Соңғы жаңалықтар

№92 (8906) 2

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (8905) 29

29 қараша 2025 ж.

№90 (8904) 25

25 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 

АБАЙ ЖӘНЕ ЖАСТАР


Қазақ руханиятының шамшырағы, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлы – ұлттың мәңгілік темірқазығы. Ол артына мол рухани мұра қалдырды. Ақынның өлеңдері мен қара сөздері тек өз дәуірінің емес, бүгінгі ұрпақтың да санасын оятуға, жүрегін тәрбиелеуге бағытталған. Қазіргі жастар үшін Абай – тек ақын емес, рухани тәрбиеші, ой мен сана биігіне жетелейтін ұстаз. Сондықтан болар, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерекесінде руханият жолында еңбек етіп, әдебиетке құмартқан аудан жастары өзінің пікірін редакциямызға жолдап отыр.
Ұлы ақын Абай атамызды оқып, санаға түйген жастардың өз толғам-түйгендері туралы білуге асықтық. Төменде осы пікірлерді назарларыңызға ұсынамыз.


Замира САДЫҚОВА,
кітапханашы:

АБАЙ МҰРАСЫ –
ЖАС ҰРПАҚҚА АРНАЛҒАН БАҒДАРШАМ

– Абай шығармалары – адамгершілік, еңбек, білім, ғылым, ар-ождан, ұлттық сана сынды тақырыптарды терең қамтиды. Ақын «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» – деп, әр жасқа өмірде өз орнын табуға үндейді. Бүгінгі жаһандану заманында жастардың рухани жағынан ақсап, ұлттық болмыстан алшақтап бара жатқанына алаңдаушылық бар. Осы тұрғыдан келгенде, Абай мұрасы – жастардың бағытынан жаңылмауына ықпал ететін рухани бағдар бола алады.
Абай мұрасы кез келген алаш баласының жан азығы. Рухани нәр алатын таусылмас бұлағы. Өз басымыз ұлы ақынның ғибратты сөздері мен даналық ұйыған ойларынан қажетті тұжырымдарды көрнекі құрал ретінде ғана емес, күнделікті тіршілік қалыбында да жиі қолданамыз. Мұның себебі, Абайдың өзі айтқанындай, «туғанда дүние есігін ашады өлеңінен» «біреудің кісісі өлсе, қаралы ол» деген жүрек сөзіне дейінгі философиясының мұқым болмысын тұтас қамтығандығында жатыр. Шындық – үлкен ұғым, Абай таныған шындық – жазаның өтеуі. Алдына келген айыпты сұрайтыны – шындық, жазасы – ақиқатын айтқан адамды сол шындығы үшін айыптамау, жазадан босату. Ақынның «Адамның кейбір кездері» өлеңі мен үшін айрықша ыстық, сөз өнерін қастерлеген шығармашыл тұлғаның көркем образы кестеленген. «Ызалы жүрек, долы қол, Улы сия, ащы тіл. Не жазып кетсе жайы сол, Жек көрсеңдер өзің біл!» деген ақын өлеңін өмірімізде де, өнерімізде де ұстаным етіп келеміз.

Қайсар ДҮЙСЕНБАЙ,
ақын-әдебиеттанушы:

АБАЙ ЖӘНЕ БІЛІМГЕ ҰМТЫЛЫС

– Абай жастарды үнемі білім мен ғылымға шақырды. Ол «Ғылым таппай мақтанба, орын таппай баптанба» – деп, жас ұрпақтың жалқаулықтан, керенаулықтан аулақ болуын қалады. Абай хакімнің шығармашылығы – біздің ғылыми-зерттеу бағытымыздың тірегі. Абай сөзі – әдебиет өлшемі. Абай мен Алаш қайраткерлерінің мұрасы – қазақ руханиятының баға жетпес байлығы. Абай шығармашылығы – тілдік қорымның молаюына, әдеби тілде сөйлеуіме көп әсер етті. Ал хәкімнің өмір жолынан үйренгенім көп: қанша жерден дәулетті, ауқатты болса да дүние-мүлікке қызықпағаны, қаламнан өзгені байлық деп санамағаны һәм қандай жағдай болса да тура сөйлеп, сөздің әділін айтқаны. Ғұлама ақынның «Пайда ойлама, ар ойла!» деген сөзін ұстанымым деп білемін.
Қазіргі заман технологиялық ілгерілеу, жасанды интеллект дәуірі – білімді, креативті жастарды қажет етеді. Осы орайда Абайдың білім мен ғылымға деген көзқарасы жастарға дәл бүгін керек.


Айжарқын НАЙМАНБАЙ,
ақын-сценарист:

АБАЙ МҰРАСЫ –
МӘҢГІЛІК

– Қай дана, қай ғұламаны мысал қып алсаңыз-дағы, ол әлемдік тауарихқа, өркениет өрісінің кеңеюіне, әдебиетке, мәдениетке, ғылымға, адамзатқа ғаламат әсер еткен боп шығады. Пендеге бағыт-бағдар сілтеп, жол көрсетіп, адамшылыққа адаспай, сүрінбей-қабынбай, құламай-құлдырамай, шаршамай-шалдықпай, бөгет-кедергісіз жетуге бірден-бір сеп болатындар да осынау Алланың артық жаратқан пенделері дер едім. Осындай ерекше тұлғаларды жалпақ жаһанға тарыдай шашып жіберген Жаратушымыз да – шексіз шебер иесі ғой. Олардың көп болмауы да сондықтан деп ойлаймыз. Аз бола тұра адамзатты азғындықтан сақтап, күндіз – күлкі, түнде – ұйқы көрмей, қай уақытта да соқа басының қамын емес, жұртшылықтың қамын жегені… Бірі ерте, бірі кеш, әйтеуір өз заманының кетігіне жараумен жыртық-тесігін жамаумен, ұлтына тұтқа бола білген осылар ғой.
Қайткенде,заманнан асып туған тұлғаның еңбегі еленіп, есімі ел есінде қалып жатқанына – абыз кейіптес тарих куә. Солардың бірі де бірегейі – Құнанбайдың Абайы. Қазекем «хакім Абай» деп ерекше қастер тұтады, құрметтейді, айрықша ардақтайды. Манағы көпшіліктің ішінде біз де бармыз. Оның тек маған ғана емес, көзі ашық, зерделіге тигізген әсері орасан.
«Қарны тоқ, қаса надан ұқпас сөзді,
Сөзді ұғар көкірегі болса көзді.
Қадірін жақсы сөздің білер жанға,
Таппай айтпа, оған да айтар кезді», – демей ме талғампаз хакім. Оның мұрасын бір-екі ауыз сөзге сыйдыра салу қиындау. Себебі, ой дегеніңіз кеңістікке ұқсап ұлғайып, далиып кете береді, шекара-шектеуі, басы да, аяғы да жоқ. Абайды тек қана жаттап, судыратып айтып беру аздық етеді, оны терең түсініп, он ойланып, мүмкін болғанша тереңіне сүңгіп, ой жіберіп оқымақ керек. Оқисың-дағы «Бұ, қалай болды, өзі?» дегендей ойға қаласың.

Наурыз ОРЫНБАСАРОВ,
аудан жастары көшбасшысы:

– Абай шығармашылығы, Абай дәуірі, Абай ортасы ой еңбегімен айналысқан қазақ оқығандарына рухани азық, ғылыми-зерттеуде бағыт болғаны белгілі. Алайда, Абай болмысын қаншалықты терең зерделеген сайын, әлі де бізге беймәлім тұлғалық қыры мен тағылымдық тұсы көрініс беруде. Әр заманның буыны хакім Абайға өзінше, жаңа көзқараспен баға берері сөзсіз. Себебі, тұлғатану бағытында әр тұлғаға қойылатын методологиялық ұстанымдар мен әдістер, көзқарастар замана лебіне қарай өзгеріске ұшырап отырады.
Біріншіден, маған оқырман ретінде, Алаш қозғалысы мәселесін зерттеуші ретінде Абайдың қайраткерлік қызметі мен Абай ұрпақтарының, Абай ауылының ХХ ғасыр басындағы саяси өзгерістер тұсындағы ұстанған көзқарастары, Алаш қайраткерлерімен арақатынасы мәселесі қызықтырады. Екіншіден, өзім ұстаздар отбасынан болғандықтан, бала жастан, Абай мен Шәкәрімге қатысты аңыз бен ақиқат арасындағы тарихи әңгімелерді естіп өстім. Осы мәселелер менің тұлға болуыма, әсіресе, болашақ бағыт-бағдарымды айқындауыма көп жәрдемдесті.

Сейтмахан Сермұхаммедұлы,
аудандық прокуратурасының прокуроры:

АБАЙ МЕН ӘДІЛЕТТІЛІК – ЕГІЗ ҰҒЫМ

– Абай шығармашылығын насихаттау, қоғамға ой салып, ұрпақтан-ұрпаққа аманат ету деп санаймын. Ұлы ақынның ой толғаулары қай заманда болсын өзектілігін жойған емес. Сондықтан болар, Мемлекет басшысы жыл сайынғы жолдауларында айрықша көңіл бөліп, кең көлемде насихатталып келеді. Соның бір парасы, әділеттілік пен Абай ілімі – егіз ұғым екенін жүрекпен сезініп отырмыз. Өзім №3 мектеп интернатында оқып жүргенімде «Абайтану» сабағын өте жақсы көріп оқыдым. Ұстаздарымның берген тапсырмасын орындап, күнде ақынның әр сөзіне талдау жасап, өзіміздің түйген ойларымызды айтушы едік. Сондықтан болар, әрбір сөзі жүрегімізге ұя салды. Жамандықтан жерініп, жақсылыққа құмартып, әділеттікті жақтап, адал еңбек етуді мақсат еттік. Арада қаншама жыл өтсе де өзектілігін жоймайтын құнды сөздері қымқуыт шақтарда жол көрсетер жарық нұрға айналды. Қамыққан көңілімізге жалын беретін де ақынның қарасөзі мен отты жырлары десем жаңылыспаған болар едім.

Бекзат БАЛТАҚОЖАЕВ,
«Жаңарған Жаңақорған Жастары» қорының директоры :

АБАЙ ЖӘНЕ ЕҢБЕК

– Жастарға еңбек туралы айтқанда, Абайдың мына жолдары ойға оралады: «Еңбектің бәрі – береке, жалқаулық – түбі – берекесіздік». Қазіргі кезде жеңіл жолмен баюды мақсат тұтқан жастар да кездесіп жатады. Абай адал еңбек пен маңдай тер арқылы ғана шынайы жетістікке жетуге болатынын ескерткен.
Абай сынаған қазақ мінезі туралы ой – бүгіннің ғана емес, ертеңнің де қажетіне жарайтын сөз. Әрине, кемшіліксіз адам болмас. Десе де, әр адамның өмір жолында шәлкем-шалыс басатын жері болады. Сондай қиын сәттерде Абайды оқып, қалың түнекке сіңіп кеткен ойлардың арасынан жоғалған өзіңді тауып, жөнделуіңе мүмкіндік көп. Хакімнің сөзінен соң, өзіңді тез табасың. Абай сөзі – өмірлік мұратыңа жол ашатын темірқазық, жарық.
Қазіргі жастардың ақпарат тасқынында адасып кетпеуі үшін, Абай мұрасын оқу – рухани иммунитет қалыптастырады. Ақынның қара сөздері әр жастың өзін-өзі танып, кемел адам болына жол ашады. Әсіресе 7-қарасөзі мен 38-қарасөзі – адам болмысы туралы терең философиялық ойға толы дер едім.

ТҮЙІН. Абай – мәңгі жас ақын. Оның ойлары – уақыт өткен сайын өзектілігін жоғалтпайды. Қазіргі жастар Абай мұрасын тану арқылы өз болмысын, рухани жолын, ұлттық тамырын тереңірек түсінеді. Абайды оқу – бұл рухани жаңғырудың, кемелденудің жолы. Жастар үшін Абай – бағыт, тәрбие, сенім. Ендеше, Абаймен сырласып, оның сөзін жүрекке тоқу – әрбір жасқа парыз.

Мақпал МАРҚАБАЙ
09 тамыз 2025 ж. 159 0