№21 (8835) 23

23 наурыз 2025 ж.

№20 (8834) 18

18 наурыз 2025 ж.

№19 (8833) 15

15 наурыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31 
» » » Наурыз – құт пен береке бастауы

Наурыз – құт пен береке бастауы


Наурыз – жаңару мен жасампаздықтың, бірлік пен берекенің символына айналған ұлттық мереке. Бұл күні табиғат оянып, күн мен түн теңеліп, жаңа өмір басталады. Қазақ халқы үшін Наурыз жыл басы ғана емес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтар ұлықталатын ерекше мейрам.
Бейсенбі күні кент орталығындағы «Prime Park» орталық саябағында өткен «Армысың, Әз Наурыз» тақырыбында өткен мерекелік кешке облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты жанындағы Сенаторлар Кеңесінің мүшесі Мұрат Бақтиярұлы, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеумбетов арнайы келіп қатысты. Алдымен сөз алған облыс әкімі тұрғындарды Наурыз мерекесімен құттықтап, атқарылған жұмыстарға тоқталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы кешегі құрылтайда сөйлеген сөзінде «Ұлыстың ұлы күнінде ұрпақтар сабақтастығы, достық қарым-қатынастар мен қонақжайлық салты дәріптеледі. Тереңнен тамыр тартатын құндылықтарымыз, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету дәстүрі ерекше салтанат құрады», – деген болатын. Президент бастамасымен өткен жылдан бері елімізде Наурыз мейрамы 10 күн бойы тойлануда. Ұлыстың Ұлы күні Сыр өңіріне толайым жаңалықтарымен келді. Биыл – еліміз, өңіріміз үшін мерейтойлар жылы. Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл, Қызылорданың Қазақ елінің астанасы болғанына 100 жыл, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, Байқоңыр ғарыш айлағының ашылғанына 70 жыл, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы кең көлемде аталып өтеді. Жақында ғана Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы құрылтайдың келесі 5-ші отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынды. Алқалы жиынды Сыр елінде өткізу туралы қабылданған тарихи шешім аймақ жұртшылығының мерейін асқақтатты. Президент халқымыздың «қазақ» деген байырғы атауы қайтарылған, тарихи әділдік орнаған Қызылордадағы маңызды оқиғалар ел жадында сақталуға тиіс екенін атап өтті. Бұл – біз үшін зор мәртебе, Президентіміздің Сыр өңіріндегі атқарылып жатқан жұмыстарға берген оң бағасы.
Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаған Наурыз мейрамы тәуелсіз елімізге, туған жерімізге игіліктерімен, жаңалықтарымен келсін! Жеріміздің тынысы кең, еліміздің мерейі үстем, халқымыздың келешегі кемел болсын деп тілеймін! Әрбір шаңыраққа бақ-береке, шаттық, қуаныш орнасын! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Әз Наурыз құтты болсын!», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Одан әрі, ауданымыздың дамуына үлес қосқан белсенді азаматтар облыс әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталып, Қызылорда облысының құрметті азаматтары Бекмырза Еламанов, Нажмадин Мұсабаевтар көпшілікке ақ тілегін айтты.
Иә, көктемнің келуімен қатар, адамдар арасындағы татулық пен бауырмалдықты, мейірімділік пен жылулықты дәріптейтін мерекеде Хорасан ата көшесінің бойына ұйымдастырылған ауылшаруашылығы өнімдерініңі жәрмеңкесі өтіп, жұртшылыққа табиғи таза өнімдер ұсынылды.
Сонымен қатар, ұлттық спорт күніне орай түрлі спорттық ойындар ұйымдастырылып, кіл мықтылар шеберліктерін көрсетті. Осы күні ұлттық салт-санамызбен сабақтасқан дәстүрлі рәсімдер де назардан тыс қалған жоқ. Балдырғандарға арналған тұсаукесер рәсімі, айтыс, сырнаймен ән шырқап, термені төгілткен айшықты көріністер көңілді жылытты. Алтыбақан басында ұлттық әндер шырқалып, халық көтеріңкі көңіл-күйге бөленді. Қолөнер көрмесінде шеберлер өз туындыларын ұсынып, қазақ халқының бай мәдениетін таныстырды. Ал, этнографиялық жасау-жабдықтар қазақ ауылының ажарын тірілткендей болды.
Сондай-ақ, күн мен түннің теңелуіне орай арнайы сахналық қойылым ұйымдастырылып, әншілер әннен шашу шашып, би өнерінің майталмандары өз өнерлерімен көрермендерді тәнті етті.
Ұлыстың ұлы күніне арналған бұл мереке – ұлттық дәстүр мен рухани байлықтың ұлықталған күніне айналып, жиналған қауым Наурыздың сәні мен салтанатына куә болып, көктемнің шуағына бөленді.
Биылғы наурыз тойының ең басты ерекшелігі салт-дәстүрлер кеңінен насихатталды. Қазақтың «Құда түсу», «Сырға салу», «Беташар», «Сүндет той», «Бесік той» рәсімдерін орындаған мек­теп ұжымдары көпшіліктің назарын аударды. Солардың қатарын­да №286 тірек мектебінің «Беташарына» халық қалаулылары, белгілі азаматтар қолдау берді. «Бекшолпан» балабақшасы тәрбиешілерінің ұсынған ас мәзіріне қариялар дәм татты.
Аудан көлемінде «Ауылға аманат» бағдарламасы мен «Қайтарымсыз грант» иеленген кәсіп иелері тауарларын алғаш рет жәрмеңкеге алып шықты. Солардың қатарында «Байбол» макарон өнімдерінің иесі Еркінбай Сартайұлынан арнайы сұхбат алдық.
– «Әр қазақ бай болсын» деген ниетте кәсіп атауын қойдым. Нарықты зерттеп қарасам, біз шетелдің макаронына тәуелді екенбіз. Бірнеше цехтің жұмысын зерделеп, жұмысымен танысып, ауданнан ашуды ұйғардым. Біздің ауданда 90 мыңға жуық халық болса, күніне 40-50 келі макорон тұтынады деуге болады. Біз әзірге аудан халқының 10-12 пайызын қамтып отырмыз. Өнімдеріміз барлық дүкенге қойылды, – деді ол.
Жәрмеңкедегі «Қазақы шұжық» таза сиыр етінен жасалған. Құрамында артық химиялық заттар жоқ, табиғи жолмен тазар­тылған. Келісі 3500 теңге. «Нұр» базардағы дүкендерден табуға болады. Кәсіпті кеңейтіп, бірнеше құрал-жабдық алуды көздеген Гүлмира Оспанханованы халық та қолдайды деп сенеміз.
«Қыраш» кірсабыны да елдің назарын аударды. Бір данасын 170 теңгеге бағалап отырған «Қадіржан» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Индира Сұлтанбекова кір сабын бизнесі жайында сөз етті. «Күндіз – мұғалім болсам, кешке кір сабын қайнатамын. Ауылдағы ағайыннан тоңмай, іш май, қалдық майларын жинап, сексеуіл күлін кәдеге жаратып келемін. Бір қайнатпадан 300 сабын шығады. Енді осы сабынды қаптап, заманға сай еткім келеді» деді ол.
«Жаңақорғандық қағазы» әжетхана қағазын шығару өндірісінің ашылғанына 3 жыл толды. Шикі өнімнің тапшылығы қолбайлау болып, бірнеше ай тұралап қалған кәсіпке жан бітіпті. Қалдықтарды қайта өңдеуді құптаған жергілікті кәсіпкер Шолпан Сүлейменова бірнеше кәсіпті қатар ұстап келеді.
Тарихы тереңде жатқан қазақ домбырасын кәсіпке айналдырған Қосүйеңкі ауылының ағаш ұстасы Оспанхан Мұсаев, «Қыз жасауы» кәсібін қолға алған Айнұр Бекназарова ұлттық мерекенің мерейін арттырды.
Иә, Наурыз – жаңару мен ынтымақтың, береке мен бірліктің мерекесі. Табиғатпен үндескен бұл ұлы күн халқымыздың салт-дәстүрін дәріптеп, ұрпақтар сабақтастығын жалғайды. Күн мен түн теңескен қасеитті мереке барша жұртқа шаттық пен молшылық әкелсін!

Айсұлу АЛДАНАЗАР,
Мақпал ПАТЕНОВА

23 наурыз 2025 ж. 120 0