Ауылым – алтын бесігім

Ауылдағы алтын ұяда ұстаздық етіп, зейнеттік жасқа толғанда артта қалған алпыс үш жас ғұмырына ой жіберіп қараса, бүкіл балалығына, жастығына осы топырақтың әрбір талы, әрбір өскіні куә екені еске түседі. Халықта «Бірге тумақ бар болса да, бірге жүрмек жоқ» деген мәтел бар. Бір отбасында туған бес ұл, бір қыз, барлығы да ата-ана өнегесін алып, әр жақта еңбегінің несібесін теріп жүр. Бірақ титтейінен көріп өскен кішіпейілдік, еңбекқорлық, елгезектік қасиет қай-қайсысына да абыройлы өмір жолын еншілеткеніне біздің бүгінгі кейіпкеріміздің өмір жолы дәлел.
Орта мектептен соң Түркістан қаласындағы кәсіптік-техникалық училищеде оқып, жүргізушілік мамандық алған Темірхан Тұрсыматұлы әскери борышын Маңғолия жерінде өтеген екі жылда осы кәсіпті атқарып тәжірибе жинақтай түскенін айтады. Елге оралған соң жастайынан жан қалауы – спортты бетке ұстап, Қазақ физкультура институтына құжат тапсырады. Үшінші курста оқып жүргенінде шет тілдер институтында оқып жүрген Лида есімді қарашай қызымен көңіл жарастырады. Оқу бітірген соң дипломды қос маман Кейден ауылындағы №208 орта мектебіне бірі денешынықтыру пәнінен, бірі ағылшын тілі пәнінен оқытушы болып жұмысқа орналасады. Әрине, алғаш келгенінде өркениеттен әлдеқайда алыс жатқан ауыл өмірі көгорай шалғынға көз суарып өскен қарашай аруына тым жат сезілген. Қалың шеңгел мен жыңғыл арасынан иректеліп түскен көшелермен құмды жолды борпылдатып мектепке барып-келгені былай тұрсын, жаңбырлы күндері жер лайсаңда тізеден келетін балшығы сұмдық. Осының барлығын жуып-шайып, жоқ етіп жіберетін бір құндылық – береке ұялаған отбасындағы мейірім мен қамқорлықтың шуағы еді. Көңілі көлдария ата мен ененің келіндерін өз баласынан кем көрмеген ықылас-ниеті, құлазыған түзде отырып та құтханасының тынысын құлпыртып ұстайтын құнттылықтың салтанаты санасы бардың тал бойына айтқызбай жұғып, желкенін тереңге жая түседі екен. Ене тірлігін түгелімен меңгеріп, сиыр сауып, айран ұйытып май шайқайтын шаруақорлықты, артылған уақытта текемет басып, тақыр, түкті гүлді кілем тоқитын ісмерлікті меңгерсе, ол дағы бойдағы ыждағаттың, намыстың, ерік-жігердің арқасы.
Аппазовтардың келіні, қарашай қызы Лида Магамедқызы (суретте) ауыл мектебіне ұстаздық еткен оншақты жыл айналасында әріптестері арасында терең білімдарлығымен танылды. Мұғалімдер арасында республикалық конкурстан жеңімпаз атанып, Қазақстаннан үш мұғалім АҚШ-тың Техас штаты, Хьюстон қаласына курстан өтуге жолдама алды. Бұған келінінен бетер қуанған қайын атасы өзі ауыр науқастанып жатса да разылығын беріп тілектестікте болғанын әркез жүрегі елжірей еске алады. Ата-ана разы болғанға Алла разы деп бекер айтылмаған ғой. АҚШ сапарынан соң тыңнан қазығын қадап, қанатын жайған Халықаралық қазақ-түрік университетініне шақыру алған маман жоғары оқу орнында жұмысын жалғауға тура келген. Сөйтіп, екі мыңыншы жылдары бала-шағасымен Түркістан қаласына қоныс аударды. Осы тұста өз жүрегін тыңдап қараса, студенттерден гөрі мектеп оқушыларын дамытуға, жарыстарға қатыстырып, бейімін ашуға мүмкіндік аясы әлдеқайда кең екенін пайымдады. Сондықтан қаладағы Некрасов атындағы математика және ағылшын тілі пәндерін тереңдетіп оқытатын гимназияға ауысуына тура келііпті. Қазірде қолынан ұшырған қаншама түлектері ұстаз еңбегін ақтап, озық дарынымен танылып жүр.
Лиданың жары Темірхан Тұрсыматұлы алғаш өзі еңбек жолын бастаған ауыл мектебінен қара үзіп кете алмай, бір жерден зейнетке шыққанын айтады. Сол үшін ширек ғасыр Түркістаннан туған ауылға қатынап сабақ беруіне тура келген. Қызмет ауыстырамын деген азаматқа рүхани шаһардағы білім ордаларының қайсысы болсын есігі ашық, бірақ өзі жастайынан табан ізі қалған ауыл мектебін қимағандықтан, екінші жағынан туған жердегі арманшыл желкенінің келешегіне өзін жауапты сезінген үлкен жүректілігінен ол ұстаздық ғұмырын толық осы мектепке арнауды жөн деп шешіпті. Ауыл мектебіне келген алғашқы күннен бастап ақ тер, көк тер, жоқтан бар жасап, арнайы спорт кешені болмаса да жүректің жалынымен жас өркеннің басын құрап, футбол, волейбол командаларын шығарған еді. Енді сол енапат еңбектің жемісін жарты жолда қалдырмай, қайсар да қайтпас мінезді ауыл түлектерін тәрбиелеп шығарудың өзі неге тұрады? Ұстаз көңілі осыған қуанады, осыған марқаяды.
Дене тәрбиесі – жас өркенді бала жастан салауатты өмір салтына бейімдеп, келешек өз-өзіне сенімді, физикалық тұрғыдан ғана емес, интеллектілік тұрғыдан да төрт құбыласы түгел, күш-қуаты бойында, жігерлілікке баулитын негізгі пән ретінде есептеліп келгенін айтады. Ол қазір де сол маңызынан төмендеген жоқ. Елдімекендерде де біртіндеп спорт кешендері ашылуда. Әзірге Кейденде ауыл спортының желегін көтеріп тұрған жалғыз мекен – ауыл мектебі. Міне, сондықтан болар, кеше оқу жылының соңында өзі 33 жыл тер төккен мектебімен қоштасу рәсімі ретінде ауыл халқына турнир беруді жөн деп тауыпты. Турнирге өзі әр жылда ұшырған түлектері қалмай келіп, футбол және волейболдан өзара сайысып, жарыстың жалауын желбіретті. Осының өзі ұстаздың нешеме жылдар бейнетінің зейнетін көз алдына көсе-көлденең тосып, көңілін ерекше тасытты. Еңбегін елеп-ескеріп, еліміздің түкпір-түкпірінен құстай ұшып жеткен шәкірттеріне шын пейілді тілегін ақтарып, ағынан жарылды. Көңілі жасарып, жаны жадырады. Мына ұйымдастырып отырған шарасы өзі үшін де, өзінен кейінгі ізін басып келе жатқан әріптестері үшін де тағылымды іс, тәлімді өнеге болғанына іштей сенімі артты.
Бізге бұл жөнінде мектеп басшылығы тарапынан хабарласып, ардагер-ұстаздың ауыл халқына үлкен ас беріп, соңынан турнир ұйымдастырғалы жатқанын айтқан еді. «Жақсыны – көрмекке», осы игі шараға қатысып, зейнетке шығу рәсімінің өзімен де ел жүрегіне ой саларлықтай қадамға барып, ауыл халқына бас иіп, өткен еңбегіне есеп берген ұстаз бастамасынан – педагог қауымына деген құрметіміз одан әрі арта түскендей.
Бүгінде Темірхан мен Лиданың балалары түгел өсіп-жетілген. Қалада түрлі қызметтің құлағын ұстап елге қызмет етіп жатыр. Өскен елден қол үзбей, бүгінге дейін кетігіне кірпіш болып қалануды мұрат тұтқан Темірхан ағамыздың жүрек үнінен қуат алған азаматтық миссиясын есен-сау атқарып, ел алдында жүзі жарқын құрметті демалысына аяқ басуын ұстаздық ұлағаттың нақ өзі деген оймен тарқастық.
Баян Үсейінова




