Соңғы жаңалықтар

№92 (8906) 2

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (8905) 29

29 қараша 2025 ж.

№90 (8904) 25

25 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » » Ұлттық құндылықты ұлықтаған байқау

Ұлттық құндылықты ұлықтаған байқау


Жұма күні Оқушылар үйінде ұлттық өнердің нәрімен сусындаған, шығармашылыққа құштар жас өрендердің басын қосқан қолөнер сайысы өтті. Оған кент орталығынан бөлек, елді мекендердегі мектептерденде оқушылар келіп қатысып, ұлттық нақыштағы бұйымдарын, заманауи бағыттағы өнер туындыларын көпшіліктің назарына ұсынды.


Байқаудың негізгі мақсаты – жас ұрпақ бойында ұлттық өнерге деген құрметті арттыру, ата-баба мұрасын жаңғырту және балалардың шығармашылық әлеуетін қолдау.
Байқаудың шымылдығын Оқушылар үйінің бас­шысы Жолдыбай Тоқболат ашып, жарысқа келген барша қатысушыларға сәттілік тіледі. Ол қолөнердің халқы­мыздың терең тарихынан тамыр тартатын, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан баға жетпес қазына екенін атап өтіп, жасөспірімдер арасында бұл өнерді жаңғыртудың маңыздылығына тоқталды.
– Ұлттық өнер – ұлттың рухы. Бүгінгі байқауға қатысып отырған әрбір оқушының қолынан шыққан бұйым – тек еңбектің нәтижесі емес, олардың жүрек жылуы мен шығармашылық ізденісінің көрінісі. Осындай өнерлі жастарымыз барда ұлттық құндылығымыз жоғалмайды, – деді Жолдыбай Тоқболат.
Басшының жүрекжарды тілегінен кейін зал ішіндегі қуаныш пен шабыт лебі одан сайын арта түсті. Балалар өз қолдарынан шыққан бұйымдарды бар ықыласымен таныстырып, көрмеге келген ұстаздар мен қонақтарға олардың жасалу жолын, ерекшеліктері мен мағына­сын қызыға әңгімелеп берді. Ұйымдастырушылардың тиянақтылығы, қатысушылардың дайындығы, көрме­нің безендірілуі – бәрі бір-бірімен үйлесіп, шараның маңыздылығын айқындай түсті.
Өнер сайысында сөз алған аудандық білім бөлімінің әдіскері Назерке Базарбаева жас шеберлердің жұмысын жоғары бағалап, олардың ізденісіне, жаңашылдығына ризалығын білдірді. Байқауға қазылық еткен тәжірибе­лі тәлімгерлер әрбір еңбекке мұқият тоқталып, жаса­лу сапасына ғана емес, идеяның ерекшелігіне, ұлттық мазмұны мен мағынасы үйлесімділігіне нақты бағасын берді.
Көрмеде киіз үй макеттері, кесте тоқылған көрпешелер, түрлі өрнекпен көмкерілген әшекей бұйымдар, жүн­нен, былғарыдан, ағаштан жасалған ұлттық кәдесый­лар көпшіліктің қызығушылығын туғызды. Әсіресе ауыл мектептерінен келген өспірімдердің өзіндік нақыштағы қолөнері көңілді баурады.
Шара қорытындысында 1-орынға №161 мектеп оқушысы Әбсадық Мадина, 2-орынға №125 мектеп оқушысы Ыбырай Ясина мен №180 мектеп оқушысы Алпысбай Нұрсыйла, 3-орынға №51 мектеп оқушысы Төрехан Әдемі және №209 мектеп оқушысы Спандияр Кәусар, сондай-ақ №239 мектеп оқушысы Мүсілім Жәния ие болды. Өнермен үздік танылғандарға дипломдар мен алғыс хаттар табысталды. Бұл шартты түрдегі таңдау, ал шындығында әрбір өнерлі өрен өзіндік қолтаңбасына айрықша тәнті етті.
Өнер байқауы ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, ата-бабадан жеткен қолөнерді заман талабына сай қайта жандандыруға бағытталған маңызды бастама болды. Жас ұрпақтың бойында еңбекке баулу мен талғампаздықты қалыптастыруда мұндай байқаулардың берері мол.
Қолөнер – қай дәуірде болсын ұлттың рухани бай­лығы, мәдени болмысы, өркениетінің айнасы. Осын­дай шаралардың көптеп ұйымдастырылуы – өнердің өрісін кеңейтіп, ұлттық мұраның жаңғыруына жол ашады. Ал жас шеберлердің тындырымды еңбегі мен тың идеялары аудан мәдениетінің дамуына өз үлесін қосары сөзсіз.

Әсел РЗАЕВА
04 желтоқсан 2025 ж. 62 0