» » » Мәдениет саласының майталманы

Мәдениет саласының майталманы


Өз заманының дара тұлғасы жазушы Ғабит Мүсірепов «Біреулерді қызмет көріктендірсе, енді біреулер қызметке көрік береді» деген екен. Өзгелерден бөлек ерекше қабілет-қарымы бар, ішкі жан дүниесі бай, ойға көсем, сөзге шешен, мәдениет пен өнердің жанашыры Мәдениет Тотаев ағамызды осы қатарға жатқызуға әбден болады.


Саналы ғұмырын ауданның мәдениет саласына арнаған Мәдениет Тілеуұлының елге болсын деп тұратын қасиетіне көпшілік тәнті. Мәдениет саласын басқаруды біреулер оп-оңай шаруа көруі мүмкін. Әр саланың өз қызығы мен шыжығы болады ғой. Көп мәселенің түйіні сол саланы басқаратын басшының іскерлік қабілетіне де тікелей байланысты. Бұл ретте Мәдениет ағаның орны тым бөлек екенін ел де жақсы біледі.
Мәдениет Тілеуұлы 1955 жылы 4 сәуір күні Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, «Мәдениет» колхозында дүниеге келген. Әкесі ұлының есімін осы ауылдың құрметіне Мәдениет деп қойыпты. Талап ауылында туған перзенті «Талап» деген есімді еншіледі. Меніңше, адам есімі өмір жолын таңдауға, алға талпындыруға ұмтылдырған секілді. Жастайынан өнерге жақын болып, ауылда ән айтып, көпшіліктің батасын ала бастаған екен. Содан мектепті бітіргеннен кейін Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы мәдени ағарту институтында «Мәдени жұмыстарын ұйымдастыру» мамандығын оқып бітірді.
Еңбек жолын 1981 жылы аудандық мәдениет үйінің әдіскері қызметінен бастады. Бұл жайында Мәдениет ағаның өзі былай деп еске алды:
– Кезінде Әмір Мәжитов, Есіркеп Қоңқабаев және Манап Көкеновтермен бірге еңбек еттім. Актерлік қабілетімді ұштап, халық театрында 20-дан астам рөлді сомдадым. Әр рөлді өн бойымыздан өткізіп, халыққа шынайы жеткізуге тырыстық. «Дала жұлдыздары» мәдени үгіт бригадасымен түрлі бағдарламаларды сахналадым. Авторлық бағдарламалар жазып, театрландырылған қойылымдар қойдым. Біздің өнер ұжымы бүкілодақтық өнер байқауынан екі мәрте жеңімпаз атанды,– дейді. Өмірінің жарқын тұстарын мәдениет саласына жұмсаған кейіпкеріміз бүгінде Бейбарыс ауылдық «Жас дәурен» мәдениет үйінің директоры қызметін атқарып келеді.
Өнер адамын құрметтеу – мәдениеттіліктің белгісі. Өнер өкілінің шығармалары әрдайым халықтан жоға­ры бағасын алды. Атап айтсақ, «Әзіл – сықақ» отауы, «Алғашқы махаббат», «Емтихан тапсыру», «Мәдениет – думан», «Топжарған», «Көшбасшы», «Жаңақорға­ным жасыл орманы», «Сарбаздар сазы», «Шипажай вальсі» әндерінің авторы.
Мәдениет Тілеуұлының 70 жасқа толған мерейтойын әріптестері атап өтті. Аудан әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов, ардагерлер Пахмадин Айнақожаев, Серқожа Ыдырысов, мәдениет саласының ардагерлер кеңесінің төрағасы Набихан Шалапов, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әбілхайыр Сыздықов сынды азаматтар мерейтой иесіне құттықтауларын жеткізді. Мәдениет ағамызға "Ауданның құрметті ардагері" атағын беріп, төсбелгісін тақты.
Сондай-ақ, тойда қонақтар естелік, тілек айтып, Мәдениет Тілеуұлының ұжымдастары мен шәкірттері автордың әндерін шырқап, көңілін көтеріп қайтты.

Әсел РЗАЕВА

08 сәуір 2025 ж. 285 0