№22 (8836) 29

29 наурыз 2025 ж.

№21 (8835) 23

23 наурыз 2025 ж.

№20 (8834) 18

18 наурыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31 

Әже



Жүзін айқыш-ұйқыш әжім торлаған, ақ күміс шашы селдіреп қалған, аяғын әрең алып басып жүрсе де біздің балалық қиялымызда бәрінен күшті, бәрінен де қайратты көрінетін әжеміз бір күні мүлде келмеске кетіп қалады-ау екен деген ой болмапты.


Бүкіл балалық бал дәуреніміз өткен шалғайдағы шағын ауылға күніне үш рет қатынайтын автобустың уағы жақындағанда әжемізді келіп қалар ма екен деп дәу көшеге бұрылар беттегі шеңгел қора жаққа қарайлап жүретінбіз. Араға жиырма күн, ары кетсе бір ай, одан әрі хабарсыз жата беруге дәті жетпейтін әжеміздің біздің көшемізге бұрылатын қиылыстан қарасы көрінгеннен жарыса жүгіріп алдынан шығатынбыз. Жасырып не керек, әжемнің өзінен гөрі қолындағы сары сөмкесі қымбаттау көрініп кететіні де рас. Өйткені оның ішінде міндетті түрде әжем бізге арнайылап сатып алатын қатты тоқашқа толы қалта бар. Бұл неге жұмсақ болмайды деп бір ойланбаппыз. Ол да бір қайталанбас қызық сәттер екен ғой.
Әжем жарықтық ырсылдап әрең жүрмін демейді. Ертесіне -ақ бел шешіп тірлікке кірісіп кетеді. Он алтысында келін боп түсіп, отағасының көңілін бір, бәйбішенің көңілін екі табам деумен үйдің бар шаруасын көнбістікпен арқалап, бейнеттен қолы босамаған әжемнің қартайса да жәй қарап отыруға жаны қас. Өзі жоқта көп болып жиналып қалған жүн-жұрқаны жуып-тазалайды, сабаумен сабайды, қолмен түтіп, ұршық алып иіруге кіріседі. Бұл тірлікке біздің де қолқабысымыз тиеді. Әжемнің көрсеткеніндей қып істеген боламыз, бірақ мақтау естіген кезіміз есімде жоқ. Әжем көктеп, күн көзіне жайып қоятын жүн көрпелердің жұмсағын айтсаңшы. Рахаттанып жамылып аламыз. Сол тірліктің бәрін істеп, титықтаған әжем бірауық демалып отырғанда көңілінде тұратын өкініштері толықсып кеп тіліне оралатыны бар. Ол айтқан сөздерін айналасында ойнап жүрген біздердің қалқиған құлағымыз қағып алып, бала қиялдан өткізгенде онша қуана қоймаймыз. Әжемнің келініне, яғни біздің шешемізге көңілі толмай өз-өзімен күңк-күңк кейіп отыратыны, оның қасында отының басынан ұзамай, күнұзақ жүн бояп, киіз басып, онысын аптасына бір рет Шиелінің базарына апарып сатып келетін көрші келіншек Тұрсынкүлдің аяғын жерге тигізбей мақтайтыны қызық. Отырып-отырып «Иии, балама осы Тұрсынкүлді алып бергенімде ғой, мына жүнді ыбырсытпай неше текемет басып тастар еді» деп бармағын тістеп өкінеді. Бұл сөзін әке-шешеміз жұмыстан келе сала жамырасып жеткізуге асығамыз. «Апа-ау, менің бір айлық жалақыма жеті киіз келеді,-дейді анам ақталып. Мұны естіген әжем кәдімгідей жұмсарып қалады. Бәрібір бір-екі күннен кейін баяғы әніне қайта басады.
«Әктеп шешелеріңнің қолы тиюші ме еді, ең болмаса сендер үйреніңдер, - деп бізді осы бейнетке салып қоюға тырысады. Әйтеуір жақпай қалмайық деп барымызды салған боламыз. Десек те екі ересегіміз сабақта, мектеп жасына жетпеген қалғанымыз жүн сабап қатырғанымыз қане, таяқты шошаңдатып ойнап кетеміз. Жәй демалысының өзі ырсылдап әрең жүрген әжем тұра соңымыздан ұмтылғанымен ұстатпасымыз анық. Бәрі жан-жаққа пыр ете қалады. Әжемді аяп кетем-ау, қашпай-ақ қояйын деп күтіп тұратыным есімде. Тым болмаса біреуімізді жақсылап ұрып ашуы басылсын деген ой. Жарықтық әжеме қолдан келген бар жақсылығым осы болды.
Бір күндері әжем өзі отырған қарорнын сағынады ма, қайтқысы келеді. Қайтам деп келін-баласына айтуға бата алмай жалтақтап бір-екі күн жүреді. Әлденеден себеп тауып, өкпелеп, тас бүркеніп жатып та алады.Үйдегілер түсінеді. Көп ұзамай,өзіне арнайы жіберілген көліктің ішінде апам алып берген су жаңа көйлегін құнттай етіп киіп алған әжем бір немересін алдына отырғызып балаша қуанып кетіп бара жатады.
Аңқау да адал, тірі жанның бетіне жел болып тиіп көрмеген момын, сәби сынды неге де болса сенгіш те көнбіс әжемнің көкірекке түйгендері де аз емес екен. Бір күні ішіп алған дап-дардай кісі үйге қыдырып келген оқушы жасындағы ағамызға көшеде соқтығысып соңынан қуып келсін. «Дап-дардай азаматтың мұнысы несі, жас балада не өші қалды? Мен оның келіншегін жұмысқа тұрғызып, жақсылық жасап жүргенде алған рахметім осы болды ма? деп жаси сөйлеген келініне: «Бір тентектің білместігін кешірмесең білгендігің қайсы? Жақсылыққа жақсылық істей алар әр кісі, жамандыққа жақсылық істей алар нар кісі» деген әжемнің пәтуалы сөзі анамыздың көңіліндегі кейістіктті лезде шайып жібергендей еді.

«Әжем қатты ауырып жатыр» деген хабар жетіп үйдегілер опыр-топыр жиналып, аудан орталығына жүріп кетті. Түнге қарай да келмеді. Ертесіне тұрсам, әпкем ебіл-дебіл жылап жүр. Менен үлкен естиярлау ағам: «Әжем қайтыс болыпты» деді қабағы қатып. Мен жылай алмадым. Бірақ қатты бірнәрсе тамағыма кептеліп не ары өтпей, не бері өтпей түйіліп тұрып қалғандай болды.Түйсінгенім, әжем енді келмейді, ешқашан келмейді. Сөмкесіне толтырып салып алып келетін қатты да болса тәтті тоқашын бір-бірлеп бізге үлестірмейді. Қысқа ғана, томпиған мәсі киген аяғын созып жіберіп жайланып ең кішкентай немересін алдына отырғызып, «лә-илаһа-иллалаһты» айтып әлдилемейді. Осы ойлардан кейін барып көзімнен ащы жас ыршып-ыршып кетті.

Кейін өзіміз де өзге босағаны келін болып аттадық. Ата-ене тәрбиесін алдық. Кейде өз енемнің қылықтары әжеме ұқсап кететіндей болатын. Таусылып жүріп тесігімізді түгендеп, жыртығымызды жамаудан өзге жаманшылығы жоқ осы қамқор аналарымыздан біз де бір күн айрылып қаламыз-ау, сонда ғана барып тірлігінде неге қадіріне жетпедік екен, кейігенін кешіріп, кәрі көңілін өсіріп, тапқан тәуірімізді иығына іліп, неге ғана көл-көсір ықыласын алып қалмадық екен деп өкінеріміз бар-ау, ей, абысын-келін, жеңгелер? Бірақ ол кезде бәрі кеш болады ғой…, кеш…
Мен ойлаймын, күннен-күнге бір жасқа қартайып, қайраты кеміп бара жатса да бес уақыт намазын қаза қылмай, отбасының амандығы мен берекесін тілеуден жаңылмайтын ниеті түзу, пейілі ақ әжелеріміздің осынау ғибадаты біздің әрбір атқан таң, жаңа күндерімізге таусылмас ырзық пен несібе дарытып жатқан шығар. Жаратушыға еткен ынты-шынты құлшылығымен өздерінің де азды-көпті күнәлары жеңдерінен төгіліп, күннен-күнге тазарып, пәк көңіл сәбиге айналып бара жатқан бала мінезді батагөй аналарымыздың ризалығы мен алғысын ала білгенге не жетсін.Өйткені өзіміз де нақ осылардай әже боламыз ғой…әже…

Баян Үсейінова

08 наурыз 2025 ж. 256 0