Соңғы жаңалықтар

№92 (8906) 2

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (8905) 29

29 қараша 2025 ж.

№90 (8904) 25

25 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » » Келіншек тал әуені

Келіншек тал әуені

Жастық шақта көп нәрсеге аса мән бере бермейсің ғой. Верба деген сөзді ертерек естісем де, мағанасын кешеге дейін түсінбей келдім. Бұл не сөз? Бертінде де соны біле алмай жүрдім. Есіме түсе қалған кездерде орыс тілін тәуір біледі-ау дегендердің бірталайынан сұрап қоямын, көбісі дөп басып айта алмайды. Бір аймақта ғана қолданылатын сөз шығар деп тайсақтайды....Ұлбосын апамыз Шардара жақта тұрады. Шешемнің сіңлісі. Жетпіс үштің Май мерекесі қарсаңында ауылға қыдырып келді. Бірталай сыйлық әкеліпті. Шешеме көйлек-жаулығы бар, кішкене балаларға таңсық - тәттілері де мол. Маған сол кездегі жастардың модасы- жағасы бір қарыс гүлді қызыл көйлек және заманауй музыкалар жазылған он дана пластинка сыйлады. Тәшкен граммпластинка зауытынан жақында ғана шыққан. Маған апамның әкелген екі сыйлығы да ұнады. Әсіресе, пластинкалары керемет! Көлемі шәй кесенің бетіндей ғана, қалтаға салып жүре бересің, рақат! Атақтары дүрілдеп тұрған «Сомоцветы», «Песняры» ансамбльдерінің әуендері! «Листы желтые», «Синица», «Синий иней», «Вологда», «За полчаса до весны!» Таптырмайтын олжа! Әсіресе «Горлица» мен «Вербаны» жастар жағы қатты жақсы көреді. Пәлі, әлгі пластинкалардың арқасында оның иесінің де беделі күрт көтерілді. «Кешке вешір болатын еді, соған пластинкаларыңды бері тұршы» дейтіндер, «Бүгін Пәленшенің туған күні еді, жақсы музыка керек болып тұр. «Вербаға» билегіміз келеді», деп жағдай айтатындар көбейді. «Ауылға студент қыздар келген екен, тездетіп кеш ұйымдастырып жіберейік», дейтін пысықтарың да осында. Пластинка иесі әуеліде ақкөңілдік жасағанымен кейіннен көне бермейтінді шығарды. «Өзіміз де отырыс жасайын деп жатырмыз», дей салады. Кейде, «Вешірлеріңе қандай қыздар келеді?» деп әуесқойлық танытын қоятыны да бар. Сұраушылар да кейіннен қулыққа басатын болды. «Кешке өзіңді шақыра келдік, пластинкаларыңды да ала кел», деп базына айтады. Мұнысы енді жөн шаруа! Барады, қалтасынан баппен шығарып пластинкаларын береді, сөйтеді де үстінде сол кездегі мода-жағасы бір қарыс, гүлді қызыл көйлек төрге жайғасады. Көңіліне бірдеңе жақпай қалса, «Қайтамын, пластинкаларды жина!» деп қиғылық шығаратын кездері де кезігеді.
Сол сөздің құпиясын білудің реті араға қырық бес жыл салып қана келді. Он сегізінші жылдың көктемінде кешқұрым көше сыртындағы алаңға ағаш көшеттерін отырғызып жатыр еді, көршісі орыс жігіті Толиктің келе қалғаны. «Мен бірнеше ағаштың қаламшасын дайындап қойып едім, соны да отырғыза салыңдар. Верба!» Дегені. «Че вы говорите? Верба?!» «Да, Верба. Жақсы саялы ағаш. Мына арықтың жағасында толып тұр ғой», дегені. Ой мынауыңның айтып тұрғаны өзіміздің сәмбі тал ғой! Мұны кейде Келіншек тал деп те әспеттейді емес пе?! Япырай, бұл қызық болды ғой, ойламаған жерден түсінбей жүрген сөзінің баламасын тапқаны. Эврика! Верба! «Біля млину-калина, Біля ставу-верба. Біля тину-дівчина, Біля серця-журба. Возле мелиницы-калина, Возле пруда-ива. У плетня-девушка, Возле сердца-журба! «И калина очаравательная, И в ночи не заснет. И девушка-царевна, Что ждет меня. «Патшайым қыз мені күтіп, Ұйықтамайды түн бойы. Ал үйеңкі су бетінде ойнайды, Ал ән біздің тағдырымыз».
Япырай, ол да бір дәурен екен! «Самоцветы» ансамблінің «Верба» әнін тауып алып тыңдап көріңізші... Әуеннің жүрек қылын шертер бір сырын ұғынып қаларсыз, бәлкім.

Нұрмахан ЕЛТАЙ,
Жазушы-сатирик
01 қараша 2025 ж. 710 0