын 37 дана су насостары қарастырылғанын айтты.
Ол одан әрі 2026 жылы көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру бойынша «Кең дала» аграрлы несие корпорациясынан 13 шаруа қожалығы 312 млн несие алса, аудандағы «Қамқоршы» ЖШС арқылы ірі 2 шаруашылық 72 млн теңге алып отырғанын жеткізді.
Келесі кезекте «Жаңақорған сушар өндірістік учаскесі» басшысы Әбдімажит Ахметов сөз алып, биылғы жылы ауданымызға ауыл шаруашылығы дақылдарына 380 млн текшеметр су лимиті бекітіліп отырғанын айтты. Сырдария өзенінде су деңгейі төмен болуына байланысты каналдардан су алу үшін күріш танаптарын су көздерінен қашық орналастырмауды, сондай-ақ күріштік алқаптарды егістің су үнемдеу технологиясына сай егілуін ескертті
Ауданда жаңадан енгізіліп жатқан биллингті элек­тронды шарттар жүйесінің жобасы бойынша 408 су пайдаланушымен келісім шарт әзірленуде. Хабарлама­шы одан әрі су тапшылығының алдын алу мақсатын­да каналдарды тазалау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Келесі кезекте Сунақата ауылдық округіндегі «Әмір» шаруа қожалығы төрағасы Ақтан Перенов сөз алып, өзінің су үнемдеу технологиясын тиімді пайдалану тәжірибесін ортаға салды. Диқан биыл күріштік алқабын қысқартып, 40 га жерді лазерлік тегістеуден өткізіп дән сеппек. Ол былтыр қарауындағы 14 гектар бақша өнімдерін тамшылатып суарудың арқасында тыңайтқыш үнемделіп, өнімділіктің де жоғары болғанын айтты. Одан өзге биыл 35 га мақсары, 20 га жоңышқа егіліпті.
Семинар жұмысын қорытындылаған аудан әкімі Мажит Самитұлы «Сұңқар» шаруашылығының әлеуетіне тоқталып, істің көзін білетін мамандар жұмысына тоқтала кетуді ұмытпады. «Іс тетігі – ұйымдастыруда. Басшының мықты менедждер болуы табысқа негіз қалайды. Осы биігінен түспей келе жатқан ұжымның жетістігі өзара құрмет, сыйластық пен сенімнің нәтижесі. Адал еңбек абыройға жеткізеді. Жұмыстарыңызға сәттілік болсын» деді.
Келесі сәтте жиналған қауым болып алғаш дән себу рәсімін атқарды.

ОТЫЗ ЖЫЛ БОЙЫ ОЗЫҚ КЕЛЕДІ

«Сұңқар» шаруа қожалығы төрағасы Құлмағанбет Исаханов алғаш 1997 жылы, яғни отыз бес жасында шаруа қожалығының негізін қалап, бастапқы төрт жылын істі бір ізге қоюға сарп еткенін айтады.
Өмір бойы шаруа баққан әкесі алпысқа толғанында бүкіл шаруаны өзіне аманаттаған екен. Сол күннен бастап әке өсиетін екі етпей, адал тер төгіп келе жатқанын айтты.
Негізгі мамандығы зоотехник болғанымен кішкентайынан егін шаруашылығына көзі жетік өскен ол кәсібіне шынайы берілген жандарды дұрыс іріктеп, бірлесе қимыл-әрекетке көшкен. Содан кейінгі жетістіктің сырын табысты дұрыс бөлу, ешкімнің ақысын жемеу деген ақиқи тұжырымға келіп тірейді. Еңбек адамының еңсесін түсіріп, асқақ үмітті аяқасты ететін ең нашар әдет – сөзден айну, уәдеде тұрмау, аманатқа қиянат жасау. Осы тұрғыда оның адалдықты пір тұтқан биік адами ұстанымы айналасындағылардың да ортақ игілікке ықыласын туғызды. Еңбегіне қарай әділ үлесін алған әркім ерік-жігерін еселеп, еңбектің атан торысы атанды Мұны еңбек ұжымдарына жиі атбасын тірейтін аудан басшысы да дәл болжаған екен. Бүгінгі жиында ерекше атап айтты.
Құлмағанбет Оразқұлұлының айтуынша, биыл 155 га жерге күріш егілмек. Бүгінгі таңда соның 80 га жері айдалып, дән себу басталды. Шаруа қожалығындағы сап түзеген жаңа маркалы техникалар Қаратөбенің басқа да шаруашылықтарына жәрдемге барып, түрен салып, қарапайым диқан кетпенін қарқынды қимылға алмастыратынын білдік. Бұл бағытта Исахановтың о баста шаруа­сын жолға қойып, бірнеше заманауи техникаларды сатып алуға тәуекел жасаған батылдығы себеп. Біртіндеп олардың қарызынан құтылып та қалыпты. Соның ішінде «Класс» деп аталатын немістің тракторлары мен комбайнының мойны озық тұр. Ескі соқа мен жаңаның арасы аспан мен жердей. Жаңа техникамен орғанда отақ қалмайды, сабақтың да саласы бөлек. Осы артықшылықты егесі айтып тауыса алар емес.
Әртараптандыру бойынша 180 га жерге бидай, 300 га жерге жоңышқа, 15 га жерге қарбыз, 10-15 га тары, 5-6 га жерге асқабақ, 35 га жүгері, 35 га мақсары егіп келеді. Жалпы «Сұңқардың» иесі отыз жыл Құрмет тақтасынан түскен емес.
Елдегі тұрмысы төмендерге қолұшын созуды міндет санайтын Құлмағанбет ағамыз бір жаңа үйді салып берсе, тағы бір үйді жөндетіп бергенін білдік. Ауылдағы жаңа мешіт үйін де 2016 жылы Исаханов Құлмағанбет ауыл тұоғындаоына тарту еткен. Шығар тауыңыз биік болсын, аға! Көп тілегі осы.
Баян ҮСЕЙІНОВА
03 мамыр 2026 ж. 29 0