Қазақтың құрақ өнерінен Алматыда ерекше рекорд орнатылды

Елорда күніне орай Алматы қаласында ұлттық құндылықтарымызды дәріптеген ерекше форматтағы іс-шара өтті. «Аламан құрақ» ұлттық құрақшылар қауымдастығының ұйымдастыруымен, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 660 құрақшы бір мезетте құрақ құрап, әлемдік рекорд орнатты.
1366,8 шаршы метрге созылған, 660 дана қазақтың құрақ көрпесі тігіліп, бұл ерекше еңбек Дүниежүзілік рекордтар кітабы саналатын «GLOBAL BOOK OF RECORDS GBR» және халықаралық рекордтар тіркеу агенттігінің өкілдері тарапынан ресми түрде тіркелді.
Бұл жобаға Қазақстанның 20 өңірінен келген құрақ шеберлері қатысты. Солардың қатарында Сыр өңірінің атынан барған 56 қолөнерші де бар. Олардың ішінде жаңақорғандық белгілі қолөнершілер Оразкүл Қалтанова мен Карима Досмағамбетова өз өнерлерін көрсетіп, ел мерейін асырды.
Жобаның бас ұйымдастырушысы Нұргүл Абайхан іс-шараның негізгі мақсатын атап өтті:
– Бүгін біз әлемге әйгілі аламаншылармыз. Әлемде теңдесі жоқ рекорд жасадық. Бұл рекорд – тек құрақ құрау өнерінің ғана емес, қазақ халқының бірлігі мен рухының көрінісі. Бұған дейін Алатаудың баурайындағы мұз айдынында талай спорттық рекордтар жасалғанымен, қолөнерден дәл осындай жетістік бұрын-соңды тіркелмеген. Қатысқан әрбір құрақшының аты тарихта қалды, – деді ол.
Оразкүл Кәрімхан да жүрекжарды лебізін жеткізіп, бұл жобаның ел үшін, ұлт үшін маңызды екенін атап өтті:
– Қолынан өнер тамған 660 құрақшының аты әлемге тарады. Ертең осы жобаға қатысқан құрақшылардың мәртебесі биіктей түседі. Бұл – бала-шағасы мен жеті ұрпағына дейін мақтаныш болар іс. Осындай ауқымды жобаны ұйымдастыру оңай емес. Бұл – мемлекеттік деңгейде өткен, ұлттың рухын көтерген имидждік жоба. Сіздер бір-бір көрпе тігумен ғана шектелмей, бәріміздің жүрегімізді тоғыстырған, әлемдегі ең үлкен құрақ көрпені құрадыңыздар, – деді ол.
Жаңақорғандық Оразкүл Қалтанова мен Карима Досмағамбетова аталған жобаға қатысып, өз өнерін паш етті. Қазақтың дәстүрлі қолөнерін шетелге таныту жолында еңбек етіп жүрген қос шебер өз сезімдерімен бөлісті:
– Алатау бөктерінде елімізге танымал құрақ құраушылар жиналды. Ұзақ уақыт дайындықтың нәтижесінде біздің жұмысымыз рекордтар кітабына енді. Әрине, бұл — үлкен мақтаныш. Қазақтың құрақ құрау өнері ерекше мәнге ие. Әріптесім Алма Омарова екеуміз жоғары жетістікке қол жеткізіп отырмыз, – деді Карима Досмағамбетова.
Іс-шара соңында жобаға белсене қатысқан құрақшылар арнайы марапатқа ие болды. Алматы төрінде өткен бұл шара ұлттық өнерді ұлықтаумен қатар, жастарға үлгі боларлықтай өнеге көрсетті.
Қазақ халқы үшін құрақ құрау өнері – тек тұрмыстық қажеттілік қана емес, сонымен қатар эстетика мен терең мағынаға ие мәдени мұра. Әр құрақтың өз символикасы бар: береке, бірлік, татулық, сәттілік.
Бүгінгі таңда бұл өнер заманауи форматта жаңғырып, осындай халықаралық деңгейдегі шаралар арқылы әлем назарына ілігіп жатыр. Ең бастысы, ұлттық дәстүріміз бен қолөнеріміздің тамыры үзілмей, жас ұрпаққа жетіп отыр. Алматыдағы әлемдік рекорд – соның жарқын дәлелі. Қазақтың ұлттық өнері алдағы уақытта да биік белестерді бағындыра бермек.
Әсел РЗАЕВА




