Кіші командир Серікбай

«Қызыл жұлдыз» және әскери «ІІІ дәрежелі Даңқ» орденінің иегері Серікбай Беркінбаевтың жорық жолы туралы не білеміз? Әкесі Беркінбай Әйменұлы темір жолда еңбек еткен. Ескіше сауаты бар азамат жанында жүрген жұмысшылар арасында орысша тіл сындырып, кейін Түркістандағы арнайы курста оқып, куәлік алып бекет кезекшісі қызметін атқарған.
Серікбай Беркінбайұлы 1925 жылдың 4 тамызында дүниеге келеді. 1931-1933 жылдар аралығында үкімет теміржолда жұмыс істейтіндердің отбасына арнайы талонмен азық-түлік беріп отырған. Бұлар отыратын Бөріойнақ разъезінде мектеп болмауына байланысты жас өрен Аққұм бекетіндегі бастауыш мектепте оқиды. Ккейін оқуын Шиелідегі теміржолшылар балаларына арналған бюджеттік интернатта жалғастырып, 1940 жылы бітіреді. Мектеп бітірісімен еңбекке араласып, еңбек жолын Түркістан теміржол басқармасына қарасты сауда саласында бастайды. Осы салада есепші-сатушы болып жүрген 1941 жылдың маусымында соғыс басталады. Соғыс басталысымен өскен ортасына оралған Серікбай Жаңақорған райпотребсоюэына ревизор болып орналасады. Әскерге шақыру туралы қағаз 1942 жылдың маусымында қолға тиеді. Жаңақорғаннан аттанған жүзден астам жігіт алғашқыда Ташкенттегі жинақтау пункттен бір – ақ шығады. Бес айдай Самарқан қаласында №19 мергендер мектебінде жаттығудан өткен бұлардың №99 атқыштар полкы желтоқсан айының соңында эшелонға тиеліп батысқа жол тартады. Самарқанда өткен оқу-жаттығу барысында өзінің алғырлығымен, мергендігімен, тапсырманы мүлтіксіз орындайтын қасиетімен көзге түскен оған алғашқыда ефрейтор әскери шені беріледі. 1943 жылдың қаңтар айының ортасында Қалинин майданындағы генерал Рокоссовский басқаратын 16 армияның құрамындағы подполковник Александр Иванович Таратухин басқаратын №59 атқыштар двизиясына қосылады.
Серікбай қызмет ететін №99 жаяу әскер полкы осы бағытта бірнеше айлар бойы соғыс жүргізеді. Арасында 15-20 күн тылға жіберіліп, жаңа солдаттармен толықтырылып қайта алғы шепке аттанады. 1943 жылдың 17 маусымында Булыштыни аумағындағы Карпович және Матлово жырасының оңтүстігіндегі Сосно және Лозово өзенін кешіп өтіп жау шебін басып алып, немістерді қашуға мәжбүрлейді. Қашқан жауды тықсыра түскен дивизия жауынгерлері айналасы оншақты күнде 26 елді мекенді жаудан тазартады.
Бұлардың двизиясы шілде-тамыз айларында Смоленск қаласы бағытындағы соғыс қимылдарын бұрынғыдан да қарқынды жүргізе отырып алға жылжиды. 31 тамыз күні Смоленск облысына қарасты “Сафроново” ауданы жаудан толық азат етіледі. Осы арада Серікбай өзінің жеке басының ерлігімен көзге түсіп соңғы шайқаста немістің бір офицері мен 15 солдатының көзін жояды. Негізінде Серікбай ағамен бірге ауданымыздан Адиатулла Каюпов, Жаханша Сәдуов, Сейфулла Мырзаев бір полкте болған екен. Сейфулла кейін зенитшілер батареясына ауысып кетеді. Ол осы шайқаста үш жерінен – арқасынан, сол қолынан және аяғынан жараланса да алғы шепті, бөлімшесін тастап кетпеді.
Оның бұл ерлігі басшылық тарапынан елеусіз қалмай «За отвагу» жауынгерлік медалімен марапатталып, кіші сержант лауазымы беріліп, бөлімше командирлігіне тағайындалады. Ол осы бөлімше құрамында соғысты аяқтады.
Серікбай қызмет ететін полк тамыз айының соңына 306 атқыштар двизиясының қарамағына берілген. Бұлардың 938 атқыштар полкы демалысқа резервке жіберілді. Олар осы арада сиреп қалған қатарын толықтырды, қайта даярлықтан өтіп жаңадан 938 атқыштар полкі болып өзгерді. Серікбай да полк жанындағы медсанбаттан тиісті емін алып, қайта сапқа оралды.
Полк резервтен оралғаннан кейін І-Прибалтика майданы, 39 армиясының 5 гвардиялық (кейін Кенсисерго-Хинганский атанған) корпусы қарамағында 1944 жылдың 1 шілдесінде қайта майданға кірді. Құрамында бұлардың полкі бар дивизия Каунасты шабуылдау бағытында ұрыс қимылдарын жүргізді. Жоғарғы Бас қолбасшы дивизия жауынгерлері алдына Витебск қаласын алу туралы бұйрық беріліп, бар күш соған бағытталады. І прибалтика майданындағы 43 армиясы, 92 атқыштар корпусы, 306 атқыштар дивизиясының құрамындағы 938 полк жауынгерлері шабуылға шықты.
Қанды қасап бақандай 10 күнге созылады. Осы Витебск қорғаныс шебінің осал жерін табу Серікбай қызмет ететін 938 полкке тапсырылады.
Міне, осы шайқас барысында кіші сержант Серікбай Беркінбаев басқаратын атқыштар бөлімшесі жаудың бірнеше ату нүктелері мен танкін жойып, қалаға алғашқылардың бірі болып кіреді. Осы айқас барысында Серікбай ерліктің нағыз үлгісін көрсетіп жеке өзі оққа ұшқан солдаттардан өзге жаудың бір “Тигрын” және екі атыс нүктесін жояды. Он күнге созылған шабуыл нәтижесінде Витебск қаласы 10 шілдеде жаудан азат етіледі. Осы ерлігі үшін ол «Қызыл жұлдыз» орденіне ұсынылады. Ал дивизия сол күні 1944 жылдың 10 шілдесінде КСРО Жоғарғы Кеңесі Президумының жарлығымен «Қызыл ту» орденімен марапатталады.
Серікбай қызмет ететін полк мұнан кейін Риганың оңтүстік шығысын азат ету операциясына қатысып жолда ондаған қыстақтарды жаудан азат етеді. Қыркүйек айының ортасында олардың дивизиясы жаппай шабуылға шығып қазан айының 20 күні берілген тапсырманы ойдағыдай орындайды. Осы шешуші шайқас барысында Серікбайдың бөлімшесі немістердің ту сыртына шығып оны тылдан шабуылдап фашистердің 50-ден астам солдаттарын тұтқынға алып, бірнеше зеңбіректері мен қару-жарақ қоймасын басып алады. Оның тапқырлығы мен қарауындағы жауынгерлерін шығынсыз алып шыққанын бағалаған дивизия командирі генерал майор Кучерявенко оны «ІІІ дәрежелі Даңқ» орденіне ұсынады. Ал полк осы операцияны мүлтіксіз орындағаны үшін «Кутузов» орденімен марапатталады. Ол қызмет ететін полк соғыстағы ерлік жолын онан әрі жалғастырып Прибалтика мен Польшаны, Шығыс Пруссияны жау тырнағынан азат етуге қатысып соғысты Берлин түбінде аяқтайды. Толарсақтан қан кешіп жүріп жеңісті жақындатуға үлесін қосқан Серікбай Беркінбаев 1945 жылдың 15 наурызында жақын маңға келіп түскен снаряд жарықшағынан аяғынан жараланады. Сонда да алғы шептен кетпей ұрыс біткеннен кейін ғана дивизияның дала госпиталінде емдетіп сәуір айының басында алғы шепке қайта оралады. Жеңістен кейін олардың полкі тағы қараша айының соңына дейін Берлин комендатурасында болып, қала тәртібін сақтаумен, қалып қойған фашист қалдықтарын жоюмен айналысып, КСРО Жоғары Кеңесінің 1945 жылдың 28 қарашадағы жарлығымен 15 желтоқсанда елге қайтарылады.
Бейіт өмірге оралған Серікбай Беркінбаев 1946 жылдың 14 наурызында аудандық тұтынушылар одағына инструктор-ревизор болып қызметке кірісіп өмірінің соңына дейін осы салада еңбек етті. Осы мекеменің бас есепшісі, Бесарық, Елтай селолық тұтынушылар одағының төрағасы қызметтерін абыроймен атқарды. Арасында 1946 жылдың қарашасынан 1947 жылдың қарашасына дейін Шымкенттегі бір жылдық бухгалтерлік курсты тәмамдады. Серікбай аға 1946 жылы үйленіп зайыбы Мәлике екеуі 6 ұл-қыз өсіріп тәрбиеледі.
Кіші сержант Серікбай Беркінбаев 1970 жылдың 23 қаңтарында соғыс салған жарақаттың салдарынан мәңгілікке көз жұмды.
Ерубай ҚАЛДЫБЕК,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі